Қарағандыда Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығына арналған семинар өтті
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу уинверситетінің қабырғасында Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығына арналған «Алаш руханиятының алдаспаны» атты ғылыми-танымдық семинар өтті. Оған қаламгердің ұлы, әдеби редакторы Едіге Мұхтарұлы АҚШ-тан арнайы келіп қатысты. Аймақтағы зиялы қауым өкілдері де түгел жиналды. Ғылыми-танымдық семинарда белгілі әдебиеттанушы ғалымдар жазушының ғұмырына, шығармашылығына қатысты баяндамаларын жасады.

Ғылыми-танымдық семинар Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің басқарма төрағасы Нұрлан Орынбасарұлының құттықтау хатымен басталды. Хатта «Мұхтар Мағауин – қазақ сөз өнерінің тарихын терең зерттеп, Алаш мұрасын түгендеп, әдебиетіміздің өткені мен бүгінін жалғаған бірегей қаламгер. Оның туындылары – ұлттың рухани айнасы, тарихи зердесі, қазақтың ар-намысын қорғаған ерен сөздің озық үлгісі. Оның шығармалары – тәуелсіздік рухын оятқан, азат ойға жол салған, ұлттық санаға қуат берген асыл қазына. Сондықтан да, бүгінгі семинардың мәні зор: Мағауин әлемін жаңаша зерделеп, жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беру, рухани сабақтастықты тереңдету», – делінген.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов сөз сөйледі.
– Мұхтар Мағауин соңынан ерген жас буынға қамқорлық жасай білді. Жас буынға қамқорлығы – қазақ әдебиетінің болашағына жасаған қамқорлығы еді. Міне, биік деңгейге көтерілген ұлы тұлғалардың асыл қасиеті осындай. Ол жеке басының атақ-мансабы үшін ғана емес, тұтас қазақ халқының рухын көтеріп, санасын ояту үшін жазды. Өкінішке қарай, бүгінде Мұхтар Мағауин шығармаларының негізгі мәнін ғылыми түрде талдап, толықтай ашып бере алмай отырмыз. Өйткені, әдістеме ескіріп тұр. Бұл кемшілікті ғалымдардың кейінгі толқыны оңалтар деп үміттенеміз, – деді Ербол Тілешов.
Жазушының ұлы Едіге Мұхтарұлы Қазақстанның келешегі – жас буынға әкесінің айтқан өсиетін жеткізді.
– Жастардың тақырыбы шығармашылығында ғана емес, өміріндегі негізгі тақырып болды. Болашағынан үміт күттіретін жас буынға жол ашуға тырысты. Шетелге көшіп кетсе де, Қазақстандағы жастардың аяқ алысын қарап отыратын. Зор үміт артатын. «Жастардың санасы ұлттық деңгейде қалыптасуы керек. Сонда ғана қазақ рухани тұрғыда азат болады және шын мәнісінде тәуелсіз болады», – дейтін. Қиын заманның өзінде қазақтың болашағы жарқын екеніне имандай сенді. Оған ешқандай шәк келтірген жоқ. Бірақ, тәуелсіздікке жеткенде «Біз қазір заң жүзінде тәуелсіздік алып отырмыз. Іс жүзінде тәуелсіздікке әлі жете алмай отырмыз. Ол үшін сананың азаттығы қажет. Жаңа заманның жастары еркіндікті насихаттайтын шығармаларды оқуы керек», – деп айтып еді, – деді Едіге Мұхтарұлы.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов «М.Мағауиннің шығармашылығы өзіне дейінгі шығармашылықтағы философиялық негіздер мен көркемдік-эстетикалық принциптерді қайта қараудың басы еді. Оның эстетикалық доктринасы алдыңғы кезеңнің рухани құндылықтары мен дүниетанымдық қырларын жаңаша парықтаудан, өз потенциалын тауысып біткен эстетикаға қарсы тұрудан басталады», – деді өз баяндамасында.
Кезек студенттерге де берілді. Жас ақын Нұрасыл Аманжол Мұхтар Мағауинге арнаған өлеңін оқыды. Болашағынан үміт күттіріп жүрген Дилара Мирамқұл мен Мағжан Құдайберген де Мұхтар Мағауиннің мұрасына қатысты баяндамаларын жасап, Едіге Мұхтарұлы мен аға буынның ілтипатына бөленді.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



