Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады – Президент

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жылу электр станцияларының жағдайына тоқталды.

– Өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес. Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс.
Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажет. Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады.
Биыл Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмыстары аяқталады. Бұрын ешқашан толық қуатын пайдаланып көрмеген станцияның 8 блогы түгел жұмыс істейтін болады. Қазір екінші ГРЭС-ті кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр, үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталады.

Тариф саясатын түбегейлі қайта қарау, тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру қажет. Табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізген жөн.
Яғни, баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туады. Қаржы ұйымдары да кәсіпорындарға нық сеніммен несие бере алады.
Сонымен қатар монополистердің жауапкершілігін едәуір арттыру қажет. Бұл салаға цифрлық бақылау тәсілдері енгізіледі. Сол арқылы азаматтарымыз тарифтік смета және инвестициялық бағдарламалар туралы ақпарат алады, – деді Мемлекет басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.