Жаңалықтар

Алаш көсемі Әлиханның мәңгілік мүддесі

Алаш арман-тілегінің басты қаһарманы, азаттығының бейнесіндей тұлға, қиын заманда тәуекелге бел буып, көшін бастаған көсемі Әлихан Бөкейхан тұлғасы біздің дәуірімізде де өзгеше сипатымен көз тартады. Ешқашан тот баспайтын мәңгілік тұғырымен ол әлі биік, еңселі қалпымен асқақтап тұр.

 

Әлихан Бөкейханұлына деген халық сүйіспеншілігінің әрқашан толастамағанына үлкен бір дәлел – сол кеңестік дәуірдің өзінде оның ірі тұлға болғандығын танып келдік, әредікте болса да, оның саяси-қоғамдық өмірдегі белсенділігі, жан-жақты ауқымды қызметі туралы, зерттеуші ғалым болғандығы айтылмай тұрмайтын. Мысалы, кеңестік дәуірдің қайраткері бола тұрса да, Алаш көсемінің биік тұлғасын танып, көзін жеткізген Д.Қонаев: «Әлихан Бөкейхан – алты Алаштың пірі, рухани көсемі» деп жазыпты өз еңбектерінің бірінде. Ондай деңгейдегі үлкен қайраткердің әр сөзі аңдулы заманда тек қана осы сөзі үшін ол кісінің беделі түсіп қана қоймай, жауапқа тартылуы да әбден кәдік жағдай еді. Өйткені, Әлихандай арыстардан ол кезеңдерде «халық жауы» деген жала алынбаған уақыт, пәле іздеген кеңестік саяси идеологтарға бұл таптырмас «ілік» болар еді. Міне, қаншама қысымшылық, тыйымдарға қарамастан, ала-құла пікірлердің арасында жарқ етіп, осылайша Әлиханның халық алдындағы зор абыройлы тұлғасы да көрініп қалатын. Сонымен бірге, алашордалық арыстар қатарында қара күйе жағылған жағымсыз сипатымен де танылып жатқанда, ол кісінің бейнесі мүлде жұмбақтала түсіп, әлдебір құпия сырлары ашылмай жатқандай қызықтыра түсетіндей еді. Туған халқын бақытты күнге жеткізуді ойлаған Алаш көсемі өзі барша халқы алдында серт беріп, ант қабылдағандай ағынан жарылып: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» дегеніндей, қазағының қамын жеп, шарқ ұрғанда, олардың мұсылман жұртымен ынтымақтас болуына да, түркі халықтарымен мүдделес болуына да зор ықпал жасаған, септігін тигізер ұлы істер атқарған. Өйткені, Ресейдің патшалық империясының да, одан кейін, ант-су ішісіп, халықтарға теңдік, бостандық алып береміз деп, коммунизм идеяларымен қаруланып алып, дүние жүзін дүр сілкіндіріп, ықтыра бастаған кеңестік большевиктік өкіметтің де ұраншылдықтарының астарында империялық астамшылық пиғылдың бұғып жатқанын Әлихандай сұңғыла қайраткеріміз жазбай танып еді. Оның бас болып, жұртының көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, парасатты Алаш зиялыларын жиып, «Алашорда» партиясын құруында да осы халықтық ұлы мұраты жатыр еді.

Өкінішке орай, Алаш көсемі Әлихан көрген ұлы мақсатты империялық мүдде көздеген большевиктік партия да айқын таныды, бірақ, олар мұны, әрине, өз мүдделері тұрғысынан бағалап, коммунизм идеясына төнген қатер деп шошынды, сондықтан да өз халқының азаттығы мен еркіндігін аңсаған Алаш қайраткерлерінің қыр соңына түсті. Оларды, тіпті, өз халқына қарсы қойып, неше түрлі жалалы айыптаулар ойлап тапты, «жапон шпиондары», «ұлтшылдар», «ұлтшыл-буржуазияшылдар», «байшыл-феодализм» туын көтерушілер, пантүріктік, панисламистік бағыттағылар, т.б. неше түрлі атаулар сол тұстарда Алаш ерлерін қалың көпшілікке құбыжықтай танытқандығы анық.

Досжан ӘМІР,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы

Мақаланың жалғасын газеттің 30 қыркүйектегі №109 (23 285) санынан оқи аласыздар. 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button