Қаллекидің жалғасы
Қазақтың сахна өнеріне Қарқаралы перзенттерінің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бұл ретте қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО Халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Қалибек (Қаллеки) Қуанышбаевты немесе Қазақстанның және КСРО-ның Халық артисі Шолпан Жандарбекованы айтсақ та жеткілікті. Және бұл дарындар сабақтастығы ешқашан үзілген де емес. Астанадағы сол Қаллеки театрының негізін салушылардың бірі, сол Шолпан апайдың төл шәкірттерінің бірегейі, актер жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Қалыбекұлы Ыбыраев өткен жұмада туған жеріне келіп қайтты.
Бұл күнде жетпістің желкенін керген Болат аға еліне театрдағы әріптестерімен бірге келіп, жарты ғасырлық өнер жолынан есеп берді. Өнер иесі жетпіс сынды ақсақал жасына жетуімен қатар сахнаның да құрмет төріне озған жайы бар. Сахна саңлағы Ғ.Мүсіреповтің «Ақан Сері-Ақтоқтысындағы» – Жалмұқан, «Қыз Жібегіндегі» – Базарбай, М.Әуезовтің «Қара Қыпшақ Қобыландысындағы» – Көбік, «Қарагөзіндегі» – Жабай, «Абайындағы» – Оразбай, «Еңлік-Кебегіндегі» – Кеңгірбай би, Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күніндегі» – Едіге, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» – Диуана, У.Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасындағы» – Пастор, «Гамлетіндегі» – Полоний, А.Чеховтың «Ваня ағайындағы» Войницкий сияқты көптеген айшықты рөлдерімен көрермен қошеметіне бөленген.
Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың ұжымы ат басын алдымен Ақжол ауылына тіреп, осындағы Қаллеки атындағы тарихи-өлкетану музейіне саяхат жасады. Ұлы ұстаздың рухына тағзым етіп, өткен-кеткеннен тәрбиелік мәні зор әңгіме өрбітті. Ал, кешкісін Қарқаралыдағы Ш.Жандарбекова атындағы мәдениет үйінде үлкен өнерге сусаған елге «Кеш» спектаклін ұсынды.
Бұл «Кеш» – еліміздегі драма театрларының 18-ші республикалық фестивалінде Гран-при иеленген үздік қойылым. Белорус драматургі А.Дударевтен қазақтың аяулы ақыны Фариза Оңғарсынованың өзі қазақшалаған шығарманы режиссер Болат Ұзақов осыдан он бес жыл бұрын сахналаған.
…Сахнада – келешегі бұлыңғыр ауылдың күйі. Онда тек қаладағы бала-шағасына алаңдаумен күн өткерген кәрі-құртаң ғана қалған. Бар ермегі мен тіршілігі – құдықтан су тартып, болмашыға құнжыңдап жүріп, күллі тіршіліктің тілеуін тілеу. Қазақтың жанынан да, тәнінен де әлі кетпеген әлеуметтік жара. «Кешті» көріп отырсаңыз, Жаратушы адамды жер бетіне осы бір мұздай әлемді әлдилеуге жіберген-ау, ал біз болсақ не істеп жүрміз деген ой кимелей береді… Сахнада үш-ақ кейіпкер: Василий (Мультик), Никита (Гастрит) және Ганна. Сәйкесінше рөлдерді ойнаған Болат Ыбыраев, Мейрам Қайсанов, Күлия Қожахметова – үшеуі де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Үш майталманның өнерін дүйім жұрт екі сағат бойы демін ішіне тарта тамашалады. Әлбетте, мұның бәрі режиссер бастаған сахна сыртындағы өзге де шеберлердің мықтылығы екені даусыз.
Айтқандай, Қаллеки театрында осы спектакльдегі Ганна рөлін ойнайтын негізгі актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рымкеш Омарханова да – Қарқаралы ауданының тумасы. Сонау 90-шы жылдардың басына дейін Қарағандыдағы Сәкен театрының белді артисі болған ол кісі де Болат Ыбыраевпен қатар Астана барып, Қаллеки театрының уығын қадасқан. Бұл күнде сексен бес жастағы актриса анамыздың әлі де сахна төрінде жүргенін естіп қуанып қалдық.
Өз тойын елдің тойына айналдырған Болат Қалыбекұлына жерлестері де лайықты құрмет көрсетті. Қарқаралы қаласының әкімі Аслан Рахымбергенов театр ұжымына алғыс білдіріп, мерейтой иесіне сый-сияпат жасады. Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры директорының орынбасары Артур Ізтілеуов те театр ұжымы атынан ауданға естелік сыйлық табыстады. Өнерпаздар ертеңіне Болат ағаның туған жері Нұркен ауылында болып, «Кешке» ағайындарын шақырды. Қалың ел кешегі Қаллекиінің жалғасымен қауышты.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz