Алпыс екі тамыр (Алақандай эссе)
Заманның запыранын зарлап та жырлаған, зерлеп те сырлаған, сөздің «жібек жібінен» «жыр-кесте» тоқыған ақиық ақын Дулат Бабатайұлының мынадай бір әдемі де әсерлі өлең жолдары бар:
Аяз қысса мүйізді,
Мүйіз қысып тұқылды…
Қанталаса тұқылы,
Алпыс екі тамырың,
Қаңсып қалған сықылды…
Алпыс екі тамыр… Сол алпыс екі тамырды иітіп, алпыс екінші жылы туған атан жілікті жігіттер биыл алпыс екіге келіп жатыр… Соның бірі… Әңгімені Дулаттан бастап едік, енді жайлап қана Дулатбековке көшелік. Иә, соның бірі – Нұрлан Дулатбеков! Заңғар заңгер. Зиялы зияткер. Ойлы оқымысты. Байсалды басшы. Даңқты доктор. Пайымды профессор. Абыройлы академик. Ақтоғайдың ардақтысы. Шеттің шандозы. Қарағандының қазағы.
Нұрекең туған бесінші мамыр баяғыда Баспасөз күні еді ғой. Содан ба, кейіпкеріміз әлі күнге дейін түрлі басылымдарға мақала жазып тұрғанды теріс көрмейді. Сондай-ақ, бұл күні әйгілі «Капиталдың» авторы Карл Маркс те дүние есігін ашқан. Нұрекең де қауға сақал Карл көкесі секілді баспасөзге жастайынан үйір болды. Жалпы, ол қай салаға да бейім екенін ерте байқатты. Депутат болып та көрді. Депутаттарды басқарып та көрді. Жекеменшік оқу орнына да жетекшілік етті. Мемлекеттік оқу орнының да тізгінін қолға алды. Қазір – қарға тамырлы қазақтың басын қосқан Қарағанды университетінің ректоры. Бөкетов атындағы қасиетті құтхананың бас иесі. Сыйлы. Сырбаз. Санаткер. Қадірлі. Қағілез. Қайраткер. Кандидаттық және докторлық диссертацияларының салақұлаш сөйлемнен тұратын тақырыптарының мән-мазмұнын қысқаша түйіндесек, «Қылмыс пен жаза» дегенге саяды. Яғни, екі еңбегінің де арқауы – жаза белгілеу мәселесі. Нұрекеңнің жаза жайлы жазбалары қоғамның тынысын дөп басты. Тегінде, қылмыстан қашық, жазадан жырақ ізгі әлемді аңсайды біздің криминолог кейіпкеріміз.
Қаршадай ғана қарақанат бозбала кезінде кеншілер қаласына келіп, қолына қайласын ұстап, шахтаның шыңырауына түскен Жұмекен ақын:
Қарағанды бір қараған секілді,
Күйе басқан кірпіктерін сәл ашып.
Содан кейін менің қоңыр бетімді,
Сүйді желі күн нұрымен таласып, – деп толғаған екен. Сол Жұмекен ағамыздың шабытын оятқан қазыналы Қарағандының кірпігіне күйе жұқтырмай, көшесіне кір шалдырмай, аяулысындай аялап жүрген ардақты азаматтар көп-ақ. Ілгеріде даңқты дәрігер, ділмар шешен Ғабдолла Құлқыбаев біздің бағдарламамызға берген бір сұхбатында «Әл-Фараби: «Егер қалада терең білімді, аса зиялы бір адам тұратын болса, ол қаланың бақытты шаһар екеніне дау жоқ» депті. Ал біздің Қарағандыны дәл сондай бір емес, екі адам мекендеді. Олар – Евней Бөкетов пен Жайық Бектұров. Демек, біздің Қарағанды екі есе бақытты», – деп еді…
Шынында да кеншілер қаласы – зиялылардан бағы жанған қала. Сол зерделі зиялының бірі – ғибратты ғалым, білікті басшы, зиятты заңгер Нұрлан Дулатбеков. Ақыл-ойдың алыбы Евней Бөкетов негізін қалған баршаға белгілі оқу орнының басшысы ретінде де, өз саласына жетік зерделі зерттеуші ретінде де өзіне жоғары талап қояды. Үнемі ізденеді. Тыным таппайды. Ешқашан қол қусырып, қарап отырмайды. Біресе, өз отаны – Жапонияны жерсінбей, қазақ жұртына қайтып оралған Ақтастағы Ахикомен сырласып тұрады, біресе Сергей Есениннің бел баласы Александрды іздеп, АҚШ-қа жол тартып кетеді. Енді бірде тарихтың ақтаңдақтарын ақтарып, архивте жүреді. Тағы бірде қала қонақтарын іргедегі Қарлагқа бастап алып бара жатады. Қарағандыдағы Қарлаг музей-кешенінде одан көп болған адам жоқ шығар. Осымен нешінші рет бара жатыр екен сол ғимаратқа? Бәлкім, жүзінші, бәлкім, мыңыншы…
Көп жылдан бері Алаш арыстарының мұрасын жан-жақты зерттеп келеді. Бұған сол дәуірдегі ел ардақтыларының біразының мамандығы заңгер екендігі де әсер етпей қойған жоқ. Заңгер ғалым заңғар тұлғалардың ғибратты ғұмырнамасы мен миятты мұрасын жеріне жеткізе зерделесе несі бар?!
Жауынгер жырау Доспанбеттің:
Азаулыда аға болған ерлер көп еді,
Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді, – деп келетін жорық жыры естеріңізде болар. Сол дүлдүл жырау айтқандай, өз жұртында аға болған Нұрекең алмаға ат байламаса да, биылғы көктемде алпыстың екеуіне кеп ат байлады!
Кезінде Жұмекен ақынның «Қарағанды қайнап жатыр, бір ыстық, бір керемет жүректердің күшімен» деп жырлағаны бәрімізге аян. Ендеше, Қарағандыны Жұмекен дәуірінен Нұрекең дәуіріне дейін бұрқ-сарқ еткізіп қайнатып жатқан «әрі ыстық, әрі керемет» жүректердің бірі менің заңгер досымның кеудесінде соғып тұр…
* * *
Алпыс екі тамырыңыз жүрегіңіздің көзін ашып, санаңызды сәулелендіре түссін! Алтын тамыр… Жылы жүрек… Сергек сана… Мұның бәрі бар сізде! Соның қай-қайсысын да уысыңызда ұзағырақ ұстауға жазсын!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ.