АймақБас тақырыпҚарағанды

«Алтын арбаға» ағаш арба да бара алмайды

Аты дардай «Алтын арбаның» маңы бүгінде көлік жүргізушілері үшін қыл көпір. «Әлем» сауда үйі мен «Алтын арба» базарының арасындағы жолда қазан шұңқырдан көлік жүре алмайтын кепте.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Осы бір екі шақырымдық жолда әрлі-берлі өткен көліктер кептеліп тұр. Тіпті, жүргізушілердің еті үйренгені сонша – бір-бірін ыммен түсініп, кезекпен өткізуді дағдыға айналдырыпты.

Тұрғындардың бұл жағдайға наразылығы шегіне жеткен. Қала тұрғыны Айту Жұманбайдың айтуынша, базарға келудің өзі мұңға айналған.

Өзге жерлерден гөрі мұнда баға арзанырақ болған соң, ауылға азықтүлікті молынан алу үшін келеміз. Әйткенмен, жолдың сапасы сын көтермейді. Саудамызды тәмамдап, көлікке жүк тиеген соң, салмағы артқан темір тұлпардың ой-шұңқырдан өтуі мұң. Менің көлігім «Lada Vesta», асты сәл биіктеу болса да, қиналады. Ал, басқа жеңіл көліктерге обал-ақ, – дейді ол.

Тіпті, такси жүргізушілері де әккіленіп алған. Олар ортақ топтарында бір-біріне «Сақ болыңдар!» деп белгі беріп, қай шұңқырдың терең екенін ескертіп отырады. Жылда жөнделгенімен, нәтиже болмайтын бұл мәселе биыл да қайталанды.

«Алтын арба» базарының әкімшілік қызметкері Жанбота Ахмедиевтің сөзінше, бұл жол базар балансында жоқ.

Жол Үкіметтің балансында. Біз де қарап отырған жоқпыз. Барынша әрекет етуге тырыстық. Тіпті, келісімшартқа отырып, өз қаражатымызға жөндеп беруді де ұсындық. Бірақ, рұқсат бермеді. Олардың айтуынша, Затаевич көшесіндегі 2 шақырым жол биыл жөнделуі тиіс. Күні кеше ғана тиісті мекемелермен хабарласқанымда, осы жұма-сенбі күндері жұмысты бастаймыз деді. Енді соны асыға күтудеміз. Егер бұл жолды базардың балансына өткізсе, өзіміздің автотұрағымыз секілді тақтайдай қылып жасап қояр едік, – деді Жанбота Ахмедиев.

Базар басшылығы кейбір шұңқырларды өз тараптарынан тас төсеммен (брусчатка) уақытша жамаған. Бірақ, бұл – мәселенің түбегейлі шешімі емес.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button