Алты құрлықтың аманаты
Кеншілер астанасы Қарағандыда «G-Global» Халықаралық хатшылығы, «Адамдардың елеулі жетістіктері» Қоғамдық қоры өкілдерінің, ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының қатысуымен, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты мен Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен «G-Global. ХХІ ғасыр әлемі» атты тұңғыш өңірлік форум өтті. Сөйтіп, ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен жаһандық үнқатысулар алаңына айналған «G-Global» желісінің маңыздылығы Қарағанды төрінде таразыланды.
Алқалы жиынды аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ ашып, форум жұмысына сәттілік тіледі.
«G-Global» – сөз қолданысымызға еркін еніп, төл сөзіміздей төрімізге озған ұғым. Өйткені, адами құндылықтардың қоғамнан оқшаулану үрдісі белең алған тұста бұл жобаны алты құрлық назарына ұсынған біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы болатын. Яғни, «G-Global» – алты құрлықтың аманаты.
Қарағанды форумында таныстырылымы өткен Нұрсұлтан Назарбаевтың «G-Global. ХХІ ғасыр әлемі» атты кітабында Мемлекет басшысы: «G-Global» бастамасы адамзат тағдыры жайлы ғаламдық пікірталастың өзектілігін арттырады, сындарлы негізде өрлеу мен неғұрлым қауіпсіз әлем болашағы жолында барлық салауатты күштерді біріктіреді», – деген еді. Міне, Қарағанды форумының да мақсаты көреген Көшбасшымыз көздеген осы мүддемен сабақтас өрбіді. Бұл мақсат нені көздеді? Айталық, форум мақсаты – «G-Global» ашық алаңының мүмкіндігін пайдалана отырып, ұлттық құндылықтарымыздың жаһандық таныстырылымын үйлестіру, ел Тәуелсіздігінің жетістіктерін, Қазақстандағы этносаралық келісімді дәріптеу және саяси тұрақтылықты нығайту. Түптеп келгенде, форум салмақтаған мәселе – қазақстандық қоғамның бірігу және нығаю идеяларын жаһандану талаптарымен байланыстыра қолдау. Форум маңызына кеңінен тоқталған Ерлан Жақанұлы:
– Елбасы ұсынған «G-Global» бастамасына бүгінде әлемдік саяси институттар, жаһандық саясаткерлер, Нобель сыйлығының лауреаттары, ықпалды сарапшылар оң пікір білдіріп отыр. Миллиондаған пайдаланушылар «G-Global» платформасына кіруде. Ал, оның идеялары орыс, ағылшын, неміс, басқа да Еуропа тілдеріне аударылды. Бұның өзі игі бастаманы жан-жақты қолдауды көрсетеді. Елбасы бастамасының маңызы да, мәні де әр адамға жақын. Қарапайым тілмен айтқанда, ғалымдар, академиктер ғана емес, әлемнің кез-келген азаматы ғаламның кез келген нүктесінен жаһандық өзгерістерге қатысты өз ойын ашық білдіре алады. Осылайша, ойлар мен идеялар бір жерге жиналады, тоғысады, талқыланады. Мінеки, осындай өзекті форум ең алғаш біздің аймақта өткізіліп отыр, – деді өзінің кіріспе сөзінде.
Облыс әкімінен кейін «G-Global» Халықаралық хатшылығының жетекшісі Серік Нөгербеков, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлов, қарағандылық суретші Кәріпбек Күйіков, «Адамдардың елеулі жетістіктері» Қоғамдық қорының төрағасы Зәуре Бейісова, «G-Global» Халықаралық хатшылығының жетекшісінің орынбасары Салтанат Рахымбекова, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы, «Алтын сапа» Ұлттық сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзада сөз алып, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру жолындағы алғышарттардың бірегейі осындай мазмұндағы іс-шаралар екендігін тілге тиек етті. Әсіресе, Салтанат Темірқұлқызының «ЭКСПО – 2017» көрмесіне үш қарағандылық өнертапқыштың – Мейрам Бүркеев, Александр Борисенко, Александр Петровтың қатысатынын айтқан сәттегі залдың тебіренісін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.
Форум аясында «Аманат» қоғамдық тану сыйлығына үміткерлерді іріктеу кезеңінің басталғаны ресми түрде жарияланды. Яғни, тұңғыш рет тағайындалып отырған бұл сыйлықтың да тұсауы Қарағанды топырағында кесілді.
1000-нан адам қатысқан форум делегаттары Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Ұлы Дала қазынасы» көрмесін тамашалап, 8 түрлі сессия жұмысына қатысты.
Міне, осылайша алты құрлықтың аманатын арқалаған ауыр жүк Арқа төсінде бір мәрте сараланды.
Ерсін МҰСАБЕК
Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.