Алаш идеясы және Әділетті Қазақстан
Жасыратыны жоқ біздің қоғам ұлттық идеяға шөліркеп тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған тарихи реформалар осы олқылықтың орнын толтыруға бетбұрыс жасап жатқаны көңіл қуантады. Әсіресе, Ұлытау, Түркістан және биылғы Атырау Құрылтайларында көтерілген мәселелер мен аз уақытта іске асып үлгерген іргелі жобалар Қазақстанның жаңа дәуірге қадам басқанын дәлелдеп берді.
Ұлттық Құрылтайдың биік мінберінен айтылған қай мәселе болсын, Әділетті Қазақстанның жарқын болашағына бағдар болып, әр жылғы Құрылтайда тұғырлана түскен идеологиялық тұжырымдар даму қарқынымыздың іркілмейтініне кепіл болып келеді.
Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында ел Президенті «Соңғы жылдары мемлекетіміз тарихи әділдікті қалпына келтіруге баса мән беріп отыр. «Төл шежіреміздің ақтаңдақ беттерін» ашу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Өткенді саралап, оған шынайы баға берудің маңызы зор», – деді.
Мен бүгінгі жазбамда Президент аузынан шыққан «тарихи әділдік» емеурінінің астарына үңіліп көрмекпін.
Ұлы мұратқа ұранмен қол жеткізе алмайтынымызды 70 жыл билік құрған коммунистік идеология дәлелдеп кетті. Әділетті қоғам қалыптастырудың алғышартын Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деген аса маңызды үш тағанды тұғыр еткен үшінші Құрылтай отырысында тарқатып айтты. Дәл қазіргі әлем елдерінің әбігері басылмаған, идеологиялық қақтығыстар шиеленісіп тұрған болжаусыз кезеңде қазақстандық қоғам айқын бағыт, дұрыс жолды ұлттық құндылықтан іздейтінін де тамыршыдай дөп басты.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлының «Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа аманаттаған бабалар рухына тағзым етеміз» деген тұғырлы тұжырымының астарында Мемлекет басшысының тарихи жауапкершілігімен бірге ұзақ жылдар айтылмаған ақиқат, мойындалмаған шындықтың салмағы бар екені даусыз. Сондай-ақ, ХХ ғасыр басында азаттық күресінің аламанында топ жарған Алаш зиялылары жасаған ұлттық идеямен сабақтастық тұрғанын аңғардыңыз ба? Сол үзілмеген үндестік пен салмақты сабақтастық Президентіміздің осы Құрылтайда айтқан ілгерілеуге іркіліс әкелетін бес кеселін де жеңіп, ұлттық құндылықтармен қатар экономикалық дамуымызға да серпін әкелеріне күмәніңіз болмасын.
Ұлы Дала – бодандық бұғауын үзіп, азаттыққа ұмтылған ұлы мұраттардың алтын бесігі һәм ұлы күрестердің куәгері. Иә, біз ғасырлар бойы еркіндік жолындағы күресті бір сәтке доғармаған бабаның ұрпағымыз. Атының ері алынбай, ерінің белі шешілмей күрескен қайсар рухты Қазақ деген ұлттанбыз! ХІХ ғасырдың жуан ортасына дейін толастамаған қанды жорықтар ХХ ғасырдың басында атойдан идеяға айналды. Ол – Алаш идеясы.
Бүгінгі Тәуелсіздіктің түп тамырында, бітім-болмысында көсемі Әлихан Бөкейхан болған сол Алаш идеясы жатыр. Алаш жұртының маңдайына басқан ат төбеліндей зиялылары жаңа тұрпатты құқықтық мемлекет құру ісіне белсене кірісті. Дегенмен, тоталитарлық жүйенің торына шырмалып, Алаш асылдарының арманы қыршынынан қиылған-ды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Алаш қайраткерлеріне қойылған ескерткіштің ашылу салтанатында «Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясының төңірегіне бірікті. Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Жеріміздің тұтастығының сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өркениетті зиялылықтың негізін қалады. Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, Қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты» деген еді. Президентіміздің бұл пікірін Алаш көсемдерінің қайраткерлігіне берілген шынайы баға деп қабылдайтын болсақ, Әлекең бастаған Ұлт көсемдерінің арманы күні бүгінге дейін көмескіленбегеніне көз жеткізген болар едік. Ендеше, халқымыздың Азаттыққа деген ұмтылысын еселеп, күрескерлік рухына дем берген сұрапыл күш – Алаш идеясы!
Сөз басында айтқанымдай, бүгінгі жазбамда сол Алаш идеясы мен бүгінгі Әділетті Қазақстан идеясының сабақтастығын салмақтап көрмекпін…
Біріншіден, бұл сабақтастық идея барымтасы емес. Тағы да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымына жүгінсек, ел Президенті өзінің 2021 жылы жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тарихи мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында Тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Алаш арыстарының мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс!» деп жазған еді. Бұл жерде Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан дәстүрлі дала ақсүйектерінің жанқиярлық еңбегі мен өз өмірлерін ұлт болашағы жолына құрбан еткен тарихи ерлігін жоғары бағалап тұр. Яғни, бүгінгі Әділетті Қазақстанның даму серпілісі соңғы бес жылда Алаш идеясымен тамырласып келеді деп айтуға толық негіз бар. Ендеше, бұл сабақтастықтың астарында ұрпақтар эстафетасы жатыр. Ұлт Көсемі Әлихан Бөкейхан мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлтымызды ұшпаққа жеткізу жолындағы ұлы идеяларының рухани үндестігі қылаң береді.
…Әлихан Бөкейханов – Алаш көсемі, «Алашорда» Үкіметінің тұңғыш төрағасы. «Қыр баласының» өмірі, атамекені, білімі, қайраткерлігі туралы қайта қазбалап жатудың қажеті жоқ, білем. Алаштанушылардан артылғаны болып жатса, көрерміз.
Төңкеріс арқылы азаттыққа ұмтылудың қисынға қырын келерін сезді Әлихан бастаған Алаш көсемдері. Найзасын – Намысқа, алдаспанын – Арға суарған арда қазақтың ұрпағы үшін қантөгіс пен төңкерістің тактикасы ұлттық идеяға жол берді. Әлекеңнің көшбасшылығымен осы жол таңдалды. Бұл – мен ашып отырған жаңалық емес, архив құжаттарының емеуріні. Мәселен, «Алашорда» Ұлттық автономиясы Халық Кеңесінің Төрағасы Әлихан Бөкейханның қайраткерлігі мен қоғамдық қызметі жайлы өзінің замандасы Қошмұхаммед Кемеңгерұлы 1920 жылы жазған «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан», – деп жазады.
Яғни, сол ХХ ғасырдың басында-ақ бізде аз болса да, саяси элита қалыптасқан. Әлекең бастаған ұлттық саяси элита өздерінің түпкі мұратына жетпеді демесеңіздер, бүгінгі Қазақстан үшін қалдырған бәсі биік бәсіресінің бастауында шекарамыз тұр емес пе?! Тәу етер Тәуелсіздігіміздің басты нышаны саналатын байтақ жеріміздің әр пұшпағы – сол Алаш зиялыларының аманаты. Асыл аманатқа адалдық танытып, тарихи жауапкершілікті жан-тәнімен сезінген бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жерге қатысты берік пікір, ұтқыр ұстаным ұстанып отыр. Міне, сабақтастық! Сөзіміз дәлелді шығу үшін Қасым-Жомарт Кемелұлының жер туралы «Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесетті тоқтату керек» деген өткір пікір, нақты шешімін тілге тиек етсек жетіп жатыр. Ол аз десеңіз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ата Заңымызға енгізілген өзгерістер қатарында: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген баптың болуы да Алаш көсемдерінің ақиқатқа айналған арманындай қастерлі артықшылық емес пе?!
Саясаттанушылар ұлттық идеяны өмірге әкелетін сол дәуірдегі саяси элита екенін айтады. Сондай-ақ, ұлттық идеяға негізделген қуатты мемлекет құру үшін көптеген міндеттер бар. Мысалға, ұлттық экономикалық буржуазия қалыптастыру мен ұлтты жетілдіру, ұлттық сананы жаңғырту деген үш бағытты алсақ та, жетіп-артылар… Дәл осы ошақтың үш тағанындай үш бағытты берік қолға алып, дамыта білудің арғы жағында орындалған арманның сұлбасы көрінер еді. Біздің бүгінгі билік Алаш идеясымен астасқан осы бағыттың барлығын жетілдіру жолында тер төгіп, бағдарламалар қабылдап жатқанын көзіміз көріп отыр.
Ұлттық экономикалық буржуазия. Атырау Құрылтайында таразыланған маңызды мәселенің бірі – еліміздің экономикалық дамуы мен коммуналдық саланы жетілдіру. Нақты бағыттар мен міндеттерді қадап айтқан Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті әкімдерге экономиканың ұлттық мазмұнын еңселендіруді тапсырды. Бұған дейін де күн тәртібінен түсіп көрмеген ұлттық экономиканы дамытудың осы жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіштері – көңіл көншітерлік. Мәселен, Қарағанды облысының 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы ЕАЭО елдерімен сауда айналымы 366,8 млн. АҚШ долларын құраған. Оның 208,7 млн. доллары – экспорт та, 158,1 млн. доллары – импорт. Яғни, өңірдің экспорттық әлеуеті біршама артқан. Бұл дегеніміз – Қазақстанда, оның ішінде, Қарағандыда өндірілген тауарға деген сұраныс артып келеді деген сөз.
Әлекеңнің «Біз Батыстық буржуазиялық жолды таңдаймыз, бірақ оны өзіміздің тарихи һәм ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып қабылдаймыз», – деген сөзі бар. Яғни, «Алашорда» автономиясы қабылдаған бағдарламаның басты бағыты осы болғанын түсіну қиындық әкеле қоймас. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне қаңтар айында берген сұхбатында: «Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен жүйелі айналысатын боламыз», – деді. Идеялық үндестіктің үлкені осы жерде тұр. Ұлттық сананы жаңғыртуға негізделген Әлекеңнің еңбектерін ешкім жоққа шығара алмайтынын да жақсы білеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тарихи мақаласында лайықты таразыланған Алаш зиялыларының еңбегі еш кетті деуге әлі ерте. Сонымен қатар, кешегі Алаш көсемдерінің жанкештілігі арқылы жария болып, тіпті, АҚШ баспаларында жарық көрген ұлылар идеясы мен бүгінгі Тәуелсіздік идеясын ешкім алшақтата алмайды.
Әлекең бастаған Алаш арыстарының көздегені – ұлтты жетілдіру. Сол үшін күресті. Сол үшін басын бәйгеге тікті. Сол үшін құрбан болды. Қазір ғой, өздерін «қоғам белсендісіміз» деп жүрген біздің «жасанды оппозицияның» «құлдық санадан арылу керек» деп ұрандата бастағаны. Ал, дәл осы құлдық санадан құтылу жолын Әлекең сонау ХХ ғасырдың басында меңзеп кеткенін білмей жүргеніміз өкінішті-ақ.
Бір еңбегінде Әлихан Бөкейхан: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады… Дүниеде өңге жұрттар қатарында қор болмайын, «тұқымым құрып қалмасын» деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып білуге тиіс болады», – деп жазды. Міне, осыдан-ақ Әлекең бастаған қазақ зиялылары ұлттық сананы құлдық психологиядан азат етуге ұмтылғанын аңғарамыз.
Шынтуайтына келгенде, болмыстың санаға өктемдік ететін құлдық ғұрпынан керісінше сана болмысты нақтылайтын еркіндік санасына өтпейінше, ұлттық идея қалыптаспайтынын білді Әлекең және оның мүдделестері. Осы пиғылдары үшін «жау» атанды. Олардың ұрыс тактикасынан бас тартып, ұлттық идеяға ұйысуы шынымен-ақ отаршыл жүйе үшін жаулық пиғыл еді. Бәрібір «Алаш» автономиясының серкелері болашақ өмір туралы армандарын аялап, кейінгі ұрпақ жатырқамай қабылдайтындай ұлттық идея қалыптастырып, тұғырлы тұжырымдама жасап кетті. Көш басында Әлекең тұрған көсемдер тобы қалыптастырған ұлттық идея бүгінгі Әділетті Қазақстанның бағытын байыптап, бақытын еселейтін тұғырнамаға айналды.
Әлихан Бөкейхан: «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана», – дейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бірлігі мықты елдің рухы биік болады», – дейді. Бекем бірлігіміздің берекелі іске кепіл болғанына осы көктемдегі су тасқыны кезінде көз жеткіздік. Бір Қарағанды облысының өзінен су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге мыңдаған тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Мұның өзі ежелден қанымызға сіңген бауырмалдық пен моральдық құндылықтың өзегінен нәр алған өнегеміз болса керек. Осылайша дәстүрлі ұлттық құндылықтарымыз дәріптелген қоғамда ұлы идеялар сабақтастығы салтанат құрып, Алаштың арманынан жаралып, аманатын арқалаған Әділетті Қазақстан әлем мойындаған әлеуетті елге айналары сөзсіз!
Ерсін МҰСАБЕК,
Ortalyq.kz