Игеновтер шағын мемлекетінің шаңырағы шуақты
Құдай бере салған балапандары үйді «базарға» айналдырған. Осыдан он алты жыл бұрын шаңырақтың уығы қадалған еді, қазір ордалы отбасы.

Отағасы Өмірхан Ақымашұлы – үйіндегі он екі баланың оныншысы. Жары Гүлырысты Қамиқызы да он балалы отбасында өсіп-өнген. Бала кезінен көпшіл, бауырмал болып өскен екеуінің содан да болар үйлерінен кісі арылмайды. Келген мейманын төрге оздырып, төредей күту – екеуінің де көріп өсіп, өнеге еткен тәрбиелері.
Екеуі де еңбекті сүйеді. Бала кезінен көліктің, техниканың тілін жетік меңгерген Өмірхан сүйікті ісін кәсіпке айналдырып отыр. Көліктің кез келген ақауын анықтап, оны қалпына келтіру – күнделікті салтына айналған. Алғашында көлік жөндеу орталығынан орын жалға алып, жұмыс істеп жүрген оған жеке нысан салып алу туралы ой келеді. Осыдан он жыл бұрын Қарағандыдағы «Күнгей» ықшам ауданынан жер алып, жары екеуі адал еңбектің арқасында еңселі үй тұрғызды. Қазір балаларына алаңдамайды, емін-еркін өз аулаларында, көз алдарында асыр салып ойнап жүр. Жары Гүлырысты да ауылда өскендіктен шаруаға ширақ. Үй тұрғызарда жолдасына бір өзі қолғабыс етеді. Бастысы, қолдарынан келеді. Сөйтіп, үйінің іргесінен жер алып, 250 шаршы метр болатын нысан салады. Алты көлікке орын бар. Көліктің май-суын ауыстырып, қозғалтқышы, қозғалыс қорабы секілді кез келген бөлшекті жөндеп шығарады. Қазір бір өзі ғана еңбек етеді. Қолғанаты – екі ұлы. Қолғабыс етіп жүрген екі ұлының да қолы епті. Осылайша, ол балаларын еңбекке баулып жүр. Алдағы күндері кәсіп нысанын өзге шеберлерге жалға беріп, табысын арттыруды ойластырып отыр.
Отанасы Гүлырыстының да қолынан бал тамады. Ол да өзінің кәсібін ашып, отбасылық табысқа тәп-тәуір үлес қосып отыр. Нан себеттерін әзірлейді. Үйде отырып-ақ той-томалақ пен құдалыққа тапсырыс алады. Тіпті, ет ыстайтын құрылғысымен жылқының қазысын, жаясын, үйректі де дәмді етіп даярлайды. Әсіресе, осы кәсіп түрінің дәурені жүріп тұр. Шұжықтың да түр-түрін жасайды: батырдың білегі, ержігіт шұжығы, әсіп, сервелат.
«Әрі табиғи өнімімізді өзіміз тұтынамыз, әрі шағын бизнесіміз», – дейді. Айтпақшы, жақында мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алыпты. Ол қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар алуды жоспарлап отыр.
– Жолдасым екеуміз балаларымызды барынша адал еңбекке тәрбиелеуді өмірлік мұратымызға айналдырдық. Бала кезінен бастап жұмсап, өзімізге қолқанат қылдық. Қазір соның қызығын көріп отырмыз. Әкесіне екі ұл, менің асүйдегі шаруама екі қызым көмектеседі. Қазы айналдыру, шұжық еттерін әзірлеуді, түрлі дәмдеуішін келтіріп, оны ыстап, кептіруді қыздарым да әжептәуір үйреніп алды. Соған қуанамын. Асүйдегі шаруаға әбден пісті. Шаруа істеп жүріп, әкесі мен ұлдары, анасы мен қыздары болып сырласамыз. Бастысы сол, балаларымыз білімді, еңбекқор болып өссе деген әр қазақтың арманы бізде де бар. Және соған жағдай жасау үшін еңбектенудеміз, – дейді шаңырақтың анасы.
Балалары да жан-жақты. Үлкен қыздары Шұғыла анасына тартқан өнерлі. Сурет салу үйірмесіне үзбей барады. Іс тіккенді де ұнатады екен. Болашақта архитектор болуды армандайды. Ал, ұлдары Ерсұлтан домбыраны шебер тартады. Бала кезінен әнге қабілеті барын байқаған әке-шешесі бірден үйірмеге беріпті. Онымен қоса, кітап оқығанды жаны сүйеді екен. Дастархан басында оқыған кітабынан түйген ойды үйдегілерімен талқыға салатын отбасылық дәстүр қалыптастырыпты. Алтынтөре роботтехникасына бейім. Бала кезінен ойын конструкторын құрастырған көрінеді. Және жақын күндері қазақ күресіне береміз деп отыр ата-анасы. Кішкентай Шахназ биші болуды армандайды екен. Ал, кенже бүлдіршіндері Аруназ жақында бір жасқа толады. Барлығы кішкентай балапанның тәй-тәй қадамына тәнті болып жүр.
Шаттыққа бөленген шағын мемлекет ұлттық құндылықтарды жоғары бағалайды. Әкелері Өмірхан үйінің ауласына киіз үй тігіп қойыпты. Ала жаздай асты қазақы үйден ішеді. Киіз үйдің ішінде қамшы, қасқырдың терісі секілді көрнекіліктер тіпті көрік беріп тұр.
– Өзіміз бала кезде киіз үйде өстік қой. Сол себепті, қазақы қасиетті ұғынып өссе екен дейміз. Бойларына ұлттық тәрбие сіңірсе, ұлтқа жаны ашитын болады, – дейді Өмірхан әкелері.
Айтпақшы, бұл шаңырақ үшін әр жұма Отбасы күні екен. Жұманың кешінде дәмді ас дайындап, дастархан басында жиналып, бір-біріне сыйлық үлестіріп, аптаның қалай өткенін талқылап, демалысқа жоспар құру өмір салтына айналған.
Ата-әжелері мереке сайын, туған күн сайын келіп тұрады. Күнгейдегі шаңырақтары – қаладағы үлкен үйлері. Барлық ағайын-туыс ауылды аңсаса Өмірхан Игеновтің үйіне жиналады. Өйткені, бұл үйдің босағасы алтын!
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»