Алаш арманына адалмыз ба?
Қарағанды жоғары медициналық интерколледжінде «Алаш арыстарының аманаты» атты арнайы іс-шара өтті. Шараның мақсаты – кешегі Алаш зиялылары идеясының қазіргі қоғамдағы маңызына үңілу. Сондай-ақ, қатысушылардың ұлтына деген сүйіспеншілігін ояту болып табылады
– Алаш жаңа елдігіміздің, байырғы аймағымыздың рәмізі еді. ХХ ғасырда қазақтың азаматтық тарихында ең ұлы идея қайсы десек, ол – Алаш идеясы деп бір ауыздан айтуға негіз бар. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің темірқазығы да осы. Алаш идеясы үшін күрескен кезең – 1907 жылдан 1930 жылға дейінгі 30 жылдай уақытты ғана қамтыған. Аз болса да ғасырға тең уақыт. Алаштың серкелері – Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Ғаббасұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы. Алаш зиялыларының алдыңғы толқыны болып есептелетін осынау тұлғалардың әрбірі мемлекет басқаруға қабілетті еді. Қазақ тарихында Алаш арыстарының орны ерекше. Олар Қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін төңкерістік әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі дамытуды, білім алып, көппен терезе теңестіруін көздеді. Бұл бабалардың аңсаған арманы. Ал, біз сол арманға адалмыз ба? Арманға адалдық олар кешкен қиындықты кешпесек те нендей жолмен келгенін ұғынсақ та бізге жетер еді-ау, – деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов.
Осынау жанкештіліктің артында тек қана ұлт азаттығы тұрды. Ел егемендігі ол кезеңде арман еді.
– Алаш арыстары сонау Кеңес дәуірінің қаһарлы айбатынан тайсалмастан өз идеяларынан бас тартпады. Ұлттың азаттығы жолында жандарын пида етіп, бар ғұмырын ел бостандығына арнады. Кешегі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов секілді ұлы бас көтерерлер қазақ қоғамын алға жетелеген көсемдер. Егер сол кезеңде біз бодандықтан бас көтермес болсақ тап қазір бейқам хәл кешер ме едік?! Алаш зиялыларының сол бір жанкештілігінің арқасында бейбіт заман туды басымызға. Ендеше бізге үміт артқан бабалар жолында біз де аянбауымыз керек. Ал, ол құдіретті күштің иесі жастар өздерің, – деді тарихшы Ерғазы Қадашұлы.
Шараға жиналған ұстаздар мен оқушылар Алаш зиялыларының өзге де еңбектерімен танысты
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.
Оrtalyq.kz