Қаланы далаға айырбастаған
Ауылдың саф ауасын аңсап, тәуір қызметті қиып кете салу жасырары жоқ, екінің бірінің қолынан келмейді. «Ауылға алаңдаймыз», «Ауыл жабылып жатыр» деумен ғана шектелетінімізді және ешкім жоққа шығармайды. Осындайда Бұқар жырау ауданы Ақбел ауылына көшіп барған Саладин Юзбеговты үлгі қылуға болады.
Лезгин ұлтының өкілі Саладиннің Ақбелге қоныс аударғанына екі жылға жуықтапты. Ол осында көшіп келмес бұрын жерінің құнарлығын әбден сұрастырып, біліпті. Содан ауыл ішінен үй мен базды 5 миллион теңгеге сатып алыпты. Баздың құрылысы аяқталмаған көрінеді. Ішін әктеп, қоршаумен қолайлы етіп бөліп, жарық орнатыпты. Үйді де екіге бөліп, құрылыс жұмысын жүргізген. Бірінде өзі тұрады. Бірін жұмыскерлеріне әзірлеп қойыпты. Алайда, әзірге бір өзі еңбек етіп жатыр.
Саладин бұған дейін көліктерге GPS-трекер орнататын компанияда басшылық қызметте болған. Бірақ жаны ауылды аңсаған соң сол шешіміне тоқтаған. Бір-ақ күнде артынып-тартынып ауылға көшіп барған.
Ауылға аңсары ауатындай жөні бар. Балалық шағы Нұра ауданында өтіпті. Әке-шешесі қарапайым еңбек адамдары болған. Шаруаның бәрін көріп өскен Саладинге қорадағы жұмыс қорқыныш емес. Еңбекпен ерте шыңдалған оның ауылға көшудегі ой-мұраты тым басқа.
Қазірдің өзінде шаруашылығы жүйелі. Жас фермер қойдың еділбай мен гиссар тұқымын өсіріп отыр. Ауылға көшіп келген бетінде Қостанайдағы белгілі «Қазақ қой орталығы» шаруашылығынан 30 саулық әкеліпті. Ал, былтыр Түркістаннан 50 гиссар қойы мен асылтұқымды гиссар қошқарын сатып алыпты. Қазірдің өзінде олардың қозылары әжептәуір салмақ басады.
Бітімі бөлек болатын гиссар тұқымы қошқарының бағасы әлеуметтік желіні жарып-ақ, тұр. Мұндай қошқардың бойы 1 метрден асып, салмағы 190-200 келіге дейін басады. Етті әрі майлы, семіз құйрықты, дүние жүзіндегі барлық қой тұқымының ішінде ең ірісі. Әрі тез өсіп, салмақты да тез жинайды. Етінің де дәмі ерекше көрінеді. Осының бәрін әбден зерттеген фермер тағы да 100 қой алмақшы. Гиссар қойының отаны Тәжікстанға жол тартамын дейді. Асылтұқымды қошқар әкеліп, селекциялық жұмысты жаңғыртып, қой тұқымын асылдандырмақшы.
Шаруа гиссар мен еділбай қой тұқымынан былтырғы төлін алып үлгерді. Қазірдің өзінде олардың орташасы 40 келі салмақ береді. Асыл тұқымды гиссар қойы жылына екі рет төлдейді. Бұлардың қошқарының күтімі тіптен бөлек. Олар отарға тек күйектің уақытында ғана қосылады. Басқа уақытта қоршауда бөлек бағылады.
– Асылтұқымды екі қошқарым бар. Күтіміне аса жауапкершілікпен қараймын. Уақ малда кездесетін ішек құрт, бруцеллез, қотыр секілді түрлі аурулардың алдын аламыз. Ол үшін арнайы екпе салғызамыз. Үш-төрт ай сайын талдама алып отырамыз. Арықтың, жасанды көлдің суын ішпейді. Құдықтың тұщы суын береміз. Күнде қосымша арпа береміз, – дейді С.Юзбегов.
Енді көктемнен бастап, қошқарларын сата бастайды. Қазірден алғысы келетіндер көп. Саладиннің әлеуметтік желісі арқылы көріп, біліп қызығушылық танытқан жұрт тұқымын алуға асығып жүр.
Шаруашылығы «Сүтхана» деп аталатын ол мұнымен ғана шектелмейді. Қостанайдан сүтті «Симменталь» тұқымынан 10 сиыр сатып алу жоспарында. Оны сауып, сүт, майын сатып, табысқа кенелгісі келеді. Сол себепті қалаға жақын ауыл іздепті. Енді өзіне көмекші отбасының құжаттарын заңдастырып, жұмысқа алады.
Ауылдың жұрты кең. Елге үй қосылды деп құшағын ашып, көмек қолын созады. Солардың бірі – көршісі Қуаныш Маратұлы. Ол ауылдың ветдәрігері. Екеуі тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Қуаныш өзінің білгенімен бөліседі. Ауылдың бақташысы Ақжол Сағадиев те қолы алтын жігіт.
Жаңа көшіп келген Саладинге алғаш болып ерулік берген де – екеуі. Жаңа достарын ауыл өміріне сіңіріп жүр. Атқа мініп, аң қағады. Мал сойып, ет мүшелеуге дейін үйретіп қойыпты.
Саладиннің 300 гектар шабындық жері бар. Ауылдасы «Достар» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Молдабаев шөбін шауып беріп, қолғабыс жасаған. Ал, Алабас ауылындағы егінмен айналысатын фермер 3 тонна арпаны «шаруашылықты жаңа бастап жатырсың ғой» деп, арзан бағамен берген.
Саладин биыл Үкіметтің көмегіне жүгінеді. Жеңілдетілген несиенің игілігімен өзіне трактор, шөп шабатын техникасын аламын деп отыр. Қысқы азығын енді өзі қамдайды.
Ауылдың қызын алып, шаңырақ көтергісі келеді. Ол күннің де ауылы алыс еместігін және сездірді. Сол себепті, күні-түні қазақша үйреніп жүр.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы,
Ақбел ауылы
Суретті түсірген автор