Қалиасқарына құрмет көрсетті
Бұқар жырау аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жергілікті ақын, әнші, сазгер, бұқартанушы, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Қалиасқар Шыныбектегінің 60 жасқа толған мерейтойы салтанатпен аталып өтті.

Бүгінде ақсақал жасына келген осынау сегіз қырлы, бір сырлы азаматты мен бала жасынан білемін. Біздің Үлгі ауылымен іргелес Алғабас ауылында туып-өскен ол орта мектептен соң Тәттімбет атындағы Қарағанды саз колледжін, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, қазір аудан орталығы Ботақара кентіндегі Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Арасында аудандық «Сарыарқа» (қазір «Бұқар жырау жаршысы») газетінің тілшісі болғаны да бар. Ат жалын тартып мінгелі аудандағы той-думан, мерекенің Қалиасқарсыз өткен күні жоқ. Соған орай жерлестерінің оған деген ықылас-пейілі мен құрметінің көл-көсір екендігіне осы жолы көзіміз жетті.
Мерейтой иесіне арналған салтанат әуелі аудандық Мәдениет үйінің фойесінде қойылған Қалиасқар Мықтыбайұлының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрмені тамашалаудан басталып, одан әрі сахна төрінде жалғасты.
«Жырмен үндескен жарқын ғұмыр» деп аталатын бұл кешті осы өңірдің тумасы, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің оқытушысы Айтбай Жұмағұл бастан-аяқ жүргізіп, мерейтой иесінің атына сансыз лебіздер айтылып, ән шырқалып, күй төгілді.
Шымылдығын «Домбыра» биімен ашқан салтанатта Бұқар жырау ауданы әкімінің міндетін атқарушы Берік Көпбаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Асхат Әли құттықтау сөз сөйлеп, мерейгердің иығына шапан жауып, 200 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Бұдан кейін Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, жерлес ғалым Бораш Төлеуов, аудан мәдениетінің ардагері Мүгілсім Шибаева, жазушы Төлен Тілеубай, ауданның Құрметті азаматы Серік Балпанов, тағы басқалар Қалиасқардың жан-жақты дарыны мен ел алдындағы еңбегіне тоқталып, өз ілтипаттарын білдірді.
Айта кету керек, Көмекей әулие Бұқар жыраумен аталас туыс болып келетін Қалиасқар бабасына еліктеп жыр-толғаулар шығарып, оның өмірін зерттеп, мақалалар жазып, өлеңдеріне қаншама ән шығарып, оларды өзі үнемі орындап жүреді. Осы кеште оның Бұқарекеңнің «Қызыққа тоймас адамзат», Мағжанның «Сүй, жан сәулем», Мұқағалидың «Ей, өлең!», «Сен шынымен», тағы бірқатар авторлар мен өзінің сөздеріне жазылған әндер шырқалды. Оларды өнердегі достары, дәстүрлі әншілер Құрмаш Ыбышев, Ержан Базарбеков, Жангелді Өтеулин, Саян Бөдесов, өзінің ұлы Ақжан келістіре орындаса, Амангелді Байзақов Қалиасқар шығарған «Шашу», «Тартыс» күйлерін тартып, зал толы халықтың құлақ құрышын қандырды.
Мерейтой салтанаты үстінде аудандық «Бұқар жырау қоғамдық қорының» төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Амантай Ақышев Қалиасқар Шыныбектегін Бұқар жырау төсбелгісімен марапаттап, жанға шуақ, рухани ләззат сыйлаған дүбірлі кеш оның «Ботақара вальсі» әнін жабыла жұрт болып шырқауымен аяқталды.
РS. Бет қатталып жатқанда Қ.Шыныбектегі ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісін алды
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы