Алаяқтың адымын аштырмайды
«Көп асқанға – бір тосқан». Цифрлық технология дамыған сайын, қарапайым тұрғындарды алдаудың түрлі сызбаларын ойластырып, әйтеуір бір амалын тауып келген алаяқтардың адымын аштырмайтын CyberPol пилоттық жобасы ашылған болатын. Қарағанды қаласының полиция басқармасының жанынан ашылған CyberPol бөлінісі әзірге қала бойынша интернет алаяқтық бойынша істерді қарастыруда. Күні кеше ашылған бөлініс қызметкерлері қазірдің өзінде бес жүзден астам қылмысты тергеп-тексеруде, ал, 73-і сотқа жіберілген.
CyberPol-да қазір үш жедел уәкіл, үш тергеуші жұмыс атқаруда. Жоба Қарағанды қаласын қамтитын болғандықтан, интернет алаяқтық бойынша жәбірленушілердің арыздары осы жерге түседі. Мәселен, Қарағанды қаласы бойынша ғана биылғы бес айдың өзінде 503 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары. Қарағанды қаласы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Дастан Садықов өткен жылы интернет алаяқтыққа қарсы 307 іс тіркелгенін айтады.
– Қазір қылмыстың түрі өзгерген. Ұрлықтың өзі интернет ресурстары арқылы жасалуда. Тіпті, болашақта, біздің түсінігіміздегі қылмыстар мүлдем азайып, интернет арқылы жасалатын қылмыстар көбейеді деген болжам бар, – дейді ол.
Жедел уәкілдің айтуынша, биыл тіркелген 37 қылмыстың 37-сі – ауыр қылмыстар санатында. Яғни, келтірілген шығын мөлшері – 3,5 миллионнан асады.
Орталық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Заңғар Ерғалиұлы Қожабек CyberPol-дың ашылуы қажеттіліктен туғанын айтады.
– Интернет арқылы жасалатын қылмыстар кейінгі үш жылда өте көп жасалуда. Сондықтан, оған жете мән берілуде. Бөліністе жұмыс жасайтын қызметкерлер келіп түскен қылмыстық істерді тергеп-тексерумен қатар, интернет кеңістікке мониторинг та жүргізеді, – дейді Заңғар Ерғалиұлы.

Бөліністің жұмыс бағыты ауқымды. Қылмысты тергеп-тексерумен қатар, өздері мониторинг жүргізетін мамандар интернет арқылы жасалатын қылмыс он түрге бөлінетінін айтады. Олар әлеуметтік желілерде, сатылым ресурстарында, түрлі сайттарда болуы мүмкін.
Қылмыстың алдын алу – маңызды. Сондықтан, әлеуметтік желілерге шолу жасау арқылы профилактика жүргіземіз. Атқаратын жұмыстар ауқымды болғандықтан, бірқатар жағдайларда ІТ-мамандардың көмегіне де жүгінеміз. Қазір пилоттық жоба ретінде ашылдық. Жұмыс жақсы жалғасын тауып, нәтиже беретін болса, кибер қылмыстармен күресуге қажетті мамандар қамтылған жеке бөлініс болады деген үміттеміз, – дейді Заңғар Қожабек.
Дегенмен, жұмыстың нәтижесі бар екенін мамандардың өздері де айтуда. Бұған дейін жедел уәкілдер де, тергеушілер де түрлі бағыттар бойынша жұмыс істеген болса, бұл жерде тек белгілі бір бағытта жұмыс жасауға мүмкіндік бар.
Салтанат ІЛИЯШ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz



