Бас тақырып

Алаштың алақанындағы ақын

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлының Алаштың алақанындағы ақын екенін Арқа төсінде дүбірлеп өткен 75 жас мерей­тойында тағы бір аңғардық. Жексенбі күні Кеншілер мәдениет сарайында рух шалқыды. Қарағандыда қара өлең салтанат құрды. Көкбөрі ақынның төбесі көкке жетті. Ақсұңқарұлының адуынды жыры аспандады. Мәңгілік өлеңнің мөрін алған ақын осылайша құрметтің құшағында, сыйдың сиқырында, шабыттың шалқуында жүрді. Әйтпегенде ше? «XX ғасырдың жиырма сәтінде» отызыншы ғасырдың ойын айтып, Қарағандыда қырық ақын қанаттандырған Ақсұңқарұлының алшаңдайтындай сәні де, салтанаты да бар. Міне, осының бәрі – өлең-сөзге көрсетілген ілтипаттың өлшемі.

Кеш шымылдығын Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен ашып берді.

– Мен Серік ағамызбен Қарағандыға қызметке келгенде, 2010 жылы жүзбе-жүз танысқан едім. Сонда ақын ағамыз: «Қарағандының үсті де, асты да қазына. Жасаған еңбегіңді еселейтін ел-жұрт бар мұнда. Саған батамды берейін», – деді. Міне, содан бері ағамыз тілеуқорымыз болды. Серік ағамыздың өлеңдері мүлдем өзгеше. Жойқын энергия бар. Мерейтойыңыз құтты болып, жүзге келіңіз де, күллі елді таңқалдырыңыз, Аға, – деп өзінің лебізін білдірген Президент көмекшісі ақынның иығына шапан жапты.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мерейтой иесінің ел мәдениетінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдіріп, құрметін көрсетті.

– Сіз көрнекті ақынсыз, құрметті азаматсыз. Дарыныңызбен қазақ әдебиетіне зор үлес қосып келесіз. Сіздің шығармаларыңыз жастайыңыздан жоғары бағаланып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Сарыарқаның дарынды ақындарын бір арнаға біріктірдіңіз. Біз сізбенен мақтанамыз. Сіздің мерейтойыңызды аймағымызда 29 наурыздан бастап, тойлап жатырмыз. Ақынның тойы – халықтың тойы, – деді құттықтауында Ермағанбет Қабдулаұлы.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атынан құттықтау хатты ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жеткізді.

Мұнымен қоса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын оқып берді.

Сонымен қоса, кеш иесі Серік Ақсұңқарұлына Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын Қалқаман Сарин, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның хатын министрліктің Архив құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің сый-сияпатын әкім орынбасары Есет Байкен табыстады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов найзағай ақынның болмысын суреттей сөйлеп, «TҮРКСОЙ» алтын медалін тақты. Ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Жақып Серік Ақсұңқарұлына Қазақстанның Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің атынан жылы лебіз жеткізіп, «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағымен марапаттады.

Сонымен қатар, Е.Бөкетов атында­ғы Қарағанды Зерттеу университеттің Ғы­лыми кеңесінің шешімімен Серік Ақ­сұңқарұлына «Құрметті профессор» ата­­ғын университет ректоры Нұрлан Дулатбеков табыстады.

Кеште «Құрмет» орденінің иегері Амантай Жұмашев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыкелді Кемалов, Мәдениет саласының үздігі Саят Әбдіғали, Меруеш Башай, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің әншісі Құрмаш Ыбышев, дәстүрлі әннің дүлдүлдері Ержан Базарбеков, талантты ақын Мақсат Күземханов, әнші Салтанат Мұқышева, Қарағанды жоғарғы гуманитарлық колледжінің хоры ақынның сөзіне жазылған «Сарыарқам менің», «Қарқаралы», «Балқантау – аққулар мекені», «Шайтанкөл», «Қарағанды вальсі», «Үш тауым-ай», «Өмір деген – Күнді айналу», «Есіл мен Нұра», «Мәңгілік Ел» секілді сырлы әндерді шырқады.

С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының талантты әртіс­тері сомдаған «Жарық пен Түнек жыры» мен «Муза қыз бен мансап атты мәртебелі мырза туралы баллада» қойылымына халық зор қошемет пен ықылас танытты.

Шәкірті, Халықаралық «Шабыт» фес­тивалінің лауреаты Мирас Асан кеш иесіне арнап «Ақын зертханасы» атты өлеңін оқыды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов Серік Ақсұңқарұлының «Руһтың шалқуы» өлеңін оқығанда кеш тақырыбы тап басып қойылғандай қол соқты ел-жұрт.

Ақтоғай ауданының «Тоқырауын тол­қындары» əн-би ансамблі орындаған Қар­қаралының әнұранына айналған «Шайтанкөл – аққулар мекені» əні кештің шы­райына шырай қосты.

Кеш соңын ақын өзі түйіндеп, көпшілікке шалқыған көңілін жеткізді. «Ұстараның жүзінде» атты сиясы кеппеген өлеңін оқып беріп, бақытты ақын басын иді.

Жыр кешінің бейресми бөлігінде Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов ақынның Атымтай жерлестері атынан темір тұлпар мінгізіп, кілтін табыстады.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button