Қалдырған ізің мәңгілік
«Ұстазым менің, ұстазым…». Осы өлең жолдары бала күнімізден жатталып, көкейімізде сайрап, әуені санамызда мәңгі жаңғырып тұратындай көрінеді. Ұстазға деген сүйіспеншілік, сый-құрмет сезімі оянып, жан дүниені баурап алатындай. Мектеп табалдырығын аттағаннан бергі ұстаздарымды еске алсам, осы ән көкейімде қалықтайды да тұрады…

Мектепті аяқтап, саналы өмірге қадам басқанда толқисың, қобалжисың. Болашақ тағдырың қалай қалыптасатыны жоғары оқу орнына түсерде, мамандық таңдап, білім нәрін тұңғиықтан тата бастағанда ғана анықталады екен. Арқадағы қасиетті қарашаңырақтағы ұстаздарымның ішінде өмірлік жолымды, білім мен ғылымдағы жолымды дұрыс таңдауға себеп болған, жүрегімде ерекше із қалдырған дана, ойшыл, парасатты тұлға – Төлеуғазы Ысқақұлы еді. Ұстазыма арналған естелікті әріден бастауды жөн көрдім. Себебі, естелік ұстазымның аруағына бағышталғанмен, «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген, ұстаз ғибраты замандастарымыздың да, ертеңгі болашағымыздың да кепілі, қазіргі алдымыздағы шәкірттеріміздің де ой-санасын оятып, жан дүниесін тебірентіп, рух әлеміне қалықтап шығып, жалған дүниедегі пендешілік тірлігіне сын көзімен қарауға себеп болса игі болар еді.
Қалаға оқуға түсем деп келгендегі бастапқы ойым да, бір жағынан, сол пендешіліктен туындап еді. «Аяқ-қолмен атқаратын ауыр қара жұмыстан, баспен, тілмен атқаратын жұмыс жеңіл болады, жаның қиналмайды, шаршап, шалдықпайсың» – деген жер бауырлаған түсінік. Шындығын айтқанда, ауылдағы күйбеңі бітпейтін: жаз болса, – қой бағу, мал қайыру, шөп түсіру, аула сыпыру; күз келсе – жем-шөп дайындау, отын, қиды қамдау; қыс келсе – қора-қопсы тазалау, қар күреу; көктем келсе – мұз ою, жыра қазу дегендей дала тірлігінен қалаға қашқандағы «арам» ой осы «қиындықтан» құтылу еді. Бұл тәннің, нәпсінің рахаты қалауынан туындайтын пендешілік түсінік. Ал, жан мен рухтың қалауын қалай танимыз?! Үлкен сұрақ! Ол жаныңа маза бермесе, «ұстазға деген мұқтаждық», «ұстазды іздеу» жолы осы мазасыз күйді бастан кешкен сәттен басталады. Менің оқу іздеп қалаға келгендегі «өзіме-өзім анық есеп бере алмайтын» әрі-сәрі күйім де осылай басталған еді.
Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсем деп үш рет: 1985, 1986, 1987 жылдары емтихан тапсырсам да шет тілінен «қанағаттанарлық» деген баға автоматты түрде қойылатындықтан, сынақтан өте алмай, ұнжырғам түсіп, ауылға қайтатын едім. Оның себебі: бәсекелестік өте жоғары еді. Бір орынға бес-алты талапкер таласады, емтихандарды «4» пен «5»-ке тапсырған күннің өзінде конкурстан өте алмай құлап жатады. Өз бөлем екі «4», екі «5» деген бағамен тарих факультетіне түсе алмай, филологияға амалсыз кетіп еді. Оған қоса, қазақ ауылдарынан келген талапкерлерге шет тілі толық оқытылмағандықтан автоматпен «3» деген баға қойылады, сөйтіп конкурстан өтуге ешқандай үміт қалмайды. Содан, үшінші ретте 1987 жылы құжаттарымды кешкі оқу курсына тапсырып, емтиханынан екі «үздік» деген баға алсам да жолым болмады. Жұмысшыларды оқуға түсуге дайындайтын курс болғандықтан еңбек өтілі маңызды екен. Ол конкурстан жоғары дегені 17 жыл, ең төмен дегені 5 жыл еңбек өтілімен конкурстан өтті. Мен 3 жылдық еңбек өтілімен тағы өтпей қалдым. Құжаттарымды алуға барғанда түңіліп кеткен түрімді көріп, аяп кетті ме, қабылдау комиссиясының қызметкері: «Құжатты алмай тұра тұр, тағы бір мүмкіндігің бар, дайындық бөлімінің күндізгі бөліміне құжатыңды тапсыр», – деді. Үміт оты қайта тұтанғандай болды. Сол жылы М.Горбачевтің «Қайта құру» саясатының жағымды ықпалы болды ма, әлде соның алдындағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының әсері болды ма, алдыңғы жылдарда ең көп дегенде сегіз-ақ орын беріліп келсе, енді одан да көп орын бөлініп, мен тізімде жиған балым бойынша он бірінші болып оқуға түстім.
Дайындық бөлімінде әдебиеттен әу басында Бақыт Кәрібаева деген ұстазымыз дәріс беріп, сыни ойлаудың не екенін санамызға сіңірді. Тарихтың шытырман оқиғаларының көзге көрінбейтін тылсым құпиясы мен заңдылықтарын қалай түйсінуге болатындығын қоғамтану пәнінен алғаш сабақ бергенде Сергей Васильевич Селиверстов деген ұстазымыз ұғындырды. Пәлсафалық сұрақтар қоя отырып, сан алуан пікірімізді ортаға салып, бәріне жауапты өзіміз іздеп табуға бейімдеді. Екінші курста тарихшы апай Надежда Жакуповадан ғылыми зерттеудің әдіснамасы мен әдісін үйрендік. Әсіресе, осы әдіснама (методология) пәнін өткенде ауылдан келген, орысша білмейтін, екі ауыз сөз құрап, ойын орысша жеткізе алмайтын біздер қатты қиналған едік. Алдымыздағы жылдары бұл пәнді ауылдан келген, қазақша ғана білетін студенттер игере алмай, жазғы сессияға қалдырылып немесе оқудан шығып қалып жататынын да естідік. Надежда Владимировна әр дәрісінің түсінбеген жерін түсіндіру үшін түстен кейін, сабақтары біткеннен кейін арнайы уақыт бөлетін. Әр дәрісі бойынша кітапханада қанша уақыт, немен, қалай жұмыс жасайтынымызды тәптіштеп түсіндіріп, тіліміз жетпей жатса, сұрақпен жетелеп, ой ұшқынын тудыра отырып, кейін пәнді де меңгеріп, орысша да сайрап кетуімізге тікелей себеп болды. Осындай ұстаздарымызға ырзашылығымызды өлең жолдары арқылы жеткізетінбіз. 1991 жылы қарашаңырақта алғаш рет Наурыз мейрамын тарих факультеті студенттері жатақханада ұйымдастырды. Ұстаздарды жайылған дастарқанның төріне жайғастырып, алдарында ұлтымыздың салт-дәстүрін жаңғыртып, сахналық көрініс, өнер көрсетіп, ойын-сауық құрып, қабырға газетіне оларға арнаған өлең жолдарын жарияладық. Соның бірі – Надежда Владимировна Жакупова апайдың лекциясына арналған еді.
Ал, тек тарих емес, өмірді, жан дүниең мен қоршаған ортаңды, әлемді, ондағы өз орныңды түсінуді және мамандық таңдаған соң білім мен ғылымның ең негізгі қыр-сырын түсінуді екінші курстың көктемгі семестрінде пәлсафа сабағына Төлеуғазы Ысқақұлы келгенде түйсіне бастадық. Сол курс аяқталғанда қимастық сезіммен ұстазыма деген сүйіспеншілік пен құрметімді жоғарыда аталған қабырға газетіне өлең жолдарымен «Төлеуғазы ағайдың лекциясы» деген атаумен жариялап жеткізген едік.
Сабақтан тыс уақытта, тіпті, курс аяқталса да, ұстазымыздың артынан қалмай, жақынырақ танысып, ішкі жан дүниесімен сырласуға да құштар болдық. Осындай талпынысты іске асырушы бір курс жоғары оқыған Омар Жәлелұлы Төлеуғазы ағаймен кездесулер ұйымдастыратын еді. Кездесу алдында ұстазымыздың әлі жарияланбаған қолжазбаларымен танысып, содан көңілге түйген ойымызды айтып, сұрақтарымызды қойып, армансыз сырласып, жанымыз рахатқа бөленетін. Қарашаңырақтағы студенттік кезімде «ұстаз бен шәкірттің кіршіксіз, адал рухани өзара қарым-қатынасы» дегенді тек ұстазым Төлеуғазы ағаймен сырласқанда ғана түйсініп, басымнан кештім.
Осы ұстазымнан бойыма сіңірген рухтың кереметі соншалық, тілін білмей, түпнұсқасын оқи алмайтын, орысшасын қанша қайталап оқысаң да, миыңа қонбайтын немістің классикалық философиясының қағидалары көкейімде Төлеуғазы ағайдың жілік майын шаққандай қылып санамызға қазақы түсінікпен, мақал-мәтелімен, қанатты сөздері мен даналық қағидаларымен сіңірген білім арқылы жаңғырып жатқандай көрінеді. Оған өзімнің де таң қалуыма мына бір жағдай себеп болды. 2022 жылы құрмет тұтатын ағаларымның бірі Болат Сыздық фейсбукте «Ақиқат жүр адасып арамызда» деген сарында өлеңмен пост жариялап, оның арты қызу пікірталасқа ұласып, әркім өз топшылауларын жазып жатқанда, қай-қайдағым есіме түсіп, қияли пәлсафалық ойлар тұңғиығына өлең жолдарымен батып кетіп, пікірлерімді жазып жатқанда, философ Фарида Фаттаховна апай:
– Пікіріңізбен толық келісемін! Мен неге сұхбат басында неміс философы И.Канттан бастадым дейсіз! Сіздің философиялық ой-толғамыңыз И.Канттың «Критика способности суждения» деп аталатын еңбегінің «Критика эстетической способности суждения» деген бөліміндегі тұжырымдармен жанасады, – деп қалды.
Иә, Канттың ілімі туралы дүниелерді студенттік кезде оқығаныммен, шығармаларының өзін, нақты «Таза зердеге сын» деген еңбегін қанша бастап оқып көргеніммен, еңсере алмай, «тісім батпайтынын» мойындап, жайына қойғанмын. Ұстазымыз Төлеуғазы Ысқақұлы: «түпнұсқаны өз неміс тілінде түсініп оқу керек, аударма арқылы Қантты түсіну қиынға соғады», – деп еді.
Омар Жәлелұлы кейін сол неміс тілін үйреніп, түпнұсқаны игеремін деп жүретін. Өз басым тілге шамам келмейтін болған соң оған талпынған да жоқпын. Ал, Кант туралы дәрісті сүйсініп тыңдауға себеп болған ұстазым Төлеуғазы Ысқақұлының бір ерекшелігі – кез келген түсінуі қиын күрделі философиялық ұғымдарды түсіндіргенде ылғи да қазақтың даналық ойы, қанатты сөздерін, мақал-мәтелдерін мысалға келтіре отырып, жілік майын шаққандай ғып санамызға құйып беруші еді. Ой үндестігі сол ұстазымның дәрістерінен тамыр алады. Және әдіснама курсындағы таным мәселесі Канттың ілімін айналып өте алмайтыны өзінен-өзі түсінікті ғой.
Төлеуғазы ағамыз ылғи да пікірталас ұйымдастырып отырушы еді. Классикалық неміс философиясын өте жақсы көретін. Сосын, украинадағы Бычконы айтып отырушы еді. «Қазақ рухының философиясы» деген оқу құралын шығарғанда, сол кітаптың тұсаукесері болды. Сонда тарихшы Мырзағали Хасенұлы Төлеуғазы ағамызға сұрақ қойды: «Осы сіз Гегельді де жақсы көресіз. Оның «Рух феноменологиясы» деген еңбегі бар. Сол Гегельге еліктеп, сіз оқу құралын «Қазақ рухының философиясы» деп атадыңыз ба?» – дегенде, Төлеуғазы ағамыз: «Қазақтың рухы мен немістің рухы бір емес» деген еді!», – деп еске алады.
Иә, Төлеуғазы Ысқақұлының дәрісін асыға күтіп, басталғанда ұйып отырып тыңдап, уақыттың қалай өтіп кеткенін аңғармай қалатынбыз. Мен 1988-1993 жылдары тарих факультетінде оқыдым. Қазіргі университетте жұмыс істеп жүрген курстастарым: Павел Солощенко (философия және психология факультетінде), Зульфия Хафизовна Валитова, (әлеуметтану маманы) Виктор Максименко (шахмат шебері). Менің курстастарымның өзі бірінші курстың өзінде курстық жұмыс тақырыптарына ежелгі грек ойшылдарының өмір тарихы мен шығармашылығын алатын. Олар философиялық тақырыпта ой өрбіткенде өз басым тілдерін ептеп түсінгенмен, ойларына ілесіп, пікір айтуға тіл жетпей, қорланып отыратын едім. Бірақ, сол бірінен бірі өткен мықты ойшыл курстастарым өзіме қатты ықпал етіп, орыстың ғылыми тілін де бір кісідей меңгеріп кетуіме үлкен себеп болды. Екінші курстың төртінші семестрінен бастап, студенттердің басшылыққа талап қоюының нәтижесінде жеке қазақ тобы құрылды. Төлеуғазы ағамыз дәрісті қазақша оқитын. Қалған сабақтың барлығы дерлік басында аты қазақша болғанымен негізінен орысша оқылатын. Оған қазір өкінбеймін. Керісінше, екі тілде де ғылыми мәтінді түсініп оқитын халге жеттік.
Шынында да, Төлеуғазы ұстазымыз өз ісіне жан-тәнімен берілген, жан дүниесі рухани азықпен қоректенген, бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен өнегесіне, адамгершілік құндылықтарын санамызға сіңіруге арнаған ерекше жаралған жан еді. Биыл мерейлі 90 жасқа келер еді…
Ұстазымды еске алып, оның ғибратын таң асыра жырлап, өнегесін өзіммен замандас әріптестеріме, соңымнан ерген жас ғалымдар мен шәкірттеріме мұра қылып жеткізе алсақ, одан асқан бақыт жоқ!
Ұстазымыздың жаны жәннатта, тәні рахатта болсын! Кейінгі ұрпақ игілікті ісін жалғастырып, жемісін ұлт қызықтасын! Еліміздің көркейіп, рухани дамуына қосқан ұстазымыздың үлесін лайықты бағалап, мұрасын көздің қарашығындай сақтауға жазсын!
Мәулен ЖАКИН,
тарих ғылымдарының кандидаты