Руханият

Алты алашқа әйгілі азамат еді… (Әлімхан Ермеков туралы естелік)

Медицина ғылымдарының докторы, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Бахия Атшабаров Көкшетаудағы Щучье демалыс үйінде, Алаш арысы, мемлекет және қоғам қайраткері, математика ғылымынан қазақтан шыққан тұңғыш профессор Әлімхан Ермековпен кездесіп, әңгімелесіпті. Кездесуде ел ертеңі мен халқымыздың аяулы перзенттері жайында келелі әңгіме өрбіген. Бұл туралы естелік алғаш рет «Ақиқат» журналының 1992 жылғы 10 қазандағы санында жарияланады. Сол тарихи кездесуге куә болған Бахия Атшабаровтың ұлы Айдар Атшабаров осы естелікті толықтырып, 32 жылдан соң редакциямызға жолдап отыр. Ендеше, қабыл алыңыздар, ардақты оқырман!

РЕДАКЦИЯДАН.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Қазақ халқының ардақты азаматтарының бірі Әлімхан Ерме­ков­пен кездесіп әңгіме-дүкен құр­ғаныма 30 жылға тарта уақыт болып қалған екен. Ол 1963 жылы шілде айы болатын еді. Көкшетаудағы Щучье демалыс үйінде демалыста жатқан болатынмын. Әлекең мені өзі іздеп келіп жолықты.

Онымен амандасқаннан кейін өзінің кім екенін айтып таныстыр­ды, сонсоң менің аты-жөнімді, туған жерімді сұрады. Оның аса көңіл қойып білгісі келгені менің әкемнің аты, аталығы және руы болды. Бұл жайды өзімше түсіндіріп:

– Әкем Атшабар Онбайұлы, бұрынғы Қарқаралы ауданынан, руы Қаракесек, Әйтімбет – Құттыбай деген аталықтан, оның ішінде Құттыбай, – дедім. Атамыз Онбай кедей шаруа болған екен, Жамантай төре (Бөкей ханның ұрпағы, Қарқаралы дуанының аға сұлтаны) Абралы-Кент аймағынан көшіп Карқаралының оңтүстік жағындағы кіші Қарақуыс деген жерге қоныстанғаннан кейін, сол төренің бір туысының жылқышысы болған көрінеді. Ал кейін мен ес білгенде, әке-шешем сол Жамантай төренің бір жақын туысының ұрпағы Садықан деген кісінің малын бақты.

– Меніңше, олай емес еді ғой, – деп ақырын күбірледі Әлекең, – Мен білетін Атшабар кішігірім ауқатты адам еді, айтқаның, тіпті, үйлеспейді, – деді. Кейін білдім Әлекеңнің білгісі келгені басқа Атшабар екен, мені іздеп келіп танысуының да себебі сол болыпты. Қарқаралы аймағында менің әкемнен басқа тағы да Атшабар деген кісі өмір сүріпті. Ол Атшабар атақты ақын Қасым Аманжоловтың әкесінің емшектес туысы екен. Ал Әлекең сол Атшабармен бір аталас болса керек, кейінгі білуімше 3-4 атадан қосылатын көрінеді.

Осындай жағдайда танысқаннан кейін Әлекеңмен санаторийде жиі кездесетін болдық. Ол кісі менен халықтың әл-ауқатын, қазіргі тұрмыс жағдайын білгісі келіп, мені әңгімеге тартып жүрді. Мен сол уақыттың алдында бірнеше жыл Семей полигонының зияндығын тексеру себебімен Семей, Қарағанды, Павло­дар, Жезқазған облыстарының аудандарында болып, халықтың денсаулығын тексеру барысында елдегі жағдайды біршама жақсы білетін едім. (Қазақ ССР Ғылым академиясының Өлкелік пато­логия институтының, директоры болып істейтінмін). Ал, мен өз тарапымнан Әлекеңнен бұрынғы өткен-кеткенді білгім келіп, ол кісіге әртүрлі сұраулар қойдым. Әлекең өзінің әңгімелерінде өз өмірінің кейбір кезеңдеріне тоқталып жүрді. Әлекеңнен сондағы естігендерімнің көбі қазіргі газет-журналдарда жазылып жүр, ал, кейбір мен естіген мәселелер Әлекеңнің айтылып жүрген өмірбаянының жекелеген тұстарын назардан тыс қалдырып жүргендей. Мен осыларға тоқталғым келеді.

БІРІНШІ: Алматы бір кезде кішкене қалашық еді ғой. Сол Алматы қазірде дүние жүзіне әйгілі бір миллионнан асқан халқы бар егеменді Қазақстан Республикасы мемлекетінің астанасы болып қалыптасты. Алматының аса әйгілі болуының бір себебі мұнда халықаралық маңызы бар мәжіліс­тер, келісімдер жиі-жиі өтіп жататын болды. Алматы үлкен мәдениет-ғылым орталығы ғана емес, күшті өндіріс мекемелерінің шоғырланған орталығы да. Әрине, Алматы бір күнде осы жағдайға жеткен жоқ. Оның өзіндік тарихы бар. Әлекең өзінің бір әңгімесінде 1925-1926 жылдары Қазақстан мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары болып істеген кезінде Алматы Қазақстанның астанасы болуы керек деп мәселе қойып, осы туралы республика атынан арнайы баяндама жасағанын айтты. Бұл баяндамада ол бірнеше дәлелдер келтіріп, Алматының астана болуын территориялық және шаруашылық тұрғыдан негіздеген көрінеді.

Сонымен қазіргі Алматының үлкен қала болуына, мемлекеттік астана деңгейіне көтерілуіне Әлекеңнің де үлесі бар екен. Ал, енді өкінішті нәрсе, Әлекеңнің өмірбаянын жазғандардың қаламының ұшынан осы мәселенің тыс қалып жүргені. Алматы туралы энциклопедия-кітап баспадан шықты ғой, бірақ сол үлкен анықтамада Әлекең туралы бір ауыз сөз айтылмайды. Мұны тарихи әділетсіздік деуге тиістіміз. Орын алып келген қателікті түзету керегі және айқын. Әлекең Қазақстан астанасының негізін салушылардың қатарында өзінің лайықты орнын алуы керек.

ЕКІНШІ: Әлекеңнің Ахмет Байтұрсынов туралы өз ой-пікірін тұжырымды айтқаны да әлі есімде. Қарағандыдағы және Қарағандыға келген үкімет бастықтарына, соның ішінде Д.А.Қонаевқа: «Ахмет Байтұрсыновты неге ақтамайсыңдар, оның халыққа, Совет үкіметіне, коммунистерге ешқандай жазығы жоқ еді ғой, қала берсе Ахаң Алашорда партиясының толық екпінді мүшесі де болған емес», – деген сөздерді айтқанын естігенде мен біршама таң қалған едім. Өйткені ол заманда Ахмет Байтұрсынов нағыз халық жауы, халық мүддесіне қарсы, жат Алаш партиясының белсенді мүшесі деп түсіндірілетін.

Әлекең өз сөзін жалғастырып: «Ах­мет Байтұрсыновты біз ерекше бағалайтын едік. Халық ағартушысы дәрежесінде біртұтас тұлға ретінде құрметтейтінбіз. Ақаңды біз өзімізше Алашорда үкіметінің құрамына сырттан кіргізіп қоятынбыз, сөйтіп ол кісінің халық арасындағы үлкен абыройын партия мақсатына пайдаланатын едік», дегені есте.

Әлекеңнің берген мінездемесінен кейін, Ахмет Байтұрсыновтың тұлғасы сомдала түседі, оның өз заманында қандай дәрежеде бағаланғаны тағы да анықталады. Осы сөзінің өзінен-ақ Әлекеңнің қандай адам екені белгілі емес пе? Ах­мет Байтұрсыновқа қарғыс таңба тағылып, оны құбыжық қылып көрсетіп, жұртты үркіткен заманда «А.Байтұрсыновты ақтау керек», – деп Қазақстанның бірінші басшысына ашықтан-ашық талап қою Әлекеңнің ер азамат, ел намысы үшін жанын аямайтын қайраткер екенін көрсетеді. Өзі айдаудың, жазалаудың неше түрлі михнат-теперішін көре тұра, «тоталитарлық режимнің Ахмет Байтұрсыновты айыптау шешімі қисық», деп дауыс көтеруі ердің ерінің ғана қолынан келетін қимыл. Әлекеңнің сол уақытта, айдауды басынан өткізіп, жасы егде тартқан кезінде осындай саяси көзқарас көрсеткені, оның бұрынғы жас шағындағы саяси көзқарасы да және әлеуметтік екпінді істері де жәй ғана романтика емес, нағыз қалыптасқан қажымас қайсар адамға тән халық мұқтажы үшін күресудегі өмір бағыты екені айқындала түседі.

ҮШІНШІ: Бірде Әлекеңе әңгіменің барысында сіздер «Алаш» партиясын құрдыңыздар, сонда бетке ұстаған мақсаттарыңыз қандай болды дедік. Оған Әлекең мынандай жауап берді.

– Негізгі мақсат қазақ халқының қамы еді ғой. Елі сай, жері бай, өсіп-өнген өнерлі халықтары бар мемлекеттермен терезесі тең түсетін қазақтың дербес мемлекетін құру еді. Ол мақсатқа жету үшін ұйымдастырушылық күші бар ұйым керек болды. Ол ұйым Алаш партиясы деп есептедік. Мұның бәрі уақытында іске асатын әрекет еді. Қазір ол орындалмас ойдағы арман, көңілдегі қиял болып қалды, сондықтан да, жүректегі бітпес жара сияқты, – деді.

Ал, бірақ қазақ мемлекетін уақытында құра алмасақ та, қазақ халқы басқа алдыңғы қатардағы өнерлі, тұрмысы жақсы халықтардың деңгейіне жететін әрекет жасауды қазір де мақсат қылып қоюдың керегін айтты. Ол үшін үш шарт іске асуы керек деді. Халықтың өнер-білімі, тұрмыс жағдайы және денсаулық дәрежесі алдыңғы қатардағы халықтардың деңгейінде болуы керек. Бұл үш жағдай бірімен-бірі байланысты, бірінсіз-бірі жоқ. Мысалы, жақсы тұрмыссыз жақсы денсаулық иесі болу және жоғары сатыдағы өнер-білім дәрежесіне көтерілу мүмкін емес.

Ал, жалпы халықтың денсаулығы төмен болса, онда тұрмыс­тың нашар болғанын көрсетеді, ондай халықтың алдыңғы қатарлы қоғам құруы неғайбіл, өйткені мұндай қоғам құру үшін өнімді еңбек, толымды табыс болуы керек. Ол үшін халықта жігермен қатар жоғары сатыда ынталылық, дірмәнділік және қабілеттілік қасиеттері болуы қажет. Бұл қасиеттер халықта денсаулық мол болған жағдайда ғана жүзеге асады.

Әлекең айтқан осы терең ойлар Л.Н.Гумилевтің кейіннен шыққан «пассио­нарность» теория­сымен ұштасып жататынын байқау қиын емес. Л.Н.Гумилевтің бұл те­о­риясы бойынша кез келген халықтың жоғары сатыдағы қоғам дамуына көтерілуі үшін немесе басқа халықтар арасында билеу­ші тайпаға айналуы үшін оған пассионарлық қасиет ке­рек. Ал Әлекеңнің халықтық, ынталылық, дірмәнділік және қабілеттілік күш-қуат қасиеттері дегені осы «пассионар­ность» ұғымымен шек­тесіп жатады. Әлекең бұл қасиеттер тікелей халықтың есен саулығымен байланысты екенін де нақты атап көрсетті.

Ол кісінің ойынша бірнеше халықтар өкілдері шоғырланған жерде өмірлік орын үшін халықтар әрқашан бәсекелес болады. Дәрменділігі, күш-қуаты артық халық, басқа өздерінен қабілеті аздардың алдыңғы қатарына шығып, көршілестерін ығыстыра береді, өмірлік қажеттілікке жататын нәрселерді өз пайдасына шешеді, одан үлес алатын басқаларды қақпайлай береді, сөйтіп басқаларға өзінің үстемдігін жүргізеді, және біртіндеп оларды ассимиляцияға ұшыратады. Ал мұндайда дәрменсіздік танытқандар жеңілдің астымен ауырдың үстімен жүруге бейім тұрады да, айдауға көніп, өзінің шетке шығып қалғанын, қолындағы бар байлығынан және басқалай тіршілік бағдарынан айырылып бейшаралық жағдайға түскенін білмей де қалады, – деп атап көрсетті Әлекең. Осы Әлекеңнің әңгімесінен кейін мен: «апырмау Әлеке, осы айтылған ауыр жағдай қазақ халқының қазірде басына қайта түсті емес пе?» – дедім. Ол кісі: «Ия, шынында да солай ғой», — деп күрсінді. Онан соң өз ойын тереңдете түсіп, мынаны айтты: «Казақ жеріне көп халық келді ғой – орыс, украин, татар, неміс, корей, дуңген, ұйғыр т.т. Солардың барлығы өз шамасына қарай қазақ жерінің шұрайлысын иеленіп кетті, қазақ ығысып шөлейт пен шөл жерлерде қоныс тебуде. Су байлығын да, жер асты байлығын да солар игеріп, онан әрі меншіктеніп алды. Шахтылар, заводтар және басқадай өнімділігі мол өндіріс орындары сол келімсектердің қолында. Қазақ жастары өнімі мол болса да, ауырырақ жұмыстарға қабілеті жетпей, жеңіл-желпі тірлікке ауысып кете барады. Ал келімсектер өздері өндіріс орындарына ие болғаннан кейін, жергілікті қазақтарды жұмысқа қабілетсіз деген сылтаулар айтатын да көрінеді. Ал, шындығына келсек, қазақтардың өз жерінде өз тағдырының қожасы болуы және басқа халықтардың арасында терезесі тең тіптен алдыңғы қатарлы ұлтқа айналуы үшін оларға жалғыз үкімет билігін қолда ұстау аз, себебі қазақтардың қазіргі заманда сан жағынан басқалардан үлесі жоғары емес. Сондықтан, басқадан бір саты жоғары тұру үшін басқалардың ортасында өнер-біліммен, тұрмыстағы үлгілі қасиеттермен, ол жұмыста алғыр төзімділікпен, спорт саласында алдыңғы көрсеткіштермен басқалар құрметтейтіндей жетістіктер көрсетіп, беделді халық болу керек. Мұнсыз басқалар қазақты менсінбейді, оны алдыңғы қатарлы, билік етуге қабілетті ұлт дәрежесінде қабылдамайды»…

Осылайша ойын қорыта келіп, Әлекең: «Міне, осының барлығының елеусіз боп жататын түп негізінің бірі халықтың жалпы есен-саулығымен байланысты ма деймін», – деді. Бұл арада Әлекеңнің денсаулықты ерекше бөліп айтқаны әңгімелесіп отырған менің дәрігер екеніммен байланысты болғанда болар тегінде.

Осыдан соң: «ал сен дәрігерсің ғой, шындығында жағдай қалай?» – деді. Сұрауға жауап ретінде «қазақ халқының жалпы денсаулығы нашар», – деуіме тура келді. Оған дәлел ретінде мынандай мысалдар келтірдім.

Туберкулезбен ауыру және одан өлу көрсеткіші Қазақстанда Батыс Еуропа елдерімен салыстырғанда 15 еседен асып түседі. Жылына 11-12 мың шамасында кісі ауырады, 1700-дей адам өлімге ұшырайды, 60 мыңнан артық адам дәрігерлердің есебінде тұрады. Бруцеллез де Қазақстанда тым етек алып кеткен ауру. Одақтың көрсеткішінен Қазақстанның көрсеткіші 7-8 есе артық. Бақытсыз­дықтың бір түрі – балалардың өлім-жітімі жалпы шығынның 40-50 процентіне жетеді. Оның үстіне бұл көрсеткіш шет елдердің көрсеткішінен тағыда 7-8 есе артық. Мал шаруашылығымен шұғылданатын аудандарда балалар арасында рахиттен болатын мешелдік 60-80 про­цент шамасында көп кездеседі, ал жастардың бойының, өсуі өздерінің қаладағы құрдастарынан 10 см шамасында кем түсіп жатады.

Кейбір аудандарда гастрит, бронхит аурулары көп, кәріліктің белгілері 35-40 жастан бастап біліне бастайды, ал, екіқабат әйелдердің арасында қаны азайғандар, тіпті, жиі кездеседі. Бүкіл дүние жүзіне белгілі қылтамақ және асқазан рагы Қазақстанның кейбір аймақтарына тән аурулар болып саналады. Республикада қылтамақ боп ауырғандардың бестен бірі қазақстандықтар. Қызылорда облысында ракпен ауыратындардың саны Гру­зия, Армения, Эстония және Латвиядағы аурулардың бәрінің санын қосып есептегенге тең. Сонымен бірге қазақ халқының тамақтану жағдайы жалпы алғанда нашар екені байқалады: физиологиялық нормада витамин А – 15,5-33,3%, витамин С – 21,0-67,1%, витамин В2 – 58,0-91,0%, белок заттарының (малдан түсетін азық бөлігінен) – 30,3-80,4% ғана қазақтардың opгaнизміне барып жатыр.

Дәрігерлер зерттеген аудандарда қыс және жазғытұрым айларында халықтың 95-100 процентінде қанның құрамында С витаминінің жетіспеушілігі байқалады. Мұның бәрі халықтың көпшілігі жартылай аш құрсақ деген қорытындыға итермелейді. Әлекең осы мен айтқандарды тыңдап болып: «апырау, мына мәліметтерің жан түршіктіреді екен», деді. «Иә, бұлар шырылдаған шындық», – дедім мен де. Әлекең: «бұл кемшіліктердің себебі неде?» – деп тағы да қосымша сұрақ қойды. «Кемшіліктердің негізгі себептері организмге керекті тамақтан түсетін биологиялық заттардың кемдігінен, яғни, белок пен витаминдердің жетіспеуінен», – дедім. Тамақ құрамының нашарлығынан бөбектер рахит пен мешелдікке душар болады, организмнің ауруларға қарсыласу күші нашарлағандықтан балалардың өлім-жітімі де көбейеді. Туберкулёз, қылтамақ және басқа да созылмалы аурулардың халық арасында етек алып кетуіне жол ашылады. Тамақтанудағы кемшіліктер организмнің тікелей физикалық әлсіреуіне және оның күш-қуатының, төзімділігінің жетілмеуіне әкеп соғады. Ал бұл ақырында адамның жалпы тіршілік қабілетінің төмендеуіне душар етіп, сөйтіп, олардың тұрмыста, өмірде, спортта қол жеткізер көрсеткіштерін төмендетеді және көп жағдайда ерте жарым-жандыққа, кәрілікке алып барады. Ал жас азаматтарды «тепсе темір үзетін» жағдайға жеткізбей тежейді. Міне осылар, – дедім мен Әлекеңе, – сіз армандаған қазақ халқының терезесінің басқалармен тең тұруына бөгет болатын негізгі қасіреттер.

Әлекеңмен осы әңгімемізде бұл кемшіліктердің бір күнде жойылып кете қоймайтынына тоқталдық. Себебі, айтылғандар қазақ халқының өзіне тән этникалық терең тарихи тамырымен және ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын дәстүр-салтымен тығыз байланысты.

Ескі дәстүр-салт тарихи, саяси, жағрафиялық және экономикалық жағдайлардың өзгеруімен байланысты бірте-бірте ақырындап өзгеруі тиіс, бірақ бұл процесс көптеген, тіптен жүздеген жылдарға созылып кетуі де мүмкін. Қазақ халқының алдындағы міндет негізгі мақсат – осы процесті барынша жылдамдату деген тұжырымға келдік. Егерде, қазақтың мешеулігі сәтсіздігі жалпы алғанда оның денсаулығының нашарлығымен, тамақ құрамындағы белоктардың және жеміс-жидек, көкөністерден түсетін витамиңдердің жетіспеу­шілігінен десек, сонда не істеу керек деген өте қарапайым, бірақ нақты сұрақ туындар еді.

Физиологиялық қажеттілік тұрғысынан қарағанда, адам күнде еттен істелген тамақпен тамақтануы қажет. Ал ел арасында базары жоқ жерлерде күнде ет жеу сирек кездесетін жағдай болып кеткен. Оның бір себебі жаз айларында сойған малдың етін бүлдірмей үнемдеп жеудің мүмкіншілігінің жоқтығынан да. Бұл үшін әр үйде тоңазытқыш болуы қажет. Ал адам организміне керекті витаминдері бар өнімдер – көкөністер (оның ішінде әсіресе қажеттілері капус­та, сәбіз, тағамдық қызылша, картоп, помидор) жемістер (әсіресе қарақат) және қымыз тәрізді витаминдері бар осындай тағамдарды керегінше үзбей күнде пайдалану қажеттілігін жете түсінгенде әсіресе көкөністерді тұтынуды тамақтануда үздіксіз пайдалануды әдетке айналдырғанда ғана қазақ көкөніс, жеміс-жидектерді өсіруді және одан тағамдар жасауды салт­қа айналдырады. Ал мұндай салт-дәстүрдің қазақ халқының денсаулығын, тұрмыс жағдайын жоғары көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Айталық, егерде әрбір жанұясының үйінің жанында кішігірім бау-бақша болған болса, қазақ халқы өзінің тарихында сан рет кездескен аштықты басынан өткізбегенде болар еді. Керек десеңіз 1932 жылдың зұлматына да кездеспес еді. Қазақ аштықтан қырылып жатқанда, онымен көршілес басқа халықтардың аштыққа ұшырамауының бір басты себебі міне осында деп есептеген жөн.

Өзінің әңгімесінде Әлекең: «өкінішке орай, ел арасында, тіпті, оқығандардың ішінде де көкөніске қарсы насихат жүргізетіндер де аз емес. Кейбіреулер «Қазақ шөп жемей өскен халық еді ғой», – «Шөп жеп, мал болып кетеміз бе?» дегенді айтады. Мұның өзі провинциализмнің бір түрі екені анық. Басқа халықтардың өнері мен тұрмысының жетістіктеріне осындай жиренішті көзқарас туғызу, өзінің тұрмыс және өнер жағдайы мешеу­лікте болса да, оны көре білмеу, ауылдық, рулық салт-дәстүрлердің кейбір кемшіліктеріне қарамастан оларды мадақтау, қазақты жүзге бөлу нағыз провинциализмнің өзі. Осындай кертартпа надандықтың жолын қуғандарды кезінде Абай, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып, Шәкәрімдер қатты сынаған болатын» – деді.

Әлекеңнің осы айтқандарына дәлел ретінде Шәкәрімнен мына екі өлең шумағын келтіруге болар еді:

Сұрқия, сопылардың алма тілін,
Беті тұнық, асты ылай ол бір жылым.
Өнерсің өнеге алсаң үлгілі елден.
Адамшылық, өнер мен берер білім.

Алаяқ сұмдарға ерсең, болмас жолың,
Қазағым-ау, қаңғырып қайнар сорың,
Өнер-ғылым үйренсең, еңбек етіп,
Мазақ болмай елдікке жетер қолың.

Міне, қазақ елі бақытқа бөленіп, есейіп, гүлденіп, көркеюі үшін шыбын жанын құрбандыққа байлап, бітіспес қайсар күреске шыққан қазақ елін еркіндікке, теңдікке сүйреген, ел қамын жеген азамат Әлімхан Ермековпен сұхбаттасқанда ойда қалған, көңілде жүрген кейбір мәселелер осы еді. Оларды қағаз бетіне түсіріп, жұртшылыққа, кейінгі ұрпаққа жеткізгенді жөн көрдік. Әлекеңмен кездесу барысында, ол кісінің терең, тапқыр ойлы, шебер тілді ел қамқоршысы екені бірден көзге ұрып тұратын.

Тілегіміз, кезінде алты Алашқа әйгілі болған Әлекең сияқты ардақты ерлердің аруағы, қазақ халқын алда жебей берсін, оны мақсатына жеткізсін!

Баспаға ұсынған Айдар АТШАБАРОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button