Жаңалықтар

Алаштың алтын тіреуі

Тәуелсіздік – талай жылдар еркіндігін аңсаған елдердің басына жүздеген, мыңдаған жылдарда үздіктіріп барып бір-ақ рет қонатын бағасы жоқ бақ. Осынау батпандай бақтың негізгі тетігін ұстап тұрған тұғыры биік Ата Заңымыз. Өйткені, Ата Заң – егемендікті бекітетін аса маңызды құжат. Мемлекеттіліктің, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың берік негізі, адастырмас темірқазығы.

Тәуелсіздіктің тәтті дәмін татырған 1991 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды. Одан кейін, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып, оны Қазақстан халқы 1995 жылы 30 тамыздағы республикалық референдумда бірауыздан мақұлдады. Конституция Президент лауазымына үлкен міндеттер мен зор жауапкершілік жүктеді. Содан бері Ата Заңымыздың қабылданғанына 26 жыл толған екен. Осы жылдар аралығында мемлекетіміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде көрсетіп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Конституция – біздің барша табыстарымыздың бастауы. Елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат – тұрақтылық пен татулықтың тұғыры» деп қадап айтты. Расымен де, Елбасымыз айтып өткендей, Ата Заң – мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады, жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Конституцияны қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды. Атап айтқанда, Конституция – саяси, құқықтық, экономикалық мәдени-гуманитарлық салалардың даму бағыттарын айқындап, дара жолға салды. Соның арқасында қазіргі таңда қабылданған заң аясындағы шаралардың өміршеңдігі Ата Заңның жасампаз әлеуетінің толыққанды жүзеге асуымен тікелей байланысты болды. Барлық күш-жігерімізді Ата Заңның жоғары заң күшін және тікелей қолданылуын қамтамасыз етуге бағыттауымыз осыдан болар. Ата Заңымыздың 3-бабында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық делінген. Ендеше, Ата Заңымыз әрбір азаматы өзін тең сезініп, емін-еркін жайдары өмір сүретін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналсын демекпіз.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button