Руханият

Алдыңғы топтан көрінді

Талай дүбірлі додаларда топ жарып, тілімен тау қопарып, тас уатқан ақын Тілеген ӘДІЛ бәйгенің алдыңғы тобынан көрініпті. «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған республикалық айтыстың ІІІ орны – бұл жолғысы.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бұл жолғысы дейтін себебіміз, бұған дейін де еліміздің әр түкпіріндегі сөз сайысында бағын сынап, облысымызға олжа салып жүрген ақынның бірі емес, бірегейі – Тілеген Елеусізбайұлы. Өлең тіркестері түйдегімен төгіліп жататын, сүйегіне сөз сіңген өнер иесінің қарсыласы да оңай болмапты. Алаш ұранды қазақты арқаландырып жүрген әйгілі Аспанбек Шұғатаевпен сөз қағыстырған Тілеген ақынның десі басым түсіпті. «Әммесінен Қасымның десі басым» демей ме Мұқағали?! Айтпақшы, Алаштан туып, адамзат ақыл-ойына олжа салған кемеңгер Абай құрметіне арналған айтыс Мұқағали туған күні – 9 ақпанда өткенінің өзі кездейсоқ емес шығар. Осындай құтты күні Арқадан астана барып, аймақ жұртшылығының намысын жықпай қайтқан Тілеген Әділге құтты болсын айтамыз! Қанаты талмасын ақынның!

Жәнібек ӘЛИМАН.

 

Басқа материалдар

Back to top button