«Алланың өзі де рас,сөзі де рас»
Адам баласы Алла тағаланың айтқанындай қылып білдіретұғын құдіретін әуел бастан сезген. Оның өмірлік сауалдарына жауапты жаратылыс заңынан іздеуі орынды еді. Көзге көрінбесті, қол жетпесті тірі жан көңіл күйімен, ақыл түйсігімен барлағанын қол жазуы дәлелдеп тұр. Әуелде жан иесі тағылық жан-жануар әлемінен ақыл мен сезім арқасында бөлініп шығыпты. Бізге сол ақыл мен сезімге ие болу мүмкіндігін берген қолымыз. Кәдімгі бес саусақ пен алақан. Кісі дегенің бойын тіктеп тұрған сәттен әр нәрсенің ыңғайын, ретін, жөнін қол арқылы танып, хайуанша жүріп күнелтпек тіршілігінен құтылыпты ақырында. Қолы табыс құралына айналған соң пенденің аузы жыртып-жұлудан босап, сөйлеу органдары жетіле келе тілі шығып, көмейі бүлкілдепті. Жан иесінің миы толысып, ақылы асты, ойы өсіп-өнді, «қуатты ойдан бас құрап сөз шықты еркеленіп» (Абай). Көңілі ұғуға, пейілі ұқтыруға ұмтылды, пайымы артты, пайда табуды үйренді. Келе-келе «мұң мен зарды қолға алды. Шымырлатып бір-бірлеп, Домбыраға қол соқты» (Абай). Ел-күн болуға жол тапты. Әрбір істің себебін іздеп бақты, жұмбақ сырға толы ғалами ғылымға да қол созып адами ғылым өсіп-жетілді. Білгірі бекер жатуды қаламай қол жазуды ермек етіп, ойын небір затқа таңбалап бөрлеп көрген соң-ақ жазу мәдениеті қалыптасты. Алғы жазудың бір түрі ойма жазу еді. Көне грек тілінде «oimoh» – аңыз, әңгіме, өлең. Біздің әңгіме, қазақ ойы мен сөзінің арғы, түп негізі һақында болмақ. Себебі, қазақ та адам баласы болған соң, ол да дамудың бар сатысын басынан ел қатарлы өткергенін, өркениетке өз үлесін қосқанын алыс- жақын көршілердің әліпби тарихынан көреміз. Қытай және жапонның ғылыми әдебиетінде қалыптасқан термин – Цзя гу вэнь. Бұл – тасбақа сауыты мен жануарлардың сүйегіндегі таңбалардың жалпы атауы. Бұрын бұл халық тасбақа сауыты мен жануарлар сүйегін ойған, сол ойықтарды ұшы отқа қыздырылған болат істікпен күйдіргенде пайда болған сызаттар бойынша бал ашқан. Қытай ғалымдары Шань-Инь кезіндегі жазу-сызба үлгісін «бұрынғының ізі» деп санайды. Көмескі тартқан бұл ізге үңіліп көрелік. Біздің жыл санауымызға дейінгі XIV–XI ғасырлардың жазбаша ескерткіштерінен белгілі болғандай, Қытайда арғы шыққан тегін, ата- бабаларын атеистік сенімнің рәміздік символдары арқылы белгілеген. Соның бірі – үшбұрыш. Өсіп-өнгіш құт-қасиетке ие пішіні үшбұрыш сызбалы пиктографикалық таңбаның бірі «Би» нышанының мән-мағынасы: арғы тек – ана деген ұғымды жеткізген. 1899 жылы Хэнань провинциясы Аньян қаласының маңындағы ван-патша Пань Гэнь қабырғасын қалаған бұрынғы Инь астанасының орнында табылған бал ашу құралы тасбақалар сауыты мен сүйектерде (жауырын) бәдізделген эпиграфикалық мәтіндерде «у» , «ди», «пи» таңбалары да «би» бейнесінің мәнімен бір ұғым берген. Үшбұрышты өрнек бар өркениет мәдениетінде бастауды тану дәстүрімен байланысты. Табыну емес – тану. «Үшбұрышқа» бар тіршілік иесіне өсіп-өну сипатын дарытушы деп киелік қасиет теліген. Қазақта қойдың жауырынын етінен ажыратып, қалақтың төменгі бұрышын үшбұрыштап кертеді. Бұл – өткенді есте сақтау танымынан туған. Таңба танба дейді. Қазақы үшбұрышты тұмар. Қыбырай бидің жас Төле биге берген батасынан: «Тарпаң туған тұмарлым. Көреген көзді бол. Сезеген сары сөзді бол». Көне гректе «deltoV»- үшбұрышты жазу тақтасы. Үш ел – ежелгі бір ұғым, бір таңба. Өсіп-өну ұғымы, өмір символы. Адамды Алла тағала өсіп-өнсін деп жаратқан. Оның үзілмес нәсіліне азық болсын деп барша жан-жануар дүниесін қоса берді. Қорғаныш ретінде ғарыш үйін тікті. Жаратушы-қорғаушы һәм қамқоршы. Бітпес, шексіз, өлшеусіз – рух. Гегель рух сүйекте десе, қазақ «сүйегің кім» деп сұрайтын. Латын тілінің сөздігінде «alа» сөзінің бір мәні – иық, жануарларда алдыңғы жауырыны. Жауырын – жалпақ, үшбұрышты сүйек. Қазақ жауырынмен бал ашқан. «Басың ауырса палшы ізде» деген ертедегілер. Пал аштырды, пал қылды. Хет тілінде «pal» – алақан. Көне исланд тілінде «ала» – асырау. Ғұмыр үшін күрес те толас жоқ. Бұл – жаратылыс заңының талап, билігі -бәсекеде жеңу, бар болу. Рим құқығында «man» – қол, жұдырық. Билік белгісінің бейнесі, символы. Латында «Ala» – таза поэзиялық мағынасы – қанатталған, рухтанған. Алаш – толық адам. Ала – қайраткер. «Ман» – билік иесі. Аламан. Қырғыз эпосындағы тұлға – Манас. Ас – бірінші деген сөз. Манас – бірінші билік иесі. Эпостағы Манастың әкесі алпыс бес жастағы Жақып ұлына Бұхар ханының қызы Қаныкейді алып бермек болып құда түседі. Істің жөні қалай болар екен деп құмалақ – төлге тартады. «Төлгесін тартты төлегі. Басы түсті тоғыз деп, Аяғы түсті сегіз деп». Қырық бір төлге асығы бар. Қырғыз бақсысы еліктің асығымен бал ашқан. «Асық» – малдың және басқа жан-жануарлардың сирағы мен сан жіліктерін жалғастыратын, бір жағы қуыс, бір жағы дөңес төрткүл топса сүйек. Заттың атауы атқаратын қызметінен туындайды. Асық – жалғастырушы, топса. «Топса көрген» – жол-жораны, көпті көрген кісі. Жорық алдында бал ашуға қатысқан асық сакральді – киелі зат, ерекше тылсым күшке ие қасиеті бар қорғаушы, қамқоршы деп қабылданған. Қырықтың бірі – Қыдыр дейміз. Қырғыз халқы неге 41 асықпен бал ашқан? 40 және бір асық. «Ақыл иесі адам осыдан қырық мың жыл бұрын қалыптасқан» дейді ғылым. Олай болса, біріңіз – Жаратушы. Бүкіл қырықты бар қылған құдірет. Қырық бір асықтың сарқыты алты асық Рим мәдениетінде де қасиетті саналыпты. Біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырда іргесі қаланған Рим қаласының төрінде Терма атты музейде алты асық Ромул патшаның кесенесінен табылған діни рәсімдік заттармен бірге тізіліп тұр. Сол сияқты Ыстамбұл қаласының археологиялық мұражайында асық киелі зат ретінде көрмеге қойылғанын көрдік. Ұрым патшасы мен алты асықтың қандай байланысы бар? «Алты» саны физикалық адамды білдіреді. Қазақта да қорымға асық салу ғұрпы болғаны мәлім. Ал, «асық» атауының алғашқы мәні не? Бұл қазақ сөзінің сыры ағылшын тіліндегі «сұрау» ұғымын білдіретін Ask сөзінде ашылады. Этимологиялық мәні «ask call upon for information, inquire». Сәуегейден сауалға жауап күту, сұрау. Абайша айтсақ: адами ғылымның ғалами ғылымға бағынуы, еруі, ұқсастық іздеуі. «Сall» – оқылуы «қол» – сұрау. Көне қазақ тіліндегі «қол» сөзінің бір мағынасы: «Жөн, жүйе, ыңғай, рет», яғни заң, құқық. Римдіктер қандай іс болса да алдымен бал ашуға жүгініп, жорамал жасап, жақсылық нышанын аңғаруға, қылар істің ретін анықтауға, дүние көркін болжауға тырысып баққан. Бұрынғы оракул, сәуегей, киіз кітапшы жақсылықты болжап, көпке пайда боларлық, зарары шығып кетпес іс қылушы. Ғұмыр өзі һақиқат. Жалған айтса- жауапты. Судың да сұрауы барын ескерген. Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз болған соң оны адам баласы жүрекпен сезеді-дүр. Діл мен дін, ғылым, сезім мен сезім бір бүтін. Жөнге келер жорамалын жария еткен: «істің жолы осы» деп. Бұлар ежелгі заманда мифологиялық Құдайдың атынан ғайыптан хабар беріп отыратын абыз іспеттес. «Бұқа буға, азбан дуға» дейді қазақ. «Бу» – ғайыптан хабар берер киіз кітап таңбасы, символы. Жорамал – жобадан уақыт өте келе ереже, заң жүйесі құралды, қағида, канон түзелді. Құқықтану діннен жіктеліп, жеке ғылым саласына айналса да, бұрынғы атауларды өз бойында сақтап қалды. Мысалы, орыстағы «канон» термині гректен келген: «cainw»-хабарлау, жариялау. «Канон» мен қазақтағы «қанұн» үндес – ереже, заң. «Төре», «төрелік» терминдері де жариялау, білу етістігінен. Элам тілінде «tiri /turu»- жария ету, білу. Көне римде заңды әрбір тоғыз күн сайын үш мәрте базар күні жариялапты. Білсін, есінде сақтасын деп. Манағы «Манас» эпосындағы «Төлге» «төлгі» терминдері де байырғы тарихи, әлемдік құқықтық атаулар. «tul-i- ‛» рәсімдік сөз сөйлеу, көне-исландық «Tulr» ‛діни мағыналы сөз айтушы. Ескі ағылшында «tyle» шешен. Дауды шешен емес, шебер шешер. Бар ғаламды кәмәлатты бір жолға салып жасаған бір Алла ғана Шебер. Адам міндеті – соның соңында болмақ. Яғни, жақсы мен жаманды айыра білу, тура жолды таңдау. Алла жолы – татулық пен тыныштық, кемел келісім. Өзге жолға салмақ – адамның азат басын құл қылу. Ол заман өтіп кеткен, оған адамды енді қайтып оралту – қолдан келмес іс. Азат Алаш – ақиқат. Абай айтқандай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас».
Марат Азбанбаев,
Қарағанды облыстық сотының
судьясы.