Спорт

Алматылықтар Арқадан ұпайсыз қайтты

Футболдан Қазақстан Бірінші лига ойындарының 15 туры тәмам. Бұл кезеңде қарағандылық «Шахтер» өз алаңында алматылық «Хан Тәңірі» клубымен қарымта ойын өткізіп, кездесу 3:0 есебімен қарағандылықтардың пайдасына шешілді. Айта кетейік, қос команда арасындағы бірінші матч та 3:2 есебімен жерлестердің жеңісіне жол ашқан болатын. Бұл жолы да олар басым түсіп, алматылықтарға мүмкіндік қалдырмады.

Суреттер клубтың баспасөз қызметінен

Жерлестер допты ойынға қосқан бойда шабуылды өрбітті. Қос қапталдан кезек ұйымдастырып, тактикалық тұрғыда қарсыластарына мүмкіндік бермеді. Осындай кезекті шабуыл барысында алаң иелері гол салған болатын. Алайда, төреші ойыншының алаңнан тыс қалғандығын айтып, голды есептемеді. Ойынның 18-ші минутында алматылық клуб қорғаушысы Шерхан Асанбекке ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін төреші «сары қағазын» көрсетті.

Кезекті шабуыл барысында шабуылшы Максим Галкин оң қапталдан ойысып, алаң ортасында жүрген әріптесі Богдан Савкивке пас асырған еді. Ол допты өзіне қабылдап, қақпаның төменгі бұрышына бағыттаған. Алайда, қарсылас команда қорғаушылары жоғары жылдамдықпен ұшып бара жатқан допты аяғымен қағып, қақпашының қолына салып берді.

Ойынның 36-шы минутында «Шахтер» шабуылшысы Сұлтан Шымырхан да «сары қағаз» алып қалды. Осылайша, қос команда арасындағы қарымта кездесудің бірінші таймы 0:0 есебімен аяқталады. Алғашқы таймда алаң иелері ойын тізгінін өз қолына алып, допқа иелік етуде айқын басымдық танытты. Одан бөлек, қарсылас қақпасына үш бірдей дәл соққы жасап, тоғыз мәрте бұрыштама добын орындаған.

Екінші таймнан бастап, «Шахтердің» бас бапкері Александр Кузнецов алаңға тың ойыншыларды шығарды. 46-шы минутта Уәлихан Мұхаметжановтың орнына Аңсар Алтынханды алаңға шығарды. Одан бөлек, 64-ші минутта Әлихан Исраиловты Эльхан Саидов, 65-ші минутта Арман Нүсіпті Айдос Тәттібаев алмастырды. Қарсыластар да қарап қалған жоқ. Қосалқы құрамда отырған үш бірдей тың ойыншысын алаңға шығарып үлгерді. Дегенмен, олар үшін екінші таймда жасаған өзгерістер, тактикалары жүзеге аспады. Керісінше, жерлестердің ойыны жүрді.

78-ші минутта алаңға тыңнан қосылған Эльхан Саидов есеп ашты. Оң қапталдан асырған әріптесінің пасын еш қиындықсыз қақпаға бағыттап, командасын есепте алға шығарды. 82-ші минутта Максим Галкин көзге түсті. Алаңның орталығынан басталған шабуылға Айдос Тәттібаев нүкте қоймақшы еді. Бірақ, қарсылас қақпашысы Дәурен Тоқмағамбетов допты кері қайтарды. Кері қайтқан допқа Максим бірінші жетіп, есепті еселеп кетті. Араға үш минут салып, Айдос 11 метрлік айып добын орындап, командасына жеңіс голын сыйлайды.

Бүгінде турнирлік кестеде 38 ұпаймен ақтаулық «Каспий» клубы көш бастап тұр. Одан кейінгі сатыға павлодарлық «Ертіс» командасы көтерілген. Қанжығаларында – 33 ұпай. Ал, бар болғаны бір ғана ұпай айырмашылығымен жерлестер – ІІІ орында. Дәл осындай ұпаймен өскемендік «Алтай» клубы өкшелеп келеді. Енді жерлестер айдың басында павлодарлық «Ертіспен» қарымта ойын өткізеді. Команда тағдырын осы ойын шешпек.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button