Алаяқтар айылын жияр емес
Бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне айналған интернет алаяқтық айылын жияр емес. Құзырлы органдар тарапынан қаншама түсіндіру-насихат жұмыстары жүргізілсе де елімізде қылмыстың осы түрі күрт өскен.
Жақында қарағандылық 3 азамат полицияға арызданып, өздерінің интернет алаяқтарының құрбаны болғанын мәлімдеген.
Олар әлеуметтік желіден қаладан жалға пәтер алу үшін хабарлама берген адамға алдын ала 10 мың теңге ақша аударған. Кейін сол үйге келіп кірмекші болғанда ғана өздерінің алданып қалғанын білген. Себебі, ол үйде өз қожайындары тұрып жатқаны, ешқандай жалға беру туралы хабарлама берілмегендігі анықталған.
– Қарағанды облыстық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы және Қарағанды қалалық полиция басқармасының киберпол қызметкерлері кешенді жедел іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Ұлытау облысы, Жезқазған қаласынан 23 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Күдікті пәтер жалға беру туралы жалған хабарлама бергенін және алданып ақша салған жәбірленушілердің ақшаларына букмерлік мекемеде құмар ойындарға тіккені туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды, – дейді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,
ortalyq.kz