Жаңалықтар

Алтын қазық

Ұлылықтың байрағындай, ұлттық рухтың қайнарындай болған қасиетті Ақтоғай өңірі – жүрегі қазақ деп соққан кез-келген жұмыр басты пенде баласына өз туған жеріндей ыстық көрінсе, таң қалмаңыз. Өйткені, бұл топырақта ұлттың ұпайын түгендеген Алаш арыстарының кіндік қаны тамған. Себебі, бұл жер – азаттық үшін аттан түспеген баһадүр батырлар мен сүйегіне сөз сіңген аймаңдай ақындардың, көмейі күміс, таңдайы жез, әйдік әншілердің отаны. Ал, олар Абай һәкім айтқандай, «атаның емес, Адамның баласы» еді. Исі қазаққа ортақ тұлғалар болатын.

Иә, Тоқырауынның топырағы толғатса тектілерге ғана толғатты. Ақсораңның қиясы – ән мен жырдың ұясына айналды. «Манарбек, қайран Әсет, Күләш үні, Қазақтың өнерінің шын асылы. Ақтоғай – Сарыарқаның төріндегі Әнінің асқақ біткен бір асуы» – деп, өнерімен өрге озған өлкені талай ақын жырына арқау, тіліне тиек етті.

Тарихтың тозаң тұтқан парақтарын ақтарып отырсаңыз, Ақтоғай жерінің есте жоқ ескі замандардан-ақ адамзат баласының құтты қонысы болғандығын, мекендеген халықтың мал шаруашылығымен айналысып, алтын, мыс, қорғасын өндірумен шұғылданғанын бағамдайсыз. Бұл деген сөз Ақтоғай жерінің ән мен жырдың ғана емес, сонымен қатар, көне металлургияның да ошағы болғандығын айғақтаса керек…

Міне, осындай тереңнен тамыр тартқан тарихы бар, «тастай салған таяғы тамырланып тал болған, бөлініп кеткен саяғы мыңғырып өсіп, мал болған» құтты мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында арнайы ат басын бұрған едік. Өткені өрнекті елдің бүгіні көрнекті екен. Елдіктің туын тіктеген 30 жылда Тәуелсіздікпен бірге түлеп, қанатын кеңге жайыпты. Бұлбұлдай сайраған елдің гүл-гүлдей жайнар шағы енді туғандай. Бұл – Ақтоғайда күрмеулі мәселе мүлдем жоқ, аудан дамудың даңғыл жолына түсіпті деген сөз емес. Құрамына 36 елдімекен, 14 ауылдық округ пен 2 кент, 1 ауыл кіретін іргелі ауданның іргесінен жел үрлемей тұрсын ба?! Бірақ, атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мен шұғыл шараларға қарап, «көштің жүре түзелетінін» ұқтық. Олқылықтарымызды айтып ойсырай бермеуге бел будық.

Шылбыр үзіп шығандап кеткен әр қазақ үшін айналып соғар алтын қазығы – ауылда. Ендеше, алтын бесіктің ажары таймасын дейік!

Ілияс МҰҚАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button