Алаш аспанында – әзірбайжан рухы
Алаш төрі Астанада адамзат ақыл-ойының жәрмеңкесі жүріп жатыр. Сәуірдің 25-нен бүгінге дейін мұнда ІІІ Еуразия халықаралық «Eurasian Book Fair-2018» кітап көрме-жәрмеңкесі өтуде. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырған көрмеде Қазақстан, Ресей, Польша, Ұлыбритания, Белоруссия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түркия, Қытай, Үндістан, Албания сияқты мемлекеттердің баспалары таңдаулы деген өнімдерін қойғанына куә болдық. Үш күнге созылған халықаралық кітап көрмесі аясындағы шаралар арасынан біз қазақ тіліне тұңғыш аударылған әзірбайжан ақындары антологиясының тұсаукесеріне қатыстық. Жарты әлемнің кітабы қойылған көрме Астананың 20 жылдығы мен Қазақстандағы Өзбекстан жылына арналды.
Елордадағы «Көрме» орталығы таңдаулы кітаптарға ғана емес, татулық пен ынтымаққа, бейбітшілік пен жарастыққа толғандай сол күні. Әуелі адамзат баласын табыстыратын ақыл-ой, сана-сезім болса, сол құндылықтардың шырқау шегі де, терең тұңғиығы да осы кітапта емес пе? Данышпан Абай «Артық ғылым – кітапта» десе, «Әлем кітапқа енуге ұмтылады» деген С.Малларме шындығын қайда қоясыз?
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтау сөзімен ашылған Халықаралық кітап көрмесіне қазақ руханиятының белгілі-белгілі деген өкілдері қатысып, Қазақстан мен шетелдік ірі баспалар кітаптарын қойды. Астанада өткен шараның бізге қандай қатысы бар деуіңіз мүмкін ғой? Қатысы болғанда қандай?! Қазақ тіліне тұңғыш аударылған Әзірбайжан ақындарының өлеңдері топтастырылған антологияның тұсауы кесілді дедім жоғарыда. Ондағы әзірбайжан шайырларының біразын аударған біздің қарағандылық ақындар болатын. Арасында әріптесіміз, газетіміздің аға тілшісі, ақын Рауан Қабидолдин, сондай-ақ, қарағандылық ақындар – Мирас Асан, Жанат Жаңқашұлы, Жадыра Байбұланова, Айзада Рахымжанова және осы жолдардың авторы бар. «Фолиант» баспасынан шыққан «Жаңа заман Әзірбайжан поэзиясы антологиясының» тұсаукесеріне Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет, талантты ақын Оңайгүл Тұржанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы мен танымал ақын Танакөз Толқынқызы қатысты. Антологияны құрастырып, тұсаукесеріне ұйытқы болған ақындар – Дәулеткерей Кәпұлы мен Танакөз Толқынқызының еңбегін атамай тағы болмайды.
Каспидің арғы бетінен әзірбайжандық талантты екі ақын келіпті тұсаукесерге. Оларды тәржімалаған біздің қазақ ақындары өлеңдерін өте жоғары бағалағанын білемін. Аудармадан оқып та тұшынғанбыз. Бірі – бүкіләлемдік жас Түркі жазушылары бірлестігінің төрағасы, ақын Екбер Гошалы болса, бірі – Әзірбайжан, Түркия, Ирак түркімендері Жазушылар одақтарының мүшесі, Заң орталығының директоры, ақын Ильгар Түркоғлы. Заты әзірбайжан болғанымен, Түркияда тұратын Ильгар Исаев «шаңырағын шайқалтпай, әулеті мен отбасын дұрыс тәрбиелеген азаматтарды түрік қандастарымыз «қазақ» атайды» дейді. Кәрі Каспиді тел емген туысқан елдің көңілі алабөтен Алашқа. Былтыр қазақ ақындарының өлеңдері алғаш әзірбайжан тіліне аударылып, кітап болып басылып, соның тұсаукесеріне Бакуге барған сапарымызда да байқағанбыз. Төредей күтіп, шығарып салғанда Екбер ақынның егіліп жылағаны әлі есімде. Мына антологиялар бауырлас елді тіптен жақындастыра түссе керек. Әуелі Алаш рухы әзірбайжан жұртына, енді әзірбайжан рухы Алаш жұртына келді. Қазақстаннан шыққан әзірбайжан ақындарының антологиясына олардың 40-тан астам ақыны тәржімаланып, әрқайсының 3-4 өлеңдерінен еніп отыр.
Тұсаукесерді ақын Мирас Асан жүргізіп, алғашқы сөзді Ұлықбек аға Есдәулет ұштады. Ұлықбек аға қазіргі әзірбайжан поэзиясын жоғары бағалады. Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Өкілетті Елшісі мен ақын Екбер Гошалы сөз сөйледі. Ақындар әзірбайжан жырларын қазақша аудармасынан оқыды. Қазақ, әзербайжан тілдерінде әндер шырқалды. Ертесіне Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде Әзірбайжанның бұрынғы президенті Гейдар Әлиев атындағы аудиторияда өткен кездесуде Екбер Гошалыға «Күлтегін» медалі табысталды.
Жәнібек ӘЛИМАН