Басты тақырып

Алашқа алғыс айтар күн

               

Тәубе, Тәуелсіздігіміз тұғырымызға бекіп, еліміз Егемендікке қол жеткізгелі бері қай мемлекетпен болсын терезе теңестіріп, үзеңгі қағыстырып келеміз. Ал, ел назары ертеңге ауған тұста, өткенге ой жүгіртпей, көз жүгіртпей кету мүмкін бе? Көп ұлтты Қазақстан халқының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» (Қаздауысты Қазыбек), бір шаңырақ астына ұйысуы – мемлекет құраушы ұлттың мерейі үстем болуынан емес деп айтпай көріңіз. 2016 жылдан бері ел іргесін нығайта түскен Алғыс айту күні – соның жарқын үлгісі іспеттес. 

Саяси қуғын-сүргін жылдары атажұрттан алыстап, тағдыр тәлкегіне ұшыраған ұлт пен ұлыс аз ба еді? Бұл тұрғысында, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді» дейді. Рас-ау! Тау халқы тауынан, қыр халқы қырынан үдере көшіп, Алтай мен Атыраудың арасында көсіліп жатқан Ұлы Далаға табан тіреді. Солардың арасында Кеңес үкіметінің керзі етігіне тапталып, солақай саясаттың сойылы жон арқасынан таспа тілген «халық жаулары» қаншама?! Ұстанымы бар ұлт екенсің ғой деп түр мен түсін ажыратып жатпастан Тұран топырағына әкеліп төге салды да, «өлместің күнін көр» деді. Бәлкім, өліп те кетер ме еді? Қонақжай қазақтың көл-көсір кеңдігі мен «өзінде болмаса да, өзгеде болсын» деген таным-түсінігі болмағанда. Айраным – аз, құртым – кем деп жиырыла білмейтін жұртымыз келімсек деп келемеждемей, барын бағамдап, жоғын түгендеп, қолдағысымен бөлісті. Әйтпегенде, «АЛЖИР-де» азап шеккен әйелдерге малта-малта құрт лақтырып,  ажалға араша болған Алаш жұрты жайында Гертруда Платайс айтып несі бар? Ашыққанды – асқа тойдырып, баспанасы жоғын – бауырына басты. Оған – өткен ғасырдың опасыздығын көрген аталарымыз бен әжелеріміз куә! Оған – қазақ даласының тауы мен тасы куә!

Куә демекші, өткенді еске ала отырып, Елбасы «Саманнан жасалған екі бөлмелі там үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар отбасын қабылдап алды. Олардың бөлменің бір бұрышында үрпиісіп тұрғандарын әрқашан көз алдыма елестете беремін, киімдері жыртық-жыртық, қарындары – аш, өздері әбден тозып кеткен болатын. Олар біздің отбасында өмір сүрді, бейімделген соң жұмыс істей бастады, сөйтіп өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым» деген болатын. Сол балалардың өзі бүгінгі таңда ер жетіп, үйлі-баранды болып, Қазақстан дейтін қарашаңыраққа уық болып қадалды емес пе? Бірліктің бекем үлгісі бар болса, ол – ұлтаралық ынтымақтастық, ауызбіршілік, достық  болар, бәлкім.

Дәуірінің тауығына шашылған тарыдай болып, күштеп бытырата көшірілген ұлт пен ұлтыстың ендігі алтын бесігі – Алаш топырағы. Қайдан, қалай келгендерін өздері де біледі. Бәлкім, кімге, қалай алғыс айту керектігін де білетін болар…

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button