Алтынға бергісіз қос қола
Парижде өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының сапындағы қарағандылықтар қамшы салдырар емес. Атап айтсақ, қарағандылық спортшы Дастан Мұқашбеков ядро лақтырудан қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар, Дастан – Азияның жаңа рекордын орнатты.
Ал, тағы бір жерлесіміз Даяна Федосова пара дзюдодан J2 санаты бойынша 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль үшін болған кездесуде түркиялық Дендю Ешилюртты 11:0 есебімен жеңіп, Ұлттық құрама қоржынына екінші қола медаль салды. Ол барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңгенін атап өткен жөн.
Алғашқы күміс медальді Ұлттық құрама қоржынына мерген Еркін Ғаббасов салған еді.
Бұдан бөлек, 100 метрді брасс әдісімен жүзіп өтіп, күміс алған Нұрдәулет Жұмағали мен дзюдо күресінің алтынын олжалаған Ақмарал Науатбек Көк Туды көкке көтерді.
Ядро лақтырудан F36 санатында спортшымыз ел намысын бар күшін салып қорғап шықты. Оның сайыстағы сараптама нәтижесі 16 метрге жетті. Бұл – Азияның жаңа рекорды.
– Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиадалық комитетінің атынан Дастан Мұқашбековті Паралимпиада ойындарындағы тарихи жеңісімен құттықтаймын! Ядро лақтырудан қола медаль жеңіп алу және Азияның жаңа рекордын орнату – орасан еңбектің, табандылықтың нәтижесі. Сондай-ақ, сайыс басталғалы санаулы күн өтсе де, қазақстандық құрама қоржыны алты медальға толып үлгерді. Бұл ауыз толтырып айтар жаңалық, – деді Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиадалық комитетінің президенті Қайрат Боранбаев.
Расында, Дастан Мұқашбеков еліміздің бұл спорт түрлерінен кенде емес екенін дәлелдеген спортшылар қатарында. Бұдан бұрын қазақстандық спортшы Давид Дегтярев Париж Паралимпиадасының чемпионы болды. Ол пауэрлифтингтен 54 келі салмақта 188 келіні көтеріп, алтын медаль иеленді. Ал, 48 келі салмақта татамиде тартысып, ақтық сында франциялық Садрина Мартинеденің жауырынын жер қаптырған Ақмарал Науатбек алтынға иелік етті. Осылайша ел қоржынында Париж Паралимпиадасының екі алтын, екі күміс, екі қола медалі бар.
Төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі додаға Қазақстан құрамасынан 44 спортшы қатысып жатыр. Биыл ел құрамасы Паралимпиадаға 9 спорт түрінен – дзюдо, пауэрлифтинг, таэквондо, жеңіл атлетика, нысана көздеу, үстел теннисі, жүзу, каноэ және волейболдан сынға түсуде. Спорт комитеті биыл Қазақстанның Паралимпиада спортшылары үстел теннисінен және әйелдер арасындағы каноэден бірінші рет лицензия жеңіп алғанын мәлімдеген болатын.
Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»