2029 жылға дейін Қарағанды облысында шағын он футбол алаңы салынады
«ALGA!» жобасы аясында Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінде бастауыш сынып оқушыларына арналған алғашқы футбол сабақтары өтті. Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы (QOFA) мен Freedom Holding Corp. қолдауымен іске асқан футбол сабағында балалар доппен жұмыс істеудің негізгі әдістерін меңгеріп, футбол техникасының қыр-сырымен танысты.

Сабаққа «Шахтер» командасының қақпашысы Игорь Шацкий арнайы келіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Ол жас спортшыларға тек ойын шарттарын үйретумен шектелмей, оқушыларға төзімділік, жылдамдық пен икемділікті дамытуға бағыт-бағдар берді.
– «ALGA!» жобасы балаларға тек футболшы ретінде ғана емес, тұлға ретінде өсуге мүмкіндік береді. Мұндай сабақтар арқылы олар тәртіп, сыйластық және командамен жұмыс істеуді үйренеді. Мен осы жоба арқылы өскелең ұрпақтың өмірге дұрыс көзқарас қалыптастыруына сеп болғаныма қуаныштымын, – деді Игорь Шацкий.
Жаңа оқу жылында «ALGA!» жобасы Қарағанды, Саран, Теміртау, Абай және Үштөбе қалаларындағы он мектепте іске қосылды. 1-4 сыныптарда футбол сабақтары дене шынықтыру пәнінің бөлігі ретінде өтсе, жоғары сынып оқушылары үшін қосымша үйірмелер ашылады. Барлық мектептер заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Осыған дейін 61 мұғалім арнайы семинардан өтіп, UEFA D санатындағы жаттықтырушы лицензиясын алды. Бұл құжат оларға мектеп бағдарламасы аясында футболды еркін оқытуға және жарыста балалармен кәсіби жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
– Балалармен сабақ өткізгенде тек доп ойнауға ғана баулымаймыз. Сонымен қатар, біз оларға жеңіліске мойымауды, командамен жұмыс істеуді, көшбасшылық қасиеттерді дамыту дағдыларын қалыптастырамыз. Табандылық пен еңбек әрқашан жеңіске апаратын жол екенін қаперімізде ұстауымыз керек, – деді Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Сәуле Айдарханова.
Жоба алдағы жылдары кеңейіп, жаңа мектептерді қамтымақ. 2029 жылға дейін өңірде он шағын футбол алаңын салу жоспарланған. Ал, 13 қыркүйекте Саран қаласында «Freedom ALGA!» футбол фестивалі өтеді. Онда кәсіби жаттықтырушылар мен ойыншылар шеберлік сабақтарын өткізіп, балаларға арналған ойындар, сайыстар ұйымдастырылады.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»