Алмагүл Әтенқызы: ұлттық киім музейдегі экспонат емес
«Бала күнімнен ине-жіпке әуес болдым. Анам түрлі киім үлгілерін пішуді үйретті. Әр тіккен дүниемнен ләззат алып, марқайып қалатынмын» дейді шебер Алмагүл Әтенқызы. Бүгінде кейіпкеріміз ана сүтімен бойына дарыған қасиетті өнермен ұштастырып, жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Былтыр «Бастау бизнес» жобасының грантын иеленіп, ұтқан қаржысына тігін машиналарын алды. Қазір сүйікті ісімен нәпақасын айырып отыр. Кәсіпкер ұлттық киім тігіп, құрақ көрпе пішіп қана қоймайды. Жүн түтіп, киізді де басады, шиді де тоқиды. Ұршықты та айналдырады.
– Қазір тапсырыс бойынша жұмыс істеп жүрмін. Алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеп, білетінімнің бәрін үйреткім келеді. Ата-бабадан қалған құнды мұраларымыз ұмыт қалмаса екен деген тілегім бар. Алайда, соңыма шәкірт ертудің өзінде де мәселе қаржыға келіп тіреледі екен. Бұл, тек бір адамның қолынан келе бермейтін шаруа. Сондықтан демеу керек, – дейді Алмагүл Әтенқызы.
Кәсіпкер мектеп формасын да тігеді екен. Алыс-жақын көршілерінен, таныстарынан тапсырыс қабылдап, осы уақытқа дейін бірнеше данасын саудалап үлгерген. Сапасы жоғары әрі бағасы да қолжетімді болғандықтан тауарға сұраныс та артып келеді. Енді жаңа оқу жылы қарсаңында акция ұйымдастырып, қол туындыларын сол жерде көппен бөліспекші.
Бүгінде шебер жеке тапсырыс бойынша шапан тігуде. Жұмыс үстелінің үстінде сырып тігу әдісімен тігілген шапанның нобайы дайын. Көлденең түскен арнайы сызықтар қолдан тігіліпті. Ал, матасы – түрік велюры. Астарын синтепон және бамбук матасымен көмкереді. Жүрек тұсын қазақша ою-өрнекпен әспеттепті. Ендігі жұмыс – тігілмей тұрған жағасы. Ал, тапсырыс беруші шапанға түйме емес, замок тігуді жөн көріпті.
– Ұлттық киімдерді көбірек тігуді жөн санаймын. Күнделікті киіп жүруді әдетке айналдырып, насихаттасақ екен. Жасыратыны жоқ, ұлттық киімдерімізді тек мереке күндері ғана сандықтан шығарамыз. Келешекте жұмыс орнын ашып, жұмыссыз жүрген ісмерлерді жаныма тартқым келеді.
Әр клиенттің өзіндік стилі, талабы бар. Әуелі тапсырыс берушіден шапанға қосқысы келетін тетіктерін сұраймын. Содан кейін клиенттің өлшемін алып, пішу жұмыстары басталады. Қалтасы мен оюлары бөлек тігіліп, артынша біріктіріледі. Әр нәрсенің өзіндік қиындықтары бар. Мәселен, шапан тігуде қолтығы мен жеңін негізгі детальға біріктіру қиын. Кейде артық қиып қоясыз. Ал, ондай жағдайда қайта тігуге тура келеді. Жағасын тігудің де өзіндік қиындықтары бар. Әрине, әуелі шыдамдылық қажет, – дейді шебер.
Бүгінде аймақта ел біле бермейтін, көп алдына шыға бермейтін ісмерлер көп. Тасада жүрген өз ісінің мамандарын қолдау мақсатында өңірде «Дарабоз» қоғамдық қоры ашылған. Жұмысын бастағанына көп уақыт болмаса да, 30-дан астам шебердің басын біріктіріп, жұмыстарын елге насихаттап келеді. Жақында Астана күніне орай өткізілген көрме-байқауға шеберлердің жұмыстарын апарып, көпшілік назарын өздеріне аударып қайтты.
– Өңірде біз біле бермейтін ісмерлер, шеберлер көп. Сондай жандарды елге көрсеткім келеді. Астанада өткен байқауда жұрт назары өңірден шыққан шеберлерге ауды. Туындыларының сапасына да, бағасына да қатты қызықты. Өнімдеріміздің бәрі бір күнде саудаланды.
Сол күні «мына дүниелерді өзіміз тіктік» деп талай шапан әкелген алып-сатарларды көрдік. Олар қолы іс білетін шеберлерге тапсырыс беріп, «өзіміздікі» деп еселеп сатып жүр. Сол кезде көрме ұйымдастырушыларының ұстанымына тәнті болдым. Әлгі алып-сатарларға тігу процесіне, матасы мен құрылысына байланысты сұрақтар қойды. Әрі жұмыс процесінен видео жазба талап етті. Олар қойылған сұраққа жауап бере алмай, тауарларын кері алып қайтты. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген жандардың еңбегін бағалау керек. Қордың мақсаты да – осы, – дейді қор директоры Әсемгүл Жакупова.
Ербол ЕРБОЛАТ.
Суреттерді түсірген автор
Ortalyq.kz