Алтын діңгек Астана
Астана – біздің он үшінші елордамыз екен. Мұның өзі қасиет емей немене?! Себебі, «Он үште – отау иесі» деген қазақпыз!
Тәуелсіздік таңы атқалы өшкеніміз – жанды, өлгеніміз – тірілді. Ата-бабамыздың сан ғасырлық арманын көзбен көру – бізге бұйырды. Демек, неге жырламасқа, жарыса жазбасқа?!
Бастысы, халқымыз өліара шақта – Тәуелсіздік алған сәтте дұрыс таңдау жасады. «Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығардық» (Қаздауысты Қазыбек би). Еліне етене Елбасын сайладық.
Міне, содан бергі ширек ғасырда Қазақстанды Жер-жаһан таныды. Әлемдік ареналарда көк Туымыз желбіреді, Әнұранымыз шырқалды, абыройымыз асқақтады. Еншіміз – елдігімізбен еселенді!
Сөз басында айттық, Астана – он үшінші елордамыз деп. Отаудың ордасын тігу, тәуелсіз Қазақстанның елордасын Алматыдан Ақмолаға көшіру идеясы – ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі.
Ұлт Көшбасшысы айтқандай, «Қазақтың тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ!». Иә, біз – ит-құсқа құл болмаған, құлдырауда жігері құм болмаған Ұлы Дала еліміз!
Әйтеуір, жазуға дерек негіз болуы шарт. Зерттеулерге, фактілерге сүйенесіз.
«Он үш» деп топшылауымызға «Астана қаласының тарихы» деген жазба мұрындық болды. Авторлары – Н.Жанаева, М.Мейірбеков. Олар «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», «Еуразия жүрегінде» кітаптары мен «Астана» қоғамдық-саяси, танымдық журналын басшылыққа алған.
Сонымен, тарихымыздағы астаналардың бастауы Ордабазардан бері таратылыпты. Әлкей Марғұланның жазбаларына сүйенсек, Алтын орданың хан ордасы болған бұл қала біздің аймақтағы Кеңгір өзенінің бойында орналасқан. Одан берідегі елордаларымыздың тізімі Астанамен түйінделеді. Ұзын саны – 13.
Бірден қағазға шұқшиып, қалам тербеуімізге себеп – киелі санның көзге оттай басылуы. Бодандықтан бас арылтқан, отау тігіп, олжа салған шағымызда бағаналы орданың қазығын қақтық. Отаудың иесі, Отанның иесі – қазақ халқы екендігін паш еттік.
Осыдан 20 жыл бұрын. «Батырлар сайран салған Сарыарқаға» (Мағжан) ақбоз үй – Астананы тұрғыздық.
Жасыратын несі бар, елорданы көшіру туралы шешімнің жемісті боларына, Астананың ертеңіне күмәнмен қарағандар да болды. Бірақ, бұл – шын мәніндегі тарихи таңдау екендігін уақыт көрсетті. Қазіргі күні Астанада алты Алаштың ғана емес, алты құрлықтың түйткілді мәселелері талқыланып, оң шешімін тауып келеді. Ғылымның жетістіктері, экономиканы жаңғырту жолдары, бейбітшілікті сақтау туралы байламдар Астана төріндегі басқосулардың өзегіне айналды. Осы қалада мәдени шаралар да шымылдығын түріп, спорттық бәсекелердің алауы жағылуда.
Көздің жауын алатын көрікті шаһар күн санап өркендеп, гүлденіп келеді. Елдегі еңкейген қариядан, бесіктегі балаға дейін Бас қаламызды көруге асық. Шетелдік туристердің де ажарлы Астанаға қызығушылығы басым.
Астана – айбынымызды асырып, ырысымызды тасытатын қала!
Елорда – еліміздің, Еуразияның жүрегі!
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.