Қалкен аға қалай ұмытылып барады?
Ақтоғай аты аңызға айналған үш арыстың елі. Кешегі совет өкіметі кезінде де елі үшін жеңін жастық, етегін төсек қылған не бір ер-азаматтар аз емес еді. Соның бірі мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалкен Мәкенбаев еді (1924-2010 ж.ж.). Сол кісінің аты қалай ұмытылып барады?!
Кәкеңнің өзі тектінің тұқымы еді, Алаштың арысы Әлімхан Ермековке ет жақын туыс, Әлағаның сөзін тыңдап, тәрбиесін көрген санаулы қазақтың бірі һәм бірегейі. Соның бәрін айтуға мына мақаланың көлемі де көтермейді ғой? Көбісін Қалкен ағанаң өзі жазып, бізге, кейінгі буынға ескерткіш ретінде қалдырып кетті. «Кеудесі жақсылардың – алтын сандық» демекші, ақсақалдың іші толы қазына еді ғой, шіркін!
Әлімхан Ермековтің немересі совет мектебінде оқып жүрген кезінің өзінде орыстың алдыңғы қатарлы зиялылары, саяси көзқарастары үшін қуғын көрген Могилевский, Ясиневскилерден дәріс алады. Лениндік-сталиндік догмалармен қатып қалған қатардағы шенеунік болмай, ел-жұртын ойлайтын азамат болып өседі. 17 жасында Ұлы Отан соғысына аттанып, 1943-те ауыр жараланып, елге оралған. 1950-73-жылдар аралығында аудандық партия, совет буындарында жауапты жұмыстар атқарған. 1973 жылдан жаңадан ашылған Жезқазған облысы мәдениет басқармасын басқарып, облыстың рухани түлеп, өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан тұлға.
Жезқазған – Ұлытау облысы болып енші алып бөлек кетті. Қалкен ағаның көзін көргендердің көбісі сонда, Ақтоғай бізде қалды. Енді Қалкен ағаның есімін соғыстан кейін өзі келіп директор болған Қызыларай №2 мектебіне берудің сәті келіп тұр? Жақсысын маңдайына ұстаған елдің берекесі мол болады.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Қарағанды қаласының Құрметті азаматы.