Жаңалықтар

Алтын алған ардагер

Португалияның Лиссабон қаласында ардагер спортшылар арасында дзюдодан әлем біріншілігі өтті. Байрақты бәсекеде 81 келі салмақ дәрежесінде белдескен жерлесіміз Нәсіпқұл ТЫНЫБАЕВ ел қоржынына алтын салды. Алыстан ат арытып, алтын арқалап келген ағамызды ет жақындары мен ел ағалары алдынан құшақ жая қарсы алып, Қарағанды қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің меңгерушісі Берік ДОСЫМБЕКОВ қала әкімі Ермағамбет БӨЛЕКПАЕВТЫҢ сәлемін жеткізді.

– Әлем чемпионатына 48 мемлекеттен 400-ден астам спортшы қатысқан. Ел атынан сынға түскен 35 спортшының 7-уі алтын, 4-уі күміс, 9-ы қола алып, мерейімізді өсірді. Бұл көрсеткішпен жалпыкомандалық есепте ІІІ орын бұйырды. Бұның ішінде облыс атынан қатысқан 7 спортшымыз бар. 60 келіде белдескен Дәурен Қожин мен Нәсіпқұл ағамыз алтын алса, 100 келіде сынға түскен Самалбек Айнатаев қола еншіледі. Ал, Болат Манабаев, Қанат Сағындық пен Боран Тергеубеков өз салмағында үздік бестікке енді. Қарағанды өңірі спорттың қай саласы болсын, алдыңғы қатарда жүретіндігіне осы жетістігіміз айғақ болды.

Қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде. Қарсыластарым осал емес. Ал, мен бұл күнді қанша күттім. Әлем чемпионатына қатысу үшін 9 келі салмақ тастадым. Чемпионат тек ардагерлер арасында өткен жоқ. Қомандада жастар да бар. Жарыстың алғашқы күні ардагерлер қоржынға жүлде салған соң жастардың да жеңіске деген құлшынысы артты. Нәтижесі – мінекей! Алдағы уақытта Токиода алғаш рет ардагер спортшылар арасында олимпиада өтпек. Енді Олимп шыңын бағындыру үшін бар күшімді саламын, – деді Нәсіпқұл Амантайұлы. Португал елінде өткен дүбірлі бәсекені Youtube желісінен тікелей эфирде көрсетті. Ағамыз татамиге жарыстың алғашқы күні шықты. Бірінші қарсыласы француз – Агрон Франсуа.

Төрешінің ысқырығы естілісімен қарсыласы жағаға жармаса кетті. Ал, ағамыз оң жамбасына ыңғайлап алып, жерге алып ұрды. Сөйтіп, бірінші қарсыласын иппон әдісімен ұтты. Бұдан кейін бір салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасы Николай Адаев пен ағылшын Джон Такерді де иппон әдісімен тізе бүктіріп, ақтық кезеңге жолдама алды. Финалдағы қарсыласы – Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері австриялық Курц Райнхольд. Ол осы салмақтағы фовариттің бірі. Жекпе-жегіне қарасақ, өзгелерден айлалы әрі сақ. Небір мықтылармен белдесіп, әккіленгені көрініп-ақ тұр. Бұл белдесу Нәсіпқұл ағамызға ауыр болатынын іштей білдік. Жекпе-жек басталды. Қос қарсылас өзінің үйреншікті әдіс-тәсілін барынша қолданып-ақ жатыр. Алайда, есепке алынғаны жоқ. Бір-бірін аңдып, осал тұсын іздеуде. Кенет, австриялық палуанды алдаусыратып оң жамбастай беріп еді, әдіске түспеді. Тағы бір рет байқап көрді, айласын асыра алмады. Осы тұста екеуін төрешінің ысқырығы айырды. Белдесудің негізгі уақыты бітсе де есеп ашылмады. Демек, ережеге сәйкес қосымша уақыт беріледі. Сөйтіп, қосымша уақыт басталып, жекпе-жек одан сайын қыза түсті. Қос тарап алма-кезек ұрыс сәтінде Нәсіпқұл ағамыздың еншісіне 1 ұпай берілді. Ақыр соңына дейін осы ұпайын сақтап, жеңіс тұғырына көтерілді.

Әкесі Амантай 17 жасында Ерғалиға әкелді. Содан бастап, талай жарыстарда топ жарды. Өзі еңбекқор жан. Ал, еңбек өзінікін алмай қоймайды дейді. Мен үшін Нәсіпқұлдың орны бөлек. Қашан да жолы ақ болсын! Ұлы Жәнібек те өзінің жолын қуды. Осындай қуаныш Жәнібекке де жұғысты болсын, – деді бапкері, марқұм Ерғали Темірғалиевтың жары Сағат Темірғалиева.

Нәсіпқұл Амантайұлының дзюдо күресінен тәлім беріп жүргеніне 40 жылдам астам уақыт өтіпті. Бүгінде ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Осы жолда талай шәкірт тәрбиеледі. Шәкірттері бүгінде байрақты бәсекелерде топ жарып, ел намысын қорғап жүр. Солардың бірі – ұлы Жәнібек. Жастайынан спортқа баулып, татамиден түсірмеді. Соның нәтижесі, Жәнібек те Халықаралық сайыстарда қара үзіп, шашасына шаң жуытпай келеді.

Ербол ЕРБОЛАТ. 

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button