«Алматыдан» айласын асырды
«Сарыарқа» клубы ел чемпионатының плей-офф кезеңіндегі «Алматы» клубына қарсы үшінші кездесуінде жеңіске жетті. Бұл жолы жерлестер қарсыластарынан 3:4 есебімен басым түсті. Ал, жалпы үш кездесу бойынша есеп – 1:2. Алда әлі екі ойын бар.
Екі кездесудің қорытындысы бойынша қарсыластарына есе жіберген жерлестердің бұл жолы қателесуіне болмайды. Себебі, алматылықтар үшінші ойында да жеңіске жетсе, келесі кезеңнің жолдамасын алып кетеді. Сондықтан, қарағандылықтарға міндетті түрде үшінші ойынды жеңу керек болды.
Не дегенмен де, алматылықтар осы сезонға мығым дайындықпен келіпті. Жерлестерімізді де алғашқы екі кездесуде сан соқтырып кетті. Қарсыластар әдетіне басып, үшінші кездесуде де алғашқы болып есеп ашты. 11-ші минутта көзге түскен – шабуылшы Станислав Рангаев. Шабуылды өздері бастады да, соңын нәтижелі аяқтады. Бірақ, 15-ші минутта қарағандылықтар сапынан қорғаушы Иван Верещагин таразы басын теңестірді. Осылайша бірінші айналымда қос команда 1:1 есебімен тарқасты.
Екінші айналымда ойын қыза түсті. Әуелі жерлестер сапынан Артем Валеев 22-ші минутта шайба салып, командасын алға шығарған еді. Араға бес минут салып, қарсыластар сапынан Владислав Туник таразы басын қайта теңестірді.
12-ші минутта жерлестер қайта бір шабуыл ұйымдастырды. Шабуыл барысында Егор Кузьменко әріптесі Тимур Шингареевке пас беріп үлгерді. Ол алдына келген шайбаны қақпаға тура бағыттап, есепті 2:3-ке жеткізеді. Алматылықтар ойынның аяқталуына төрт минут қалғанда есепті қайта теңестірді. Бұл айналымда да қос қарсылас тағы тең тарқасты. Таблодағы көрсеткіш – 3:3.
Үшінші айналымда қос команданың жасаған соққылары қақпаға дарымай, есеп өзгермеді. Ал, кездесу овертайм уақытына ұласты. Жерлестер бұл жолы келген мүмкіндікті мүлт жібермей, шешуші шайбаны қарсылас қақпасына тоғытты. Осылайша, жерлестер қарсыластарын үшінші кездесуінде жеңіп кетті. Бұл дегеніңіз, келесі кезеңнің жолдамасын алуға әлі де мүмкіндігіміз бар деген сөз.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан