Аллаға жағам десең…
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойы аясында Қарағанды қаласында дәстүрлі VI республикалық «Әдемі әуезді азаншы» байқауы өтті. Еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған азаншылар қасиетті діни дәстүрдің бір тармағы – азан шақыру шеберлігі бойынша бақ сынасты.

Байқаудың негізгі мақсаты – мұсылман қауымы үшін аса маңызды саналатын азан шақыру рәсімінің мән-мағынасына тоқталып, жас буынға рухани құндылықтарды насихаттап, діни қызмет сапасын арттыру. ҚМДБ ұйымдастырған бұл шара ел ішіндегі діни бірлікті, көркем мінез бен әуезді үн мәдениетін қалыптастыруға негізделген.
Қазылар алқасының құрамында елімізге белгілі өнер тұлғалары, дінтанушылар болды.
Рухани байқаудың жүлде қоры да бай мазмұнымен ерекшеленеді. Бас жүлдеге – 800 мың теңге, одан кейінгі орындарға тиісінше 600 және 400 мың теңгеден үлестірілді. Ынталандыру жүлдесі мен көрерменнің көзайымына да бөленген жандар елеусіз қалмай, арнайы қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Қазылар шешімімен бас жүлде Астана қаласының азаншысы Базарқан Қайнарға бұйырды. Екінші орынды Батыс Қазақстан облысынан келген Асхат Асылбеков алса, үшінші орынды Алматы қаласының азаншысы Баубек Берліғалиұлы иеленді.
Сондай-ақ, Атырау облысының атынан қатысқан Саламат Насихатұлы мен шымкенттік Асылтемір Абдулла ынталандыру сыйлығын қанжығалады. Ұлытау облысынан келген Сағындық Ахмедиянов көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, «Көрермен көзайымы» атанды.
Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттаған ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы байқаудың мән-маңызына ерекше тоқталып өтті.
– Азан – Ислам мәдениетінің символы, мұсылман қоғамының рухани тірегі. Әдемі үнмен азан шақыру – Хақты еске алудың ең көркем жолы. Бұл байқау халқымыздың діни сауатын арттыруға, имандылықты насихаттауға бағытталған маңызды іс-шара. Жастардың осы өнерге деген ықыласы мен шеберлігі көңіл қуантады, – деді бас мүфти.
Жалпы, бұл дода ел ішіндегі діни қызметкерлердің өзара тәжірибе алмасуына, бір-бірімен сабақтастық орнатуына сеп болды. Ұйымдастырушылар байқаудың келесі жылы да өз жалғасын табатынын жеткізді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»