Жаңалықтар

Алтын да, күміс те қос-қостан

Бокстан Белградта (Сербия) өткен байрақты бәсеке өз мәресіне жетті. Бұл біріншіліктен қос бірдей оғланымыз Сәкен БИБОСЫНОВ пен Теміртас ЖҮСІПОВ алтын асынып, жеңістің жалауын желбіретіп қайтты.

Ақтық сында алаңға алғаш болып шыққан Теміртас Жүсіпов 48 келіге дейінгі салмақ сапында тайландтық Вуттичай Юрачайді айқын басымдықпен ұтып, ел қоржынына алғаш алтын салды. Ел үмітін арқалаған Сәкен Бибосынов та, америкалық Рискоу Хиллді тізе бүктіріп, жеңіске ие болды.

– Олимпиададан кейін қайтадан шыңға шығу өте қиын. Токио ойындарынан кейін екі апта демалып, қайтадан жаттығуға кіріскенбіз. Сол кезде Сәкеннен қайталап сұрадым. «Мүмкін, қатыспай-ақ қоярсың, демаларсың» деген ой болды. Бірақ ол өз ойынан айнымай, Олимпиадада кеткен есесін қайтаратынын айтты. Мінеки, тынымсыз дайындалған Сәкен сөзінде тұрды, әлем чемпионы атанды. Мұның бәрі еңбекпен келді. «Еңбек бәрін жеңбек» деген сөздің дұрыстығын дәлелдеді, – дейді жеңімпаздың жеке бапкері Мырзағали Айтжанов.

Ал, 54 дәрежеге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Махмұт Сабырхан жапониялық Томою Цубойға есе жіберіп күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ, 57 келіге дейінгі салмақта америкалық Джамаль Харви отандасымыз Серік Теміржановтан айласын асырды. Осылайша, ұлт құрамасы әлем біріншілігінен жалпы командалық есеппен II орынды еншіледі. Сонымен қатар, Олимпиададағы ең мықты боксшыға берілетін «Вэл Баркер» кубогы бұл жолы жаһан біріншілігінің қорытындысы бойынша 63 келі салмақта топ жарған кубалық Энди Круз Гомеске табысталды. Ол – биылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы һәм үш мәрте әлем чемпионатында топ жарған спортшы.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button