Алаяқтықтың алдын алу үшін…
Осы күні интернет пен гаджеттерде, әсіресе, балалар көп отырады. Олар түрлі заңсыз жолдармен ақша жасап, жеке мәліметтер мен деректерді ұрлап, шоттар мен сайттарды бұзып, өтірік онлайн-сауда жасап, алдамшы ойындарға еліктіретін хакерлер мен алаяқтардың әрекеттеріне оңай алданып, оған қалай қарсы тұрудың амалдарын біле бермейді.
Соған байланысты осы аптаның басында республикалық “Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам” жобасы бойынша Шахтинск қаласындағы Санжар Асфендияров атындағы жалпы білім беретін орта мектептің 5-11 сыныптарының бәрінде қаржылық қауіпсіздік сағаттары өткізілді.
Бұл сабақтарда сынып жетекшілері оқушыларға интернетті қауіпсіз пайдалану үшін “цифрлық кибербуллинг”, “жеке деректер”, “орынсыз мазмұн”, “хакерлер”, “фишинг”, онлайн-шопинг”, “интернетке тәуелділік”, тағы да басқа терминдердің мәнін түсіндіріп, олардан қорғанып, сақтанудың жолдарын үйретті. Яғни оқушыларды күшті және күрделі парольдер жасап, әлеуметтік желілердегі күдікті сілтемелерді, хаттар мен хабарламаларды анықтап, құпиялылық параметрлерін тексеріп, қорғаныс құралдарын қолдануға (антивирус, екі факторлы аудентификация) бағыттады.
Сондай-ақ оқушылармен цифрлық гигиена ережелерінің қандай ережелерін сақтау қажеттілігі қарастырылып, осы тақырыпта ойындар ұйымдастырылып,кейстер талқыланып, викторина сұрақтары шешілді.
Сыныптарда өткен сабақтар барысында балалардың бос уақытын интернетке жұмсағаннан гөрі,кітап оқу,спорт және өнермен айналысудың керектігі мен маңыздылығы баса айтылды.
Ержан ИМАШ,
ШАХТИНСК
Сурет ұйымдастырушылардан