Спорт

«Сарыарқа» хоккей клубы алматылықтардан айласын асырды

Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы ел чемпионатының кезекті турында басты қарсыластарының бірі «Алматы» клубымен кездесті. Сырт алаңда өткен ойын 4:1 және 5:4 есебімен жерлестердің пайдасына шешілді.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Өткен жылы қос команда өзара 11 мәрте жолығып, оның жетеуінде жерлестер жеңіске жеткен. Биыл Pro Hokei Ligasy аясында жыл басында қайта кездесіп отыр. Бұл жолы да жерлестердің асығы алшысынан түсті.
Алғашқы кездесуде қарағандылықтар ойын басталысымен басымдыққа ие болып, тактикалық тұрғыда шабуылға кірісті. Кездесудің төртінші минутында есеп ашты. Шайба авторы – Радель Фазлеев. Сөйтіп, екінші айналымның небәрі бірінші минутында Никита Баженов көзге түсіп, есепті еселеген. Алайда, алаң иелері 27-минутта қақпашы Жакен Ибрагимовтың қақпасынан саңылау тауып, есеп алшақтығын қысқартты. Бірақ, «Сарыарқа» сапынан 29-минутта – Михаил Степанов, 44-минутта – Данила Карабан есепті 4:1-ге жеткізіп, бірінші кездесуде командасына жеңіс сыйлады.

Қарымта кездесуде алаң иелері бастапқыдай емес, мұз айдынына тың күшпен оралды. Тіпті, ойын басталысымен бірінші және үшінші минутта есеп ашып, екі шайбамен алға шыққан. Бұдан кейін қарағандылықтар сапынан 13-минутта – Сергей Барбашев, 23-минутта – Данила Карабан, 30-минутта – Артем Лихотников көзге түсіп, керісінше, қарсыластардан басым түсті. Екінші айналымның соңғы сәтінде алаң иелері қайта шабуыл ұйымдастырып, таразы басын теңестірді. Есеп – 3:3.

Үшінші айналым басталысымен жерлестер сапынан қорғаушы Эдуард Михайлов қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Алайда, алаң иелері 57-минутта қайтадан есепті теңестіріп, ойынның негізгі минутын тең есеппен аяқтайды. Осылайша қарымта кездесу овертайм уақытына ұласып, соңында жерлестер жеңіске жетті. Бұл жолы командасына жеңіс сыйлаған – қорғаушы Сергей Барбашев.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button