Covid-19

Аллергиясы барлар алаңдамасын

Көк шығып, гүлдей бастаған кезде көпшіліктің аллергиясы қозатыны белгілі. Дегенмен, ондай адамдар алаңдамай вакцина ала беруіне болады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мамандар осылай деді.

– Кез келген ауру сияқты аллергияның да асқынған кезінде вакцина салдыруға болмайды, – деді Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиева. – Егер, анамнезде қандай да бір дәріге немесе бұрын алған вакцинаға реакция байқалған болса, вакцина салмайды. Ал, басқа аллергиялық реакциялар, оның ішінде, көктемгі поллиноз вакциналауға қарсы көрсетілім емес.

Профессордың айтуынша, вакциналардың құрамында антибиотиктер немесе аллергия тудыратын дәрілер жоқ. Вакцина алғысы келетін, бірақ, аллергиялық реакциясынан қорқатын адамдар екпені антигистаминді дәрілермен бірге алуына болады. – Вакцина алардан екі күн бұрын аллергияға қарсы дәрілерді ішіп, егілуіне болады. Вакцина алғаннан кейін де 2-3 күн бойы сол дәрілерді қабылдаған жөн, – деді Л.Ералиева.

Аяғы ауыр әйелдерге де вакцина салуға болмайды. Бірақ, әйел адам өзінің жүкті екенін білмей, вакцина алып қойған болса, бұл, жүктілікті тоқтатуға себеп емес екенін елдің бас репродуктолог маманы Вячеслав Локшин атап өтті.

– Жүкті әйелдер ауруды қиын өткереді. Сондықтан, жүктілікке дейін вакцина алып алған дұрыс. ЭКО-ға дайындалатындардың барлығына емдік шаралар басталғанға дейін 1 ай бұрын вакцина алып алуға кеңес береміз. Тұмауға қарсы вакцинаны жүкті әйелдер ала береді. Бірақ, коронавирусқа қарсы вакцина бұл қатардағы әйелдерге зерттелмегендіктен, қарсы көрсетілім болып табылады, – деді Репродуктивті медицина қазақстандық ассоциациясы президенті В.Локшин.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші компонентін бұрынғыдай 21 күнде алуға болатынын мәлімдеді. Ол үшін ешқандай арнайы құжат қажет емес. Вакцинаның бірінші компонентін алған жерге немесе тұрғылықты жер бойынша емханаға баруы керек.

Осыған дейін «Спутник V» вакцинасын шығарушы Гамалей атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының директоры А.Гинцбургтың ұсынысымен вакцинаның екінші дозасын алу мерзімі 21 күннен 90 күнге ұзарған еді. Енді, қалаған адам вакцинадан кейін 45 немесе 90 күнді күтпей-ақ 21 күннен кейін екіншісін салдыра береді. Айта кетерлігі, мұндай өзгеріс тек «Спутник V» вакцинасына ғана қатысты. Ел көлемінде қолданылып жатқан қазақстандық «QazVac» пен БАӘ шығарған «Hayat-Vax» вакциналараның екі компонентінің арақашықтығы – 21 күн.

Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдегендей, қазіргі таңда елде «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентінен 200 мыңға жуық доза, екінші компонентінен 220 мыңнан астам доза бар. Сонымен қатар, 28 мыңнан астам доза көлемінде «QazVac» және қытайлық «Синофарм» компаниясмен бірлесіп әзірлеген БАӘ келген «Hayat-Vax»-тың 350 мың дозасы тұр. Осы аптада аталған вакцинаның екінші компонентінен 400 доза жеткізіледі деп күтілуде. Ведомствода мәлімдегендей, ел көлемінде вакцинаға тапшылық жоқ.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button