Алтын медаль – Ақжолда
27 ақпан мен 4 наурыз аралығында Дубайда өткен Паралимпиада ойындарында пауэрлифтингтен Әлем кубогында қарағандылық 19 жасар зілтемірші Ақжол ЖАРЫЛҒАПОВ алтыннан алқа тақты.
Дүбірлі додада әлемнің 33 мемлекеті, 190 спортшысы сынға түсіп, қарым-қабілеттерін байқатты. Қазақстанның құрамасында әлемдік бәсекелерде өнер көрсетіп жүрген Ақжол бұл жолы да намысты қолдан бермеді, алтын медальды жеңіп алды. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранын шырқатты. Тірек-қимыл мүшелері зақымдалған жандар арасында пауэрлифтингтен облыс чемпионы, спорт шебері Ақжол Қайратұлы жарыс барысында 100 келі зілтемірді еркін көтеріп, рекорд жаңартты. Бұған дейін пауэрлифтингтен жас спортшы 2015 жылы Азия чемпионатында үшінші орынды еншілеп, республикалық, облыстық, қалалық жарыстардың сан мәрте жеңімпазы атанды.
Пауэрлифтинг – яғни, зілтемірді шалқалап жатып көтеру спортына үш жылдан бері бауыр басқан Ақжол Жарылғапов – көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледждің студенті. Бапкері Қабдолла Жөкенов шәкіртінің осы спорт түрінен бұйыртса бірнеше дүркін чемпион боларына сенімді. Олай болса, Ақжолға ақжол тіледік!
Нұрдос КӘРІМ