Спорт

Алты құрлықтың аламанына айналғалы тұр

Түбі бір түркі тілдес мемлекеттерден бөлек, Еуропа елдерін қосқанда 89 мемлекет қатысқалы отырған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталғалы тұр. Алыс-жақын шетелден келетін қатысушылардың алды Астанаға ат басын тіреді. Қырғыз ағайындар ұлы аламанға қатысар жүйріктерін күнібұрын Қазақстанға әкеліп, жергілікті климатқа үйретіп жатыр. Атағы Алатау асқан күлік барша қырғыз мақтанышы «Қарақыз» да біздің елде бәйгеге бапталып дайын тұр. Тіпті, америкалық көкпар командасының көкпарға дайындықтарының өзі алты құрлық асып, желіде қызу талқыға түскені мәлім.

Суретте көкпардан АҚШ командасының мүшелері

Ел тарихы бойынша ұлттық спорт ұйытқысы ретінде ұлттық спорт түрлерінен ұлы дода өткізгелі отырған елімізде дайындық жан-жақты. Күні кеше Павлодар қаласында бәйгеден өткен іріктеуде еліміздің ең мақтаулы жүйріктері сынға түсіп, ұлы аламанда өзге елдермен бақ сынасар тұлпарларды анықтады. Атап айтсақ, «Талхиз», «Желқара», «Жұмыр­тұяқ», «Ғасыр», «Мой мир», «Сарыарқа» сынды аламан алдынан көрініп жүрген күліктер іріктелді. Бұл жүйріктер V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 25 шақырымдық аламанға қатысады. Ал, 11 шақырымдық құнан бәйгесіне елімізден «Найза», «Айшуақ», «Қамысқұлақ» сынды құнандар қатыспақ. Барлығы Қазақстан намысын 40 ат қорғайды. Расында, бәйгеге байланысты ел ішінде түрлі жорамал мен болжамдар да жоқ емес. Бірі 25 шақырымдық аламан алдынан қырғыздың атақты «Қарақызы келеді» десе, енді бірі қазақтың «Талхизі озады» дейді. Қос күліктің де тұқымы таза қан ағылшын жылқыларынан тараса да, баптары бөлек болса керек. Атбегілердің айтуынша, құнанында бұл қос тұлпар Ақшиде өткен Д.Қонаевтың асында сынға түсіп, бар қазаққа бақ болған «Талхиз» озған көрінеді. Бүгінде сыншылар сараптамасы мүлт кетпеуі керек дейді «Талхиздің» иесі Әділет Омаров.

– Қазіргі таңда шетелдік бәйгеге қатысуға 10 шақты федерациядан өтініштер келіп түсті. Олардың арасында Моңғолия, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан және Ресейден ат баптаған атбегілер ағылуда. Десек те, бәйгеге әр елден тек үш аттан ғана қатыса алады. Бұл – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы ортақ ереже, – дейді республикалық «Бәйге федерация­сының» вице-президенті Жомарт Сайболатов.

Сонымен қатар, Жомар Сайболатовтың айтуынша, баптаулы аты жоқ елдер аламанға ат қосамын десе қазақтың қорасындағы жараулы атты жалға алуларына болатын көрінеді. Тек оған өз шабандоздарын отырғызуы керек. Алайда, көп ел арасынан бәйгеде қазаққа әзірге қырғыз елі ғана қарымды қарсылас. Олардың қыр­ғыз-қазаққа аты мәлім «Қарақызы» мен «Береке» атты тұлпарын білмейтін ел жоқтың қасы.

Бұдан бөлек көкпарға да дайындық қарқынды. Осыған орай Астана қаласында республикалық командалар арасында пысықтау сайысы өтті. Әзірге «Астана», «Әулиеата» командаларының бәсі басым. Бұл додада да тақымы сірі қарсылас қырғыз ағайындар болмақ. Десек те, көкпарға қатыспаққа ниет білдіріп, жүлдеден дәмеленген елдер қаншама?! Соның бір – АҚШ.

Америкалық көкпаршы Ник Уиллерттің көкпар сайысына дайындығы әлеуметтік желіде көптің назарын аударды. Көкпаршы дайындық барысында серкенің орнына гір тасын пайдаланып, ал жылқыны қолдан жасалған ағаш атқа алмастырған. Видео 150 мыңнан астам қаралым жинап, бірнеше елдің көкпаршыларының ыстық ықыласын алды. Желі қолданушылары көкпаршыны қолдап, сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Ник Уиллерт – көкпардан АҚШ құрамасының мүшесі, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар және аударыспақ спорты бойынша бақ сынамақ. Сонымен қатар, Уиллерт көкпардан басқа шаңғы, серфинг және ММА спортымен шұғылданады.

– 2018 жылы АҚШ құрамасының қатарында көкпар спортына және ат үстіндегі күреске қатысқан алғашқы америкалық болдым. Өз басым Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында кәсіби спортшылармен бәсекеге түсу мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Міне, менің Қазақстанға барсам деген арманым орындалмақ. Талай уақыттан бері бұл мекенге саяхаттауды жоспарлап едім. Осы мүмкіндік үшін Қазақстан еліне алғыс айтқым келеді. Әрине, көпшілік АҚШ спортшыларын көкпар мен ат үстіндегі күресте оңай қарсылас санауы мүмкін. Бірақ, біз бар мүмкіншілігімізді көрсетіп, деңгейіміздің өскенін дәлелдей аламыз деп ойлаймын, – деді америкалық көкпаршы Ник Уиллерт.

Америкалық көкпаршы бұған дейін 2018 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында және 2020 жылы «Көкбөрі» чемпионатында өнер көрсетіп үлгерген.

Еске сала кетейік, Республикалық «Көкпар» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Садақ ату», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты түрлері шоғыр­ланған. Әлем назарынан тыс қалмас V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button