Алтайдан жеткен әуен: моңғолиялық қандастар Теміртауда өнер көрсетті
Алтай – түркі мәдениетінің алтын бесігі. Түркітектес халықтардың түп-тамыры осы ұлы мекеннен тарайтыны әмбеге аян. Заманның талай алмағайып сәттеріне үнсіз куә болған асқақ Алтайдың ар жағында бүгін де өз ұлтымыздың өкілдері, қарагөз қандастарымыз өмір сүріп жатыр. Сол алыстағы ағайынның сағынышқа толы ән керуені күні кеше Бай-Өлкеден атажұртқа ат басын тіреп, Теміртау жұртшылығымен қауышты.

Қазақы дәстүрін бұзбай, ұлттық болмысын берік сақтаған өнерпаздарды қала тұрғындары зор ықыласпен қарсы алды. Теміртау мәдениет сарайында өткен ән кешіне көрермен лық толы болды. Кеш иесі, Моңғолия мәдениетінің озат қызметкері Ақтанберді Азатұлы – терме өнерінің танымал өкілі, ән қоржынында 130-дан астам туынды бар шебер орындаушы.
Өнерпаздар қатарында бұлбұл үнді, Моңғолия мемлекетінің озат қызметкері Сәттігүл Құмарханқызы, қоңыр дауысты опера әншісі Манатхан Тілегенұлы, сырлы үнді Молдабек Абылайханұлы және жас сазгер Оразбек Сейтахметұлы болды. Олардың орындауындағы Бай-Өлкеден жеткен әуендер өзіне тән мақамы, өзгеше иірімімен ерекшеленіп, тыңдарманды бірден баурап алды.

Құрыш қаланың тұрғындары алыстағы ағайынның өнерін аңсап күткенін көрсеткендей, кеш бойы ерекше ықылас танытты. Зал толы көрерменнің көлдей көңілі мен қуанышы құдды бір Бай-Өлкедегі қазақ ауылының думанды кеші іспетті. Көрермендер шат-шадыман күйге бөленіп, көшпелі өмірдің көне сарындарын жүрегімен сезінді.
Кеш соңында халық сахнаға шыққан өнерпаздарға тік тұрып құрмет көрсетіп, алғысын жаудырды. Бай-Өлкенің мәдени болмысын, ән мұрасын паш еткен бұл әсерлі кеш жиналған жұрттың жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



