Поэзия
“Алтын дәптер…”
(Бүгінгі өлең)
Шыңғыс қағанның шығасы-тегі
«Алтын дәптерде» жазылған.
Сайын даланың бұла түлегі –
Бұрынғы жыр мен қазіргі ән.
Сізде де «Алтын дәптер»
болған-ды –
Туашақ томдар бұлағы.
Тарихты Сізше ақтарғандардың
Тарихта қалар тұрағы.
Жорыққа берген кенеулі кезін
Жосынын алып батырдың;
Еуразияның елеулі сөзін
Ертістің суындай сапырдың.
Адамды жаздың бүтінделе алмай,
Жарылып кеткен жармақ боп.
Заманды жаздың күтім
көре алмай,
Запыран құсқан қарғап көк.
Сізде де «Алтын дәптер»
болған-ды,
Тоғыз тарихты сұраған;
Алтауын жаздыңыз.
Алтын Ордаға
керек-ау екі-үш роман…
Жасай бер, Аға.
Баршын құс қонса,
Балдақтай берік кезіңіз.
Ғаламның қағаны хан Шыңғыс
болса,
Қаламның қағаны – Өзіңіз!
Абзал БӨКЕН,
ақын, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері