Ресми
Алаш идеясы һәм Ата заң
Бүгінгі Тәуелсіздік бақыты Алланың аспаннан түскен тосын сыйы емес. Ол – ғасырдан – ғасырға, бабадан – ұрпаққа аманат болып жеткен арман мен сабақтастықтың ақиқатқа айналған жасампаз формасы.
Жаңа жобаның ұлттық құндылықтарға негізделген преамбуласында «Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деген мақсатшыл тұжырым бар. Оның астарында «байырғы қазақ жерінде» мемлекеттік құрылым ежелден қалыптасқандығын дәлелдейтін және «оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға жол бермейтін» өр рухқа өлшем болар өнеге жатыр.

Біздің айтпағымыз – Алаш идеясы мен бүгінгі Конституциялық реформа арасындағы тарихи үндестік.
Референдумға шығарылған жаңа жобаның 3-бабында қамтылған конституциялық талаптар «Алаш» партиясының бағдарламасында да айшықты көрініс тапқан. Бұл баптағы Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, қағидаттары алашордалықтар бағдарламасының «Жергілікті бостандық», «Негізгі құқық» деп аталған ІІ-ІІІ бөлімдерінде толық қамтылған. Сондай-ақ, біз талқылап жатқан жаңа жобаның 7-бабындағы «Дін – мемлекеттен бөлек» деген тұжырым «Алаш» партиясы бағдарламасының IV бөліміндегі «Дін ісі мемлекет ісінен айырулы» деген талаппен үндеседі. Алаш көсемдерінің жасаған бағдарламасында қамтылған барлық құндылықтар тәуелсіз Қазақстан ұстанған бағыттың бастауындай болуы – кездейсоқ сәйкестік емес, тарихи сабақтастық.
Мұның барлығы – жай ғана қайталау емес, азаттыққа ұмтылған арманды аялаған сабақтастық. Яғни, біздің қоғам әлеуметтік желідегі «диван батырлар» байбалам салатындай құндылықтардан бас тартып отырған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі 2021 жылы жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тарихи мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса береді» деген болатын. Ел Президентінің аманатқа адалдық танытып, Алаш көсемдері бастаған асыл мұратқа ой жұмылдырып, Қазақстанды әділетке жақтас, қиянатқа жау ел ретінде ізгі жолға бастауы азаттықты баянды ету, Тәуелсіздікті сақтау мақсатындағы тарихи сабақтастықтың көшелі көрінісі екені даусыз.
Адамзат баласының ғана емес, адам баласына игілік нәсіп еткен жұмыр жердің жүрегі «Бейбітшілік. Азаттық» деп бүлкілдеп тұрғандай көрінеді. Өйткені, өртке шарпылып, дертке шалдыққан елдер аз емес жер бетінде. Олардың арасында қырғи-қабақ соғыстың салдарынан тәуелсіздігінен айырылып қалып жатқандары бар. Алты құрлықты абдыратып тұрған геосаяси ахуал шиеленіскен бүгінгі дәуірдің сын-қатерге толы соқпағы соқтықпалы күй кешіп тұр. Соның барлығынан сабақ алған біздің мемлекеттің саяси жүйесі дағдарыстан айналып өтіп, өзгерістерге шапшаң бейімделуде. Бүгінгі конституциялық реформа да – осы мұраттан туындаған тарихи қажеттілік.
Азаттық рухы ортақ арнаға тоғыстырған мүдделер сабақтастығы мен идея үндестігіне терең үңіле берсеңіз, тарихтың тереңінен тамыр тартып, күні бүгінге дейін өміршеңдігі көмескіленбеген ұлттық бағдарламалар аз болмағанына көз жеткізе бересіз. Мәселен, біз сөз етіп отырған Алаш көсемдері әзірлеген бағдарлама ұлтымызды ұлы мұратқа ұмтылдырған алғашқы құжат емес. 1911 жылы тікелей Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың тапсырмасымен заңгер Барлыбек Сыртанов жазып шыққан «Қазақ елінің уставы» деген конституциялық құжат болған. Өкініштісі сол, бұл құжат қабылданып та үлгермеген. Тағдырлы құжат.
1911 жылы 13 маусымда жазылып біткен еңбекті патшалық империяның отарлау саясатына жән-тәнімен қарсы шыққан қазақ зиялылары енді жарияламақ тұста патша жандаралдары сезіктеніп, Барлыбек Сыртановтың соңына түседі. Оны Петербордан қуғанға ұшыратып, еліне қайтарады. Өзіне зор қауіптің төнгенін сезген кәсіби заңгер Әлихан Бөкейханмен кеңесе отырып, қазақтың тұңғыш Конституциясы саналған құнды құжатты жасырып тастайды. Бұл құжат туралы еш жерде айтылмайды, ешқандай баспада жарияланбайды. Тек еліміз тәуелсіздігін жариялаған жылдары ғана қайраткер Сыртанов мұрасын зерттеуші, профессор Сәкен Өзбекұлының ұсынуымен жарық көрген. Бағалы мұраны Барлыбек Сыртановтың үлкен қызы Қанипа басын қатерге тіге жүріп, жерге көміп сақтаған екен. Отызыншы жылдардың ойранында күрескерлік ұстанымы әшкере болған «Алаш» партиясы көсемдерінің ісін жүргізген жендеттер әуелі осы Барлыбек жазған Уставты іздейді. Устав авторы өмірден озып кетсе де, НКВД жендеттері үшін бұл құжаттан келер қауіп зор болғанға ұқсайды. Ал, шын мәнінде әлгінде ғана әңгімемізге өзек болған «Алаш» партиясы бағдарламасының негізгі идеясы мен тұғырнамасы осы Уставтан алынған болатын. Сол үшін де НКВД-ға қажет болды.
Устав – 4 бөлім, 28 баптан тұратын толыққанды бағдарламалық құжат. «Кіріспе сөз» деп аталған преамбуласы бар нағыз Конституция. Біздің бүгінгі Ата Заңның жаңа жобасы «…келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз» деп басталса, Сыртановтың Уставы «Өз алдына ел болуды көздеумен дүниеде өзін-өзі билеген нәсілдер сияқты жеке ел болу мақсатында һәм елді бақытты, теңдік, бостандық өміріне жеткізу үшін осы Уставты енгізеді» деген айқын мақсат сипатында ой өрбітеді. Міне, мүдде сабақтастығының зоры – осы.
Тарқатып-талдай берсек, Сыртанов Уставы мен бүгінгі жоба төңірегінде сәйкестік өте көп. Тіпті, билік тармағына біз енгізгелі отырған «вице-президент» институты «Қазақ елі Уставының» 8-бабында «Қазақ елі Президентінің орынбасары – вице-президент. Ол Президент жоқ кезде орнын басады, ал, бар кезде оның айтқанын орындайды» деген заңды норма шеңберінде нақтыланған.
«Қазақ елі Уставының» ІІІ бөлімі «Қазақ жері турасында» деп аталады. Осы бөлімнің үш бабында келтірілген жерге қатысты құқықтық нормалар біз талқылап жатқан жаңа жобада айна-қатесіз көрініс тапқан. Сыртанов Уставының 18-бабында «Қазақ жері өзінің меншігінде болады» делінсе, 20-бабы «Жердің кені, орман, суы, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұқсатымен болады» деген талап қояды.
Шындығында біз елес қуып жүрген жоқпыз. Біздің қоғам шынайы идеяға негізделген тарихи сабақтастық желісінде көнені жаңартып, жақсыны жаңғырту мақсатына ұмтылуда. Идея көнерсе де, Тәуелсіздікті баянды ету мақсаты көнермейді! Ол Ата Заңымыздың 2-бабында: «Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді» деген құқықтық иммунитет негізінде айқындалған.
Ескі Конституция есіркеп, жаңа Ата Заң жарылқасын!
Ерсін МҰСАБЕК
“Ortalyq Qazaqstan”



