АймақБас тақырыпБасты тақырыпҚарағанды

Қарағанды облысында қысқы спорт ақсап тұр

Төсінде алты ай қар жататын Арқаның қысын қайтесің, қысқы спортың ақсап тұрса. Жеке мұз аренасы бар қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубын қоспасаңыз болады бұл қатарға. Анау жақтағы Қарқаралы қаласын да тізімнен сыза тұрыңыз. Келешекте мегаполис қаланың бірі боламыз деп жүрміз ғой. Бірақ, табиғи-климаттық әлеуеті бар өңір бола тұра, қысқы спортты жолға қоя алмай келеміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында спорт саласын дамыту, оның ішінде қысқы спорт түрлерін дамыту қажеттігін баса айтқан болатын. Күні кеше Президенттің ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесу барысында: «Облыстағы ерекше табиғи-климаттық жағдай заманауи сауықтыру кешендерін ашуға зор мүмкіндік береді. Спорттың түрлі саласынан, әсіресе, қысқы спорттан ұлттық құрамаларды даярлау үшін өңірдегі спорт базаларын дамыта беру керек» деп баса айтқан болатын. Бүгінде Мемлекет басшысының осы бір сөзі дәтке қуат болып тұр…

Суреттер облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебінен

Чемпиондар ордасы

Қарағандыда қысқы спорт түрлерін дамытатын екі бірдей іргелі спорт мектебі бар. Соның бірі хоккей мен мәнерлеп сырғанауды өркендетіп отырған – «Қарағанды Арена» мұз сарайы. Ал, екіншісі 2001 жылы іргесі қаланған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы құрметіне ашылған спорттың қысқы түрлері бойынша облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебі. Бүгінде аталған оқу орнында конькимен сырғанау, шорт-трек, шаңғы жарысы және биатлон секілді спорт түрлері қамтылған.

Бұл мектеп – аймақтық деңгейде ғана емес, республикалық деңгейде де өз шәкірттерінің жетістіктерімен танылып келе жатқан білім мен спорттың ордасы. Соның айқын дәлелі былтыр осы мектептің түлегі Владислав Киреевтің Азия ойындарында командалық сында жүлдегер атануы. Бұл жетістік жас спортшының ғана емес, оны тәрбиелеп, үлкен спортқа жол ашқан оқу орнының да беделін биіктете түсті.
Бүгінде өңірдегі қысқы спорт түрлері алты бірдей спорт мектебіне бөлінген. Соның алғашқыларының бірі – «Ақжолтай» мұз спорт сарайы. Алайда, бұл нысан жекеменшікке тиесілі. Соған қарамастан, облыстық бюджет есебінен жыл сайын қаржы бөлініп, мұз айдыны жалға алынып отыр. Мәселен, былтыр аталмыш мұз айдыны 37 миллион теңгеге жалға алыныпты. Қазіргі таңда аталған спорт сарайында шорт-трек пен конькимен сырғанау үйірмесі үздіксіз жұмыс істеп тұр.

– Бұған дейін «Шахтер» стадионының жанындағы үлкен футбол алаңында коньки корты дайындалатын. Алайда, биыл футбол клубы алаңды толық жаңғыртқандықтан, мұз айдыны енді салынбайтын болды. Жыл сайын 16 желтоқсаннан бастап мұз қатырып, айдынды әзірлейтінбіз. Биыл қардың кеш түсуі де өз әсерін тигізді. Оның үстіне «Шахтер» футбол клубы алаңды пайдалануға бермеді. Ал, мектептің өз балансында жеке мұз айдыны жоқ. Сол себепті жекеменшік «Ақжолтай» мұз сарайын жалға алуға мәжбүрміз.
Бұған қоса, биыл ауа райының қолайсыздығы да қиындық тудырған болатын. Осы мәселені облыс әкімінің деңгейінде көтердік. Нәтижесінде, оң шешім қабылданып, алдағы үш жыл ішінде көпфункциялы мұз кешені салынып, пайдалануға берілетін болды, – деді мектептің басшысы Гүлнара Әліқұлова.

Мектеп балансына тиесілі екінші нысан Әлихан Бөкейхан ауданына қарасты ЖБИ орамында орналасқан. Кезінде қараусыз қалған екі қабатты балабақша ғимараты мектеп балансына алынып, шаңғы үйірмесі ашылған. Аталған ғимараттың дәл артында А.Байжанов атындағы саябақ бар. Бүгінде түрлі деңгейдегі жарыстар мен турнирлердің басым бөлігі осы саябақ аумағында ұйымдастырылатын көрінеді.

Ал, биатлоншылар Теміртаудағы «Строитель» стадионында дайындық жүргізеді. Мұнда мектеп балансына тиесілі бар болғаны 134 шаршы метр аумақ жалға алынған. Спортшылар осы шағын ғимаратта киім ауыстырып, ке­йін жаттығу жасау үшін стадионға шығады. Мектеп басшылығы бұған да «қанағат» етіп отыр. Дегенмен, мұндай ахуал биатлон секілді күрделі спорт түрін дамытуға толыққанды жағдай жасай алмайтыны айдан анық.

Нұра ауданы мен Южный, Топар, Долинка кентінде қысқы спорт түрлерінен тек шаңғы спорты ғана дамып келеді. Ал, серіктес қалаларда шорт-трек, конькимен сырғанау мүлдем жоқ. Айта кету керек, Қарқаралы қаласында да қысқы спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Бірақ, бұл мектеп облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының балансында. Десе де, мұнда да тек шаңғы спорты ғана жүйелі түрде жолға қойылған.

Жағдайға қарамай жаттығуда

Жалпы, облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің негізгі ғимараты Қарағандының орталық саябағында орналасқан. Кезінде бұл нысан бильярд клубы ретінде пайдаланылған екен. Кейінірек, 2000 жылдың басында аталған ғимарат мектептің балансына беріліп, ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде осы жерде жас конькишілер, шаңғышылар мен шорт-трек спортшылары жү­йелі жаттығып, кәсіби спортқа қадам басып келеді.

– Конькишілеріміз қыс бойы осы ғимаратта дайындалады. Ол үшін арнайы жаттығу тақтайларын сатып алдық. Спортшылар қыс мезгілінде сол тақтайларда шыңдалып, кейін мұз айдынына шығады. Ал, нәтижелі өнер көрсетіп, облыс құрамасына енген спортшыларды Астанадағы «Алау» мұз сарайына оқу-жаттығу жиындарына жіберіп отырамыз. Жаз мезгілінде конькишілер ролик киіп, ашық алаңда дайындалады. Бірақ, бұрын мұндай жаттығуларға арналған арнайы орын болмаған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2011 жылы роликпен жүгіруге арналған роллердром салынды. Жаз бойы балалар дайындықты осы жерде өткізеді. Осындай жағдайға қарамастан мектебімізден төрт бірдей Олимпиада ойындарының қатысушысы шықты, – деді мектеп басшысы.

Ал, шаңғышылар бұған дейін орталық саябақтағы көлдің маңайында дайындалатын. Алайда, биыл көлді тазалау жұмыстары жүргізілгеннен кейін, бұрынғы жаттығу алаңы жарамсыз болып қалыпты. Одан бөлек, өздері мектептің артқы жағынан ұзындығы 800 метр болатын шеңбер алаң жасап алған. Бірақ, бұл алаң спортшылар үшін тиімсіз болып тұр. Ұзындығы шектеулі қарапайым алаң кәсіби дайындықтың толық деңгейін қамтамасыз ете алмай келеді.

– 800 метр дегеніміз спортшылар үшін түк те емес. Әр спортшы жаттығу кезінде шеңберді бірнеше мәрте айналады. Кейде спортшылардың басы айналып жатады. Бірақ, әзірге қолымыздан келгені осы ғана. Жоқтан бар жасап, жас спортшыларды дайындап жатырмыз. Қазіргі жаттығу алаңдары тек түзу жерде ғана өтіп жатыр. Негізінде, шаңғышыларға дөңестері бар арнайы жер керек. Ал, ондай кәсіби алаң ел бойынша біздің өңірде ғана жоқ екен. Елдің бәрі «Сіздер жазда дайындық жүргізбейсіздер ме?» деп сұрайды. Керісінше, жазда нағыз жаттығу жұмыстары басталады. Біз өз күшімізбен роликпен жүгіруге арналған жолақ та жасап алдық. Бірақ, бұл жолақ стандартқа толық сай келмейді. Десе де, жаз бойы спортшыларды дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде дәл осы мектептің базасында тек осы екі жаттығу алаңы ғана бар. Қосымша инфрақұрылым әзірге жоқ, – деді Гүлнара Аташқызы.

Мектеп басшысы кейбір шәкірттердің жарыстан кейін көңілдері түсіп келетінін де жасырмады.

– Біз шаңғымен дайындалғанда тек тегіс жерде жаттығамыз ғой. Ал, жарыстар сыртқы аймақтарда, дөңес және таулы жерлерде өтеді. Біздің шәкірттер сол тұстарда дұрыс сырғанай алмай, қарсыластарынан қалып қойып жатады. Бұл – тәжірибе болмауынан. Енді бізге инфрақұрылымды жолға қойып берсе, спортшыларымыз бұдан да биік деңгейге жетер еді.
Қазір біздің көшбасшыларымыз – Абай ауданының спортшылары. Себебі, олардың жаттығу корты таулы аймақта орналасқан. Олар үнемі таулы жерде дайындалғандықтан, тәжірибе мен техникасы мықты. Сол себепті әрбір турнирде сол спортшыларымыз жүлдемен оралады. Десе де, мен барлық спортшыларға алғысымды білдіремін. Мектепте қажетті құрал-жабдықтар болмауына қарамастан, олар тұрақты түрде келіп, жаттығу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жүр, – деді Гүлнара Әліқұлова.

Азия ойындарының жүлдегері әрі Олимпиада ойындарының қатысушысы, биатлоншы Владислав Киреев дәл осы мектептің түлегі. Бұл спортшы да шектеулі мүмкіндігі бар жағдайда дайындалғанына қарамастан, керемет көрсеткіштерге қол жеткізді. Жалпы, ел бойынша Қарағанды өңірінде ған кәсіби биатлон трассасы жоқ екен.

Құрал-жабдықтарға қыруар қаржы құйылды

Қысқы спорттың құрал-жабдықтары басқа спорт түріне қарағанда әлдеқайда қымбат. Мәселен, бір спортшыны басынан аяғына дейін жабдықтау үшін кейде миллион теңгеге дейін қаржы кетеді. Біздің мұз айдынына күнделікті киіп жүрген конькилеріміз кәсіби деңгейге сәйкес келмейді. Сол себепті спортшыларға арнайы, сапалы және кәсіби құрал-жабдықтар қажет. Егер спортшы талапқа сай құрал-жабдықсыз жаттығатын болса, бұл оның денсаулығына зиян тигізуі мүмкін.

– Бір шаңғышыны толықтай жабдықтау үшін, үстіндегі киімінен бөлек, шаңғысын, қолына ұстайтын таяғына, тіпті, аяқкиім бекітетініне дейін жеке-жеке алынады. Конькишілерге арнайы тігілетін конькилерді аламыз. Олардың құны – 350 мың теңгеден кем емес. Көп адамдар кәсіби спортшылардың конькиді шұлықсыз киетінін біле бермейді. Сол үшін конькидің сапасы жоғары болу қажет.
Былтыр жаңадан құрал-жабдықтар алу үшін бюджеттен 35 миллион теңге бөлінген. Биыл тағы 16 миллион теңгеге өтініш беріп қойдық. Қазіргі уақытта шәкірттеріміз байрақты жарыстарға қатысып жатса, құрал-жабдықтарды өзге спортшылардан сатып алып, алмастырып киюге мәжбүрміз. Егер олай істемесек, нәтиже болмайды. Жаңа үйреніп жатқан шәкірттер дүкен сөрелеріндегі конькилермен жаттығады. Бізде конькилер бар. Бірақ, таңертеңнен кешке дейін екі ауысымдағы балалар кезекпен киіп, тоздырып үлгерді.
Бүгінде биатлонға қызығушылардың қатары жыл сайын артып келеді. Бастапқы кезеңде спортшыларды үйрету үшін пневматикалық мылтық қолданамыз. Ал, байрақты бәсекелерде спортшылар нақты атыс құралдарын пайдаланады. Ол құралдардың да бағасы шырқап тұр, – деді Гүлнара Әліқұлова.

Өңірде жаңа мұз кешені бой көтермек

Жоғарыда Қарағандыда жаңадан көп функциялы мұз кешені салынатынын айтып өттік қой. Бұл кешен Майқұдық пен қаланың Оңтүстік-Шығысындағы екі ортада салынып жатқан үлкен спорт кластерінің құрамына кіретін көрінеді. Сол аумақта бастапқыда «Шахтер» футбол клубының академиясы, үлкен стадион және спорт интернаты салынады делінген. Солардың қатарына дәл осы мұз кешені де еніпті. Кешен үшін 22 мың шаршы метр жер бөлініп, халықаралық стандарттарға сай екі қабатты ғимарат бой көтермек. Бірінші қабатында екі ірі хоккей корты, сол корттарды айнала өтетін 400 метрлік коньки жолағы салынады. Әрі жылдың төрт мезгілінде жұмыс істей беретін болады. Сонымен қатар, бір мезетте 500 көрермен жарысты тамашалай алуы үшін трибуналар да қойылмақ.

Екінші қабатта жаттығу, хореография және би залы, әкімшілік әрі басқа да залдар орналасуы жоспарлануда. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожуховтың қаулысы шығып, кешеннің сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Шамамен құрылыстың құны 16-17 миллиард теңге деп болжануда.

– Егер осы мұз кешені іске қосылса, барлық қысқы спорт түрі бір жерге шоғырланатын еді. Конькимен сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей үйірмесі ашылады. Одан бөлек, олимпиадалық ойын түріне енген керлинг спортын да қолға алуды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта бұл спорт түрі облыста мүлдем жоқ. Бұған дейін ашуды ойлағанымызбен, барлық спорт кешендерінде бос орын болмады.
Жаттықтырушы тапшылығы болмайды. Қазіргі уақытта жақсы нәтиже көрсетіп жүрген талай шәкіртіміз университет қабырғасында білім алуда. Мұз кешені ашылғанша, олар оқуын тәмамдайды. Сонымен қатар, қосымша жоғарғы оқу орындарына хабарландыру жасап, қажетті мамандарды тарту мәселесін де шештік. Бірақ жұмыс істейтін кешендердің аздығы әлі де басты кедергі болып отыр, – деді Гүлнара Аташқызы.

Түйін

Біздің өңірде таланты мен қабілеті мол жастар жетерлік. Олар осы мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, түрлі турнирлерде жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Егер алдағы уақытта қысқы спортты жүйелі түрде дамытып, оған көңіл бөлінсе, өңірден Азия, Олимпиада чемпиондары да шығатыны сөзсіз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда барлық мәселе – өңірдегі инфрақұрылымның жеткіліксіздігі секілді…

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button