Бас тақырып

Алаштың алғашқы жүлдесі алтыннан басталды

Көк түріктің көне дәстүрін дәріптеген V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанаты «Астана Арена» алаңында өтті. Әлемдік оқиғаға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркіменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы Президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ, ЮНЕСКО, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

Сақтың салты салтанат құрып, Ғұнның ғұрпын дәріптеп…

Күні бұрын дүрмегі жеткен дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің бүлдіршіндері Қазақстан Республикасының Көк Туын алып шықты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ашылу салтанатындағы бұл көріністің өз ойы бар көрінеді. Елімізді мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің бұл ұрпақтар сабақтастығы һәм өз Отанына деген адалдығы. Бұдан кейін еліміздің Әнұраны шырқалды. Қалыптасқан дәстүр бойынша жарысқа қатысушы 89 мемлекет спортшыларының шеруі өтті. Биылғы Көшпенділер ойындарына Азиядан, Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, Аустралиядан спортшылар келді. Дүниенің төрт бөлігінде әмірлік құрған ұлт өкілдерінің бір тудың астына жиналғанынан-ақ, байрақты бәсекенің тартысқа толы болатыны айғақталады.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, әлемдік маңызды іс-шараға қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына, мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғысын жеткізді. Президент көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған көне өркениет екенін айрықша атап өтті.

– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді. Сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрып, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің байланысына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Расында, ежелгі Сақ дәуірі мен Ғұндардың тастағы тарихында көне ғұрып сайрап жатқаны анық. Қазақтай ұлы елдің бастауы қайдан десе, сан жауап сайрайды. Ал, қазақты қазақ етіп сақтаған мызғымас тіректің бірі ол салт пен дәстүр, ұлттық құндылықтар. Дәл осы тұста ұлттық құндылықтардың бастауы көшпенділер мәдениетінен басталарын һәм көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін Мемлекет басшысы ерекше атап айтты.

– Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара дос­тық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек, – деді Президент.

Төрткүл дүниені жайлаған көш­пенділер өркениетінің бай мәдениеті мен тағылымды тарихын, салт-дәстүрін паш етіп, адамзат баласын ортақ Отанымыз Жер-ананы сақтауға үндеген ашылу салтанаты бірнеше эпизодқа ұласты. Алаңға шыққан би топтары түрлі іс-қимыл арқасында Алаш басынан өткерген бірнеше оқиғаларға тоқталып, қандай қилы шақта да бірліктен бас тартпай, егемендік алып ел болғанымызды көрсетті. Сонымен қатар, салтанатты жиында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Роман Скляр, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған сөз сөйледі.

Жәнібек Құлмырзаев (Жамбы ату)

Ұйымдастырушылардың сөзінше, екі сағаттық ауқымды музыкалық-театрландырылған қойылым кезінде заманауи сахналық технологиялар мен мультимедиялық дизайн қолданылған. Тіпті, сахна артында бір емес, бірнеше музыкалық аппараттар қосулы дайын тұрған. Себебі түрлі жағдайлар болып қалуы ғажап емес көрінеді. Ашылу салтанаты дәстүрлі түрде спорт делегацияларының шеруінен басталып, соңында танымал әнші Димаш Құдайбергеннің орындауындағы халықтар достығы мен бірлігі туралы музыкалық композициямен түйінделді. Жер бетінен жиналған қонақтардың барлығы Димашқа ризашылығын білдіріп, әніне тамсана қол соқты.

Сонымен, V Дүниежүзілік көш­пен­ділер ойындарына Әлемнің 89 елінен 2500-ден астам қатысушы келді. Олар ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек, садақ ату және халық ойындары сияқты 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын са­рап­қа салады.

Жорық

Дүбірлі доданың алғашқы жарысы ұлы дала жорығы аяқталып, жеңімпаздар анықталды. Бес күнге созылған 500 шақырымдық жорықта ресейлік Кабардин-Балкар командасы жеңіске жетті. Мәрені екінші болып кескен Алматы қаласының командасы, үздік үштікті Ақтөбе облысының командасы алды. IV орын жетісулықтарға бұйырса, V орынды Маңғыстау облысының әйелдер командасы еншіледі.

Ажар САЛЫҚОВА (Кураш)

Жамбы ату

Жамбы атудың алғашқы кезеңі «Мажар» стилі бойынша сынға түскен қатысушылар арасында франциялық Рафаэль Малет алтын медаль еншіледі. Жамбы ату сайысы үш кезеңнен тұрады. Олар «Пута», «Қалқан», «Жамбы» нысаналары бойынша. Жамбы атуда Жәнібек Құлмырзаев құралайды көзге атқан мерген екенін алтын алып дәлелдеді. «Пута» нысанасын көздеуде алдына қара салмаған мерген қарсыластарын қапы қалдырды. Оның көздеген әр жебесі нысана көзінен дәл табылды. Жамбы атудың келесі кезеңінде дәлдік танытқан Батыр Бексауыт V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанып, алтын медаль еншіледі.

Кезекті «Пута» нысанасы бойынша сайыста қазақстандық Қасымхан Қанаттың бағы жанып, қоланы қолдан бермеді. Дәл осы «Пута» нысанасы жамбы ату кезеңінде Айкөркем Батихан мен Ералхан Айкөз де қола медальді еншіледі. Сайыс сапында көптің көзіне түсіп, күміс медальді Айтбек Сарыбай жеңіп алды.

Аударыспақ

Аударыспақтан Көшпенділер ойындарына тоғыз мемлекеттен, 64 спортшы тіркелді. Олар – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей. Аударыспақтан Қазақстан намысын Ермек Құралбай, Алмат Ләтіпбек, Дарын Өткелбай, Есімхан Рахматіллә, Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев қорғауға шықты. Еске сала кетейік, додаға қатысушы аударыспақшылардың айтуынша, бұл сайыста біздің қатысушыларға қауіпті қарсылас қырғыз ағайындар екен.

Алаңға алдымен шыққан Дарын Өткелбай 80 келі салмақта қарсылас мықтысы қырғыз палуанын аттан суырып алып, ақтық сынға жолдама алды. Ақтық кездесуде ол өзбек палуанын аттан аударып алтынға ие болды. 70 келі салмақ сапында алаңға шыққан Алмат Ләтіпбек ақтық кездесуде қырғыз палуаны Бақтығұл Райханұлын аттан түсіріп алтынға қол жеткізді. Аударыспақтан 60 келі салмақта шығып, қарсылас шақ келтірмеген Ермек Құралбай финалда қырғыз палуаны Жекшенбек Тұрдыбековпен кездесті. Нәтижесінде қарсылас қапысын тапқан Ермек жеңіске жетіп, алтын медаль алды.

Бекжан ТӨЛЕПОВ (Қазақ күресі)

Қазақ күресі

Қазақ күресінен алғашқы алтынды әйелдер арасында 48 келі салмақта ел намысын қорғаған Айжан Жылқыбаева жеңіп алды. Ол финалда қырғызстандық қарсыласынан айласын асырды. Ал ерлер арасында 55 келі салмақта Бекжан Төлепов финалда тағы бір қырғызстандық палуанды қапы қалдырып, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды. Бұдан кейін 52 келі салмақта Назерке Азаматова қарсыластарын уақытынан бұрын жеңіп, тағы бір алтынды қанжығалады.

Мас-рестлинг

Саха ұлтының ұлттық спорты атанған мас-рестлинг сайысында қазақстандық қос спортшы қолаға ие болды. Олар 65 келіде шыққан Бірімжан Асылмұрат және 55 келі салмақ дәрежесінде қарсыласы мажар спортшысын тізе бүктірген Тахмина Қожамбердиева.
Бір күндік жарыс нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы 14 медальға иелік етті. Олардың сегізі – алтын, біреуі – күміс, қалғаны – қола медаль.
Сонымен қатар, қазақстандық көкпар құрамасы да екі бірдей шетел құрамасын айқын басымдықпен жеңіп, ел қуанышын еселеді. Алғашқы кездесуде Өзбекстан командасын 16:00 есебімен жеңіп, АҚШ құрамасымен шықты. Біздің палуандардың қарқынына америкалық ковбойлар да қарсы тұра алмай, ақыры 18:00 есебімен жеңілді. Келесі кезеңде қазақстандық құрама Қырғызстан, Тәжікстан командаларымен кездеседі.
Бет қатталып жатқанда Ұлттық құрама қоржыны тағы тоғыз медальға толықты. Оның ішінде, бес алтын, екі күміс, екі қола бар. Атап айтсақ, қарағандылық балуан қыз Ажар Салықова өзбектердің «Кураш» күресінен күміс жүлдені еншіледі.

Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттер ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы сайтынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button