АймақБас тақырыпҚарағанды

Алдаспан ақын, асау жыр

Алаш жырының ақберені, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлының 75 жасқа толған мерейтойы әлі де толас тапқан жоқ. Кеше Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ақынның таңдамалы шығармаларының үштомдық жинағының таныстырылымы өтті.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

 Шарада қазақтың дүлдүл әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыгелді Кемалов пен «Saryarqa аqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда ізгі лебізін білдіріп, үш томдық жинақтың тұсауын кесті.

– Аздап ән салғаннан кейін Алматыға сайыстарға жиі барып жүрдім. Сонда менің бір таңқалғаным – сексенінші жылдардың басында Серік Ақсұңқарұлының өлеңдерін Алматының студенттері жатқа оқушы еді. Ел көңілінің төрінен орын алғандығы шығар, содан бері қарай Секең бір сәтке де қаламын доғарған жоқ. Биылғы жыл мен үшін қазақтың екі ұлы адамы 75 жасқа толған жыл. Бірі – Серік Ақсұңқарұлы, бірі қазақтың ұлы әншісі – Қайрат Байбосынов. Оқырманға жол тартқан үш томдықтың ішінде көп дүние бар. Оқырманын ойландыратын ұлттық рух атойлап тұрған небір жырлар бар, – деді Жақсыгелді Кемалов.

 – Сіз Астанаға бармай Арқада жатып-ақ қазақ әдебиетіне олжа салған классик ақынсыз. Қарағандыда қуатты әдеби орта құрып, аймақтың қазақылануына сүбелі үлес қостыңыз. Бірқатар талантты шәкірт тәрбиелеп, жолын аштыңыз. Қаламыңыз қуатты, өміріңіз шуақты болғай, – деді Қайрат Әбілда.

Кеш барысында ақынның өнегелі өмірі мен шығармашылық жолына арналған бейнежазба көрсетілді. 

Қарағанды «Bolashaq» жоғарғы колледжінің студенттері кеш иесіне өздерін қызықтырған сауалдарды қойып, тұшымды жауап алды.

– Менің шығармашылық жолымда арқамнан қағып, батасын беріп қолдау көрсеткен Ақселеу Сейдімбек, Дәуітәлі Стамбеков сынды қазақ сөз өнерінің алыптары болғанын айрықша атап айтқым келеді. Өйткені, ол кезде қазіргідей кітап шығару оңай емес. Цензураның қабағынан қар жауып тұрған кезі. Әлі есімде алғашқы жинағым «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» жалғанның жарығына бес жыл жатып әзер шыққан. Қазіргі жастар бақытты. Тәуелсіздіктің арқасында жастардың шығармашылығына қолдау молынан көрсетіліп, даңғыл жол ашылып отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып жақсы өлең жазу керек, – деді Серік Ақсұңқарұлы.

Ашық диалог форматында өткен кеште ақынның өміршең өлеңдері оқылып, әндері орындалды. «Серік Ақсұңқарұлының жыр әлемі» атты кітап көрмесіне шолу жасалды. 

Аяулым СОВЕТ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button