АймақТеміртау

Қалдықты қайта өңдеу – уақыт талабы

Қазақстанда тұрмыстық қалдықтың 1 млн тоннасы ғана қайта өңделеді. Үкімет қалдықтарды басқару жобаларын қаржыландырудың жеңілдетілген тетігін бекіткеннен кейін, брусчатка, люк, қоқыс контейнерлері, шыны ыдыс­тар, стрейч пленкалар, көлік бамперлері сияқты халықтың басқа да тұтыну тауарлары шығарылатын болды. Осы орайда облыстық мәслихат депутаттары Теміртаудағы тұрмыстық қатты қалдықтарды жинап, сұрыптаудың және кәдеге жаратудың ұтымды және экологиялық қауіпсіз жайын талқылады. Сондай-ақ, қаладағы қоқыс шығаратын ірі полигон «Гордорсервис-Т» ЖШС жұмысымен танысты.

Жиында облыстың экология басқармасының мамандары және қалдықтарды басқару мәселелерімен айналысатын ұйымдардың өкілдері ұсыныстарын ортаға салды.

– Шілде айынан бастап депутаттармен және мемлекеттік органдармен бірлесіп қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеудің ұтымды және экологиялық қауіпсіз жүйесін қамтамасыз ету мәселесін зерделеуде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Облыстың қалалары мен аудандарының тәжірибесін зерделейтін жұмыс топтары құрылды. Көшпелі кездесулер өткізілді. Ағымдағы жағдайды талдай отырып, қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту бойынша шараларды анықтау керек, – деді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Ринат Қыдырбеков.

Жалпы бүгінгі таңда Теміртауда 1 167 көпқабатты үй болғандықтан, оның ­911-і­ контейнерлік алаңдарды пайдаланады. Қалада барлығы 330 алаң және қоқыс шығаратын 249 үй бар. Қоқыс шығару бойынша «777» ЖШС, «Гордорсервис-Т» ЖШС және «ТТК» ЖШС ұйымдары жұмыс істейді.

Алайда, бүгінде Теміртаудағы қоқыс шығаратын ірі полигон «Гордорсервис-Т» ЖШС-не «өз аяғымен келетін» қоқыстар көлемі азайған. Оның үстіне жеке компаниялар тұрғын үйлердің маңына өздерінің қоқыс контейнерлерін қойып, картон, пластик секілді өнімдерді жеке-жеке жинап әкететін болған. Осы орайда Теміртау қаласы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды жинап, сұрыптап, кәдеге жарататын «Гордорсервис-Т» ЖШС директоры Шәкір Нұрлыбаев сөз алды.

– «Гордорсервис-Т» ЖШС 14 техникамен 32 қызметкер қаланың орталық және батыс аудандарында жұмыс істейді. 2021 жылы «Гордорсервис-Т» ЖШС «Даму» АҚ қорынан 72,7 млн теңгеге екі қоқыс тасығышты, биыл 49,1 млн теңгеге тағы бір қоқыс тасығыш сатып алды.
Дегенмен, қазіргі таңда қоқыс жәшіктері мен контейнерлер тек қатты қалдықтарды сақтауға арналған. Ал, ірі көлемдегі қоқыс пен құрылыс материалдарының қалдықтарын полигонға көпқабатты үйлердің тұрғындары, жеке сектор тұрғындары, тұрғын үйлердің жанында орналасқан дүкен иелері апаруы керек. Күн сайын контейнерлік алаңдардың жағдайын бақылаған кезде біз габаритті емес қалдықтардың шығуын байқаймыз. Бұл әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Бұл орайда қала бойынша 500-ге жуық камера орнатылған, – деді «Гордорсервис-Т» ЖШС директоры Шәкір Нұрлыбаев.

Шәкір Нұрлыбаевтың айтуынша, полигондағылар қазіргі таңда шикізатты өңдеп, сатады. Шикізатты Петропавл мен Көкшетауға жібереді. Осылайша компания өз күнін өзі көреді. Дегенмен, шикізат тасымалдап, сатуда тұрақты баға жоқ. Жыл өткен сайын баға түсіп келеді. Қоқыс­ты өңдеудің барлық кезеңінде онымен айналысатын көптеген компаниялар бизнеспен жеке-жеке айналысады. Жүйелі жұмыс жоқ болғандықтан, баға да құбылып тұрады.

– Бүгінде қоқыстың сан алуан түріне арналған контейнерлер көп. Қағаз, пластик, тамақ қалдықтары мен шыныға арналғандары да бар. Қоқысты таситын, қайта өңдейтін және кәдеге жарататын компаниялардың басы бірігуі керек. Сонда жұмыс жүйелі жүреді.
Қазіргі таңда қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты Қарағанды облысында жұмыс істеуге қызығушылық танытатын республикалық компаниялар көп. Аймақта қоқысты тасып, оны шикізат көзіне айналдыруға мүмкіндік көп, – деді облыс­тық мәслихат депутаты Сейфул-Мәлік Қазитов.

Жиыннан кейін «Гордорсервис-Т» ЖШС директоры Шәкір Нұрлыбаев депутаттарды полигон жұмысымен таныстырды.

Байқағанымыздай «Гордорсервис-Т» ЖШС полигоны қаланың шетінде орналасқан. Компания қоқысты жинап, оны бастапқы қайта өңдеумен айналысады. Қоқыстан «шикізат» дайындау үшін оны елдегі қоқыс өңдеуші зауыттарға жібереді. Қатырма қағаз, полиэтилен, пластик шөлмектер, канистралар, алюминий банкаларды сұрыптайды. Жұмысшылардың бір тобы қоқысты әкетсе, енді бір тобы оны тазалап, басқалары сығымдайды.

Бүгінгі таңда Теміртау қаласында «Гордорсервис-Т» ЖШС-мен қатар қоқыс шығаратын «ТТК» ЖШС компаниясы жұмыс істейді. «ТТК» ЖШС оң жағалаудағы аудандарға жауап береді. Компанияда 6 бірлік техника мен 12 қызметкер бар. Компания 2014 жылы сұрыптау-қайта өңдеу цехына жіберілетін қалдықтарды бөлек жинауға арналған 400 контейнер орнатқан. Ал, «777» ЖШС ұйымы қаланың шығыс бөлігіне қызмет көрсетумен қатар 7 бірлік техника мен 30 қызметкерді жұмыспен қамтып отыр.

Депутаттардың облыстың қала аудандарындағы жұмыстары жалғасады. Көшпелі кездесулер барысындағы атқарылатын жұмыстар кестесі аясында күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен талқыланып, шешімін табады.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button