Бас тақырып

Алты құрлықтың ақылдастар алаңы

Бүгінде Астана – маңызды жаһандық саяси оқиғалардың эпицентрі. Тәуелсіз мемлекеттің сыртқы саяси қызметін табысты жүзеге асыруы оның дипломатиялық мәртебесін толық айқындап бергенін жоққа шығара алмаймыз. «Астана» бренді бүгінде жауапкершіліктің, пәрменділіктің көрсеткішіне айналып, бүкіл әлемге танымал болып үлгерді. Қазақстанның бас қаласы әлемдік қоғамдастықта ауқымдағы саяси оқиғалармен тығыз байланысты. Елордада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардың мемлекет және үкімет басшылары кеңестерінің кездесулері жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Одан бөлек, Астана толеранттылықты, бейбітшілік пен ықпалдастықты насихаттау және оған шақыру жөніндегі жалпыпланетарлық диалог алаңына айналған. Оның дәлелі – әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері. Күні кеше ғана Елордада әуелде «Шанхай бестігі» ретінде құрылып, кейіннен, ондық ретінде Еуразия кеңістігінде беделді ұйымға айналған Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Саммиті Қазақстанның төрағалық етуімен өтті.

Сурет travel-or-die.ru

Үлкен ондықтың ауқымды ісі

Әлем назары тағы да Астанаға ауған күні, яғни, Саммит барысында жиырмадан астам келісімге қол қойылды. Атап айтар болсақ, Астана декларациясы қабылданды. Одан бөлек, ұйымға Беларусь елінің толыққанды мүшелігі бекітілгенін де айту керек. Тағы бір маңызды құжат – «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі дәл осы Астанада қабылданғаны тарихи сәт екеніне баса назар аудару керек. Бұл – геосаяси процестерді бейбіт шешуге бағытталған ұйымға мүше мемлекет басшыларының ортақ мәлімдемесі.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Саммиті энергетика саласын да қарастыратынын айту керек. Қазақстан төрағалық еткен дәл осы Саммитте энергетика саласын дамытуға қатысты 2030 жылға дейінгі стратегия қабылданды. Тағы айта кетерлігі, ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегия­сының жобасы туралы мемлекет басшылары кеңесінің шешіміне және өзге де маңызды құжаттарға қол қойылды.

Қазақстанның жүрегі – Елорда төрінде бас қосқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы – Антониу Гутерриш және өзге де Мемлекет басшылары әсем келбетті Астанада бас қосқандарына қуанышты екендерін де айтты.

– Сіздермен әдемі, әсем Астанада кездескеніме қуаныштымын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың арқасында іс-шарамыз жоғары деңгейде өтуде. Қазақстан төрағалық еткен жылы Шанхай Ынтымақтас­тық Ұйымы дамудың жаңа бағытына бет алды. Адамзат баласы қазір қарқынды өзгеріске ұшырап жатыр, – деді сұхбатында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин.

Саммит барысында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­сым-Жомарт Тоқаев Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының ха­лық­­аралық аренадағы рөліне айрықша тоқталды.

– Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған геосаяси қайшылықтар мен қақтығыстардың күшеюіне байланысты туындаған күрделі сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Халықаралық қауіпсіздіктің архитектурасына қауіп төніп тұр. Тұтас адамзат үшін оның зардабы ауыр болуы мүмкін. Осындай сын сағатта бізге өңірлік және жаһандық деңгейдегі ұжымдық күш-жігер арқылы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін орасан зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Шанхай Ынтымақтас­тық Ұйымы өз беделімен, елеу­лі экономикалық және адами ресурстарымен тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізіп, заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлей алады. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде көтерген «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты ұраны ортақ миссиямыздың мән-маңызын айқын көрсетеді, – деді Президент.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

«Шығыс және Батыс» диалогындағы жаңа кезең

Астананың Астана жаһандық саяси оқиғалардың эпицентрі деуіміздің тағы бір себебі – 2010 жылы қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын әлемдегі ең ірі әрі беделді ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитінің өтуі. Бұл – Тәуелсіздік алғаннан кейін 20 жылға жуық уақыт өткен соң Қазақстан үшін маңызды тарихи оқиға болды.

2010 жылы еліміз ЕҚЫҰ төрағасы қызметін атқарды. Сол кезде қабылданған Астана декларациясына қол қою арқылы мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары ортақ және бөлінбейтін Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығы идеясына өз міндеттемелерін рас­тады.

Осылайша, Қазақстан – ТМД, Азия, мұсылман және түркітілдес әлем мемлекеттері арасында тұңғыш-еуразиялық кеңістіктегі ең беделді ұйымдардың бірі тарихында ЕҚЫҰ Төрағасы болады. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің төрт ұраны болды. Олар – сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік.

Шын мәнінде, Қазақстанның 2010 жылы төрағалық етуі ұйымның даму тарихындағы ма­­ңызды кезеңді – Ванкуверден Вла­дивостокқа дейінгі ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттердің нақты теңдік қағидатын іске асыруды білдіреді. Басқаша айтқанда, Қазақстанның төрағалығымен «Шығыс және Батыс» диалогында жаңа кезең басталды.

Астанада өткен Саммит делегация басшылары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Мәселен, аталған ұйымның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Елордада қабылданған шешімдер ортақ сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың бірыңғай стратегиясын әзірлеуге ықпал ететінін атап өтті. Ал, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын барынша табысты деп атады. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон ЕҚЫҰ Саммиті Қазақстанның халық­аралық қоғамдастықтағы үлкен рөлінің айғағы екенін атаған болатын сол кезде.

Астанадағы ерекше рух

Астанаға әлем назарын аудартқан тағы бір маңызды шара – 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезі. Бұл форум діни көшбасшылар, сая­саткерлер мен қоғам қайраткерлері үшін бірегей диалог алаңына айналды және сонымен бірге Қазақстанның халықаралық беделін айтарлықтай арттырды.

Астананың әлеуетті мүмкіндіктерін мойындау – EXPO-2017 дүние­жүзілік көрмесін өткізу болды. Қазақстан Елорданың әлеуетін әлемге еліміздің мүмкіндіктерін көрсету үшін пайдалана алды. Сондықтан, халықаралық қоғамдастық Қазақстанды EXPO-2017 дүниежүзілік көрмесін өткізу орны ретінде таңдады. «Егер Астана болмаса, мұндай көрме өткізу мүмкіндігі болмас еді» деп айтылды кейіннен.

Қазақстан посткеңестік кеңістікте ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен, осы Ұйымның Саммитін өткізген және EXPO-2017 планетарлық ау­қымдағы іс-шараны өткізген бірінші мемлекет екені – әлбетте, біз үшін үлкен мақтаныш.

Астана бүгінде елдің әкімшілік орталығы ретінде ғана емес, Қазақстанда болып жатқан өзгерістердің, жасампаз энергияның, халықтың өз күшіне деген сенімінің, өз болашағына және өз ұрпақтарының болашағына деген үміті мен асыл мұраттарының нышаны.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button