АймақҚарағанды

Қалдық та кәдеге жарады

Қарағандыда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тың бастамалар қарқын ала бастады. Қала тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға дағдыланып, осы үрдісті кеңінен насихаттауға үлес қосып келеді. Осы мақсатта биыл Орталық саябақта алғаш рет Taza Qala Eco Fest экологиялық фестивалі ұйымдастырылды. Шара аясында экологиялық мәдениетті дамыту және қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі түсіндірілді. Фестивальге облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қатысып, жиналғандарға ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова мен ECO Network ұйымының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов акцияның маңызына тоқталып, қоршаған ортаны қорғау жолындағы әр азаматтың үлесін атап өтті.

Суреттер облыстық Жастар ресурстық орталығынан

Жыл басынан бері өңірдегі еріктілер мен жастар 50-ге жуық экологиялық акцияға қатысқан. 200 гектар аумақты қоқыстан тазартып, 70 мың тоннаға жуық қоқыс қалдықтарын шығарыпты. Әлібек Үсенұлы өз сөзінде фестивальдің ерекшелігіне тоқталып, маңыздылығын атап өтті.

– Бүгінгі іс-шараның мақсаты – жаңа дағдыларды үйрену. Былтырғы жылы қарағандыдағы үш мектеппен бірлесе пилоттық режимде «Эко класс» жобасын іске қосқан болатыныз. Биыл осы жобаға қызығушылық танытып отырған мектептің саны 40-қа жақындады. Осы жолы арнайы эко-хаб ашуды жоспарлап отырмыз. Яғни, бұл жерде барлық сала мамандарының басы қосылмақ, – деді Әлібек Үсенұлы.

Фестиваль басталмас бұрын БАҚ өкілдеріне Қарағандыдағы қоқыс өңдеу зауытының жұмысы таныстырылды. Арнайы ұйымдастырылған экскурсияда зауыттағы өндіріс барысы көрсетіліп, тұрмыстық қалдықтардың қалай сұрыпталатыны, қандай өнімге айналатыны кеңінен түсіндірілді. Мұндағы мақсат тұрғындарға тұрмыстық қалдықтардың қайта өңделу жолын көзбен көрсетіп, экологиялық мәдениетті арттыру еді. Ал, Орталық саябақта ұйымдастырылған фестивальдің де мақсаты осы еді. Көпшілікке қоқыс қалдықтарының қалай өңделетіні түсіндіріліп, өнімдерін ел арасына таратты. Саябаққа кіре бергенімізде еріктілер тобы қарсы алды. Олар тұрғындардан пластик, шыны бөтелке, қағаз және өзге де қалдықтарды қабылдап, орнына арнайы Eco Con монетасын ұсынады. Айта кетерлігі, бұл ерекше монета бөтелке қақпақтарынан жасалған.

– Біз үшін қоршаған ортаның тазалығы маңызды. Сондықтан, осындай іс-шаралардан қалыс қалмауға тырысамыз. Дәл осы іс-шара баршамыз үшін пайдалы. Олай деуімнің себебі – әр қала тұрғыны демалыс күні саябаққа тек серуендеп қайтпайды. Анығында, қалдықтардың қалай өңделетінін, әрі қалай жасалатынын көзбен көріп қайтады. Әрі көшеде жатқан қоқыстарды бізге әкеліп, Eco con монетасын алады. Дәл осындай монеталарды жинап, біздің арнайы ұйымдастырған ойынға қатысады. Ал, ойын барысында түрлі ойыншықтар ұтып ала алады, – деді «Жастар рухы» қоғамдық бірлестігінің белсендісі Муниса Дәулелова.

Фестиваль қонақтары үшін орталық саябақта ерекше ойын алаңдары да жасақталды. Мұнда баскетбол, велоэргометр, монополия секілді спорттық әрі танымдық құрылғылар орнатылған. Қатысушылар түрлі тапсырмаларды орындай отырып, монеталарды жинауы шарт. Ал, жиналған монеталарды түрлі сыйлықтарға айырбастай алады. Айрықша атап өтерлігі, сыйлықтардың барлығы да қайта өңделген материалдардан жасалған.

Ерекше құрылғылардың бірі – арнайы орнатылған велоэргометр. Ол бөтелке қақпақтарын ұсақтауға арналған. Қатысушылар велосипед педалін басқан сайын қақпақтар майдаланып, қайта өңдеуге дайын өнімге айналды. Ұсақталған қалдықты еріктілер бірден ECO Network компаниясының өндіріс меңгерушісі Мұрат Аманжоловқа тапсырды. Маман көпшіліктің көз алдында өз құрылғылары арқылы қалдықты жаңа дүниеге айналдырып көрсетті. Әдеттегі қақпақтардан кілтке арналған салпыншақ, телефон тірегіш немесе үстелдің беткі қаптамасын жасайды.

– Қарап отырсақ, қаншама пластик пен бөтелке қоқысқа кетіп жатыр. Ал, шын мәнінде, сол қалдықтарды қайта өңдеп, екінші өмір сыйлауға болады. Біздің мақсатымыз – оның мүмкін екенін көпшілікке көрсетіп, дәлелдеу. Мәселен, қол инжекторы арқылы пластикті қыздырып, түрлі пішіндегі бұйымдар жасауға болады. Сол тәсілмен үстелдің беткі қаптамасы мен орындықтарды да дайындаймыз. Бұл бер жағы. Зауытта бұдан да басқа дүниелер жасалуда. Мұның еш зияны жоқ, керісінше, тұрмысқа пайдасын тигізуде. Ең бастысы, осындай жобалар арқылы ауламыз қоқыстан тазарады. Көпшілік мұндай мүмкіндіктер барын біле бермейді, – Мұрат Аманжолов.

Осылайша, қала тұрғындары мен қонақтары тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің нақты тетіктерімен танысты. Фестиваль экологиялық мәдениетті насихаттаудың жаңа үлгісін ұсынып қана қойған жоқ. Қоқысты пайдаға жаратуға болатынын іс жүзінде нақты көрсетіп берді. Ең бастысы, мұндай бастамалар алдағы уақытта өңірде экология саласының қарқынды дамуына жол ашады деген сенім бар.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button