Алаш тұрпаты – Астана
«Атына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,
Астана жұртын айналған» (Махамбет) біздің ұлттың астана туралы түсінігі тым тереңде, есте жоқ ескі күндерге барып тіреледі. Қазақ хандығы кезеңін айтпағанда, Алтын орда дәуірінен де әрі асып, ежелгі Түрік заманының өзінде астаналы жұрт болғанымыз әмбеге аян, әлемге мәшһүр. Суяб пен Баласағұннан басталған астаналарымыздың бәрін атамағанда, Сарай-Бату, Сарай-Берке, Сауран, Сығанақ, Түркістан, Орынбор, Ақмешіт (Қызылорда), Алматыдан бүгінгі Астанаға бір-ақ барады. Мұның арасында заманында астана болған Отырар, Тараз сияқты бірнеше қалалар бар. Солардың бәрі бірлесіп, бүгін елордамыз – Астананың мәртебесін көтеріп, атын әлемге әйгілеп тұр. Туғалы қанша қасірет пен азап шексе де қайыспай, егемен ел болып еңсесін қайта тіктеген Алаш жұртының Астанасы биыл жігіт жасы жиырмада. Сүйінбей көр!
Бүкіл Түркі тектес жұрттардың қара шаңырағы Қазақ ұлысының елордасы – Астана, ханордасы – Астана! Оны мен емес, ұлы Тұранның ұзаны Мағжан айтады:
«Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан
туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!». Қазір Қазақ елінің қара шаңырағы – Астана! Байырғы Бозоқтан тамыр тартатын қаланың сәні мен салтанаты бөлек, символы (Бәйтерек) тіптен ерек. Қазақ ұлтын мәңгілік баянды өмірге жетелейді.
Асылы, өзінің тарихи жолында бірнеше дәуірді бастан кешіріп, топырағы қалыңдап, тамыры тереңдеген ұлыс қана осылай астаналы ел бола алса керек. Жоғарыда қазақ ұлт болып жер басқалы тұрақтаған астаналарды атауымыздың сыры сонда-тын. Біз – атам заманнан бері астаналы ел болғанымызбен қатар, соны жан-жүрегімізбен сезініп, сана-сезімімізбен түйсінген елміз. «Бес ғасыр жырлайды» атты ұлттық сана-сезіміміздің төлқұжатын ашып келіп жіберіңіз! Доспанбет, Ақтамберділерді айтпағанда, Қазақ хандығының ұлы жырауы Бұқар бабамыз «Астана жұртын айналған» елдің портретін сол кездің өзінде-ақ сомдап кеткен. «Бағаналы орда, басты орда, Байсал орда қонған жұрт. Хақтың жолын күзетпей, Жамандықты ұққан жұрт, Бас, аяғың бай болып, Бәсеке дәурен сүрген жұрт. Ағар бұлақ сүтті жұрт, Көп жылдарға бек сақтап, Есен де есен болған құтты жұрт. Бағаналы орда, басты орда, Байсал орда қонған жұрт, Мамырласып, ел болып» отырсақ, Алла сондық сана мен сезімге жарытқаны! Бүгінгі Астананың тұрпаты аспаса, кем түсіп тұрған жоқ бұл сөзден.
Әріде Бұқар, Махамбеттер осылай жырласа, қазіргі жастар Қасымның тілінде жырлайды Астананы…
«Бермесең бермей-ақ қой
баспанаңды,
Сонда да тастамаймын Астанамды» дейді. Баспанасыз қалса да, астанасын қорып өткен елдік сана осы жерден атойлап тұр! Бұл баспанасы жоқ қазақ ақынының ғана емес, астанасыз бодан болмауды көксеген қазақтың кеудесіндегі – отаншыл рухтың дүмпуі. Алаш болған соң, астаналы ел болу мұрат қашанда! Алла соны басқаға емес, бізге қиды. Ендеше, бір-бірінің соңынан ерген Азаттығымыз бен Астанамызды сақтау – бәрімізге парыз.
Астана тойы құтты болсын!
Жәнібек ӘЛИМАН