Қаланың күре тамыры
Жаз келсе болды, Қарағандыда дүрбелең басталады. Көшелер жөндеуге жабылады. Содан соң шаһардың қан тамырларындай жолдарда ұзын-сонар кептелістер басталады. Айналма жолдардан да қайыр болмайды мұндайда. Бұған себеп – жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуы. Көшені жауып тастап, шаруаны сағызша созып жүретін мердігерлер. Қала тұрғындары осы мәселеге талай шағымданған. Кептелісте жүргізуші мен жолаушыны былай қойғанда, ауырған адамға асыққан жедел жәрдем мен өрт сөндіретін көліктер асыққан жеріне дер кезінде жете алмайтын. Былтыр бұл проблема бірнеше рет көтерілген. Биыл жағдай басқаша болып тұр. Көшелер жөндеуге жабылып, қысқа уақыт ішінде пайдалануға беріліп жатыр. Осы жылы қарағандылықтарға жаңа асфальттың қызығын қара күзде емес, жазда көру бақыты бұйырып тұр.
Қарағанды қаласындағы көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 923 шақырымды құрайды екен. 731,9 шақырымына асфальт төселген. 253 шақырымды құрайтын 81 жол учаскесі кепілдік қызметте тұр.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Мұқашев биылғы жоспар өте ауқымды екенін атап өтті.
– 2025 жылғы жол құрылысы маусымына арналған жоспарларға келетін болсақ, осы жылы 112,9 шақырым автомобиль жолдары жөнделуде. Соның ішінде, 4,6 шақырымы қайта қалпына келтіріледі, 1,5 шақырымы күрделі жөндеуден өтеді, орташа жөндеу жұмыстары 86,8 шақырымға жасалады. 90 мың шаршы метрі ағымдағы жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, 20 шақырым жолдың шұңқырлары бітеледі, – деді Мақсат Мұқашев.
Биыл Приканальная көшесінен Бауыржан Момышұлы көшесіне дейінгі аумақты қоса алғанда, С.Мұқанов көшесінен Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылдың округіне апаратын тасжолға дейін Е.Бөкетов көшесіне жол салу жоспарланған. Бұл көшеде қазір жаппай тұрғын үйлер салынып жатыр. Тұрғындар саны көбейіп келеді. Жолдың ұзындығы – 2,2 шақырым. Жоба құны – 3 млрд теңге. Жоспар бойынша 2025 жылдың 4-тоқсанында жұмыс толықтай аяқталуы тиіс. Бүгінде сол аумақта жолдың негізі төселіп, инженерлік желілер орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Волочаевская көшесі мен Б.Момышұлы көшесі арасындағы кварталаралық көшелердің құрылысы жүріп жатыр. Ғарышкерлер көшесіндегі автомобиль жолы жаңартылуда. Жолдың жалпы ұзындығы – 3,96 шақырым. Маусым айының соңында асфальттың жоғарғы қабаты төселмек. Сонымен қатар, биыл Мұқанов пен Университет көшесі және Приканальная көшесі бойынша 3 жаңа жобаны іске асыру жоспарлануда.
Тәттімбет көшесінен Шығыс айналма жолына дейінгі учаскеде Мұқанов көшесінің бойында автомобиль жолын салу жоспарға енгізілген. Жалпы ұзындығы – 5,9 шақырым. Жоба құны – 9 млрд теңге.
С.Мұқанов көшесінен жалпы ұзындығы 800 метр болатын «Династия» тұрғын үй кешеніне дейін асфальтбетон төсеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі таңда автомобиль жолының трассасын бөлу және жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Университет көшесінен Гапеев көшесіне шығатын жаңа жол төселмек. Жаңа жолдың жалпы ұзындығы 2,4 шақырым болады. Жоба құны 4,1 млрд теңгені құрайды. Әзірге шарт жасалып жатыр.
Сарыарқа көшесінен Приканальная көшесіне баратын жол да төселмек. Жолдың жалпы ұзындығы – 1,7 шақырым. Құны – 4,2 млрд теңге. Бұл жобаның да шарттары жасалу сатысында.
Сонымен қатар, 2 учаскеде күрделі жөндеу жүріп жатыр. Тізімде Пичугин көшесінің автожолы бар. Пичугин көшесінен Терешкова көшесінің айналасына дейінгі автожол учаскесіндегі жұмыстар аяқталды. Жол ашық. Пригородная көшесіне қарай 7 магистраль учаскесінде негіз дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Четская көшесіндегі автожолдың да күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл жолдың ұзындығы – 4,5 шақырым. Бұған 3,2 млрд теңге бөлініпті. Асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстары аяқталған. Тротуарды орнату бойынша жұмыстар жалғасуда.
Қаланың барлық аудандарында автомобиль жолдарының 86,8 шақырымы орташа жөндеуден өтпек. Соның ішінде, Н.Гоголь, Тәттімбет, Попов көшесі, Методическая көшесі және тағы да басқа қозғалыс ағыны жоғары автожолдар қамтылады. Биылғы орташа жөндеу жұмыстарына жалпы қажеттілік 16 млрд теңгені құрайды екен. Бүгінгі таңда 8 млрд теңге бөлінген. Өтпелі шарттарды аяқтауға 4 млрд теңге толық пайдаланылған.
Қазіргі уақытта өтпелі орта жөндеу шарттары бойынша Ә.Ермеков, Д.Карбышев көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер бөлігін жөндеу және Н.Назарбаев даңғылының тротуар бөлігін ауыстыру, сонымен қатар, Михайловка ауданының жеке секторларын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қолға алынған жаңа жобалар аясында Н.Гоголь және Штурманская көшелері, Университет көшесі бойынша Сарыарқа көшесінен В.Язев және И.Крылов көшелеріне дейінгі жолдарда жұмыстар аяқталған.
С.Мұқанов, Университет, Методическая көшелері және Федоров саяжайларына апаратын автожолдарды орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда.
– Аталған учаскелерде суағарлар орнатылып жатқанын атап өткім келеді. Осы іс-шараларды іске асыру – жол төсемінде судың жиналуын болдырмауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде асфальтбетон жабынының қызмет ету мерзімін ұзартуға ықпал етеді.
Ағымдағы жөндеуге қатысты жұмыстар 5 сәуірден басталды. Биыл жалпы көлемі 90 мың шаршы метр жолдың шұңқыры бітеледі. Сонымен қатар, ЖБИ, Күнгей, Үлкен Михайлов, Федоров аудандарының жеке секторындағы автомобиль жолдарын профильдеу және шиыршық тас төсеу жұмыстары жоспарланған, – деді Мақсат Мұқашев.
Халықтың саны және әлеуеті артқан сайын шаһарда көліктер саны көбейе беретіні анық. Оның үстіне, бұл күнде жаңа көлік сатып алуға мүмкіндік мол. Түрлі банктер жұртқа жеңілдетілген несиелердің түр-түрін ұсынып жатыр. Көлігі көп шаһардың жолы оңалмаса, апаттар мен басқа да жайсыз жағдайлардың орын алары сөзсіз. Тіршілігі қайнаған, жыл сайын аумағы кеңіп келе жатқан Қарағандының жол мәселесін шешу – негізгі міндеттердің бірі.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»