Жаңалықтар

«Қарағандыда жастар баратын көрнекі орындар жоқ…»

Отандастарымыздың көңілі Алматыға ауып тұрады. «Алматы – жаны бар қала» дейді. Ақ басты Алатау мен сондағы Шымбұлақты, басқа да демалыс аймақтарын былай қойғанда, Көктөбесі бар. Алматы десе, көз алдыңда көлбеңдеп, өзіне шақырар көрнекі орындар жетерлік. Әр оқушы Астанадағы Бәйтерекке барып, бірінші Президенттің мөрленген алақанына алақанын қоюды армандайды. Бәйтеректен өзге де орындар жетерлік. Тарихи, сұр өңді болғанымен, Семейде асау Ертістің үстінен орнатылған көпірі бар. Семейге барсаңыз, көпір үстінде суретке түскіңіз келетіні анық. Әр қаланың өз бояуы, демі болады. Шаһар сонысымен шаһар. Ал, ғасырға жуық тарихы бар Қарағандыда ше?

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағандының даңқы көмірмен шыққан. Қарағанды десе, әуелі жер асты түнегінде еңбек етіп жатқан кеншілер және байтақ Отанды жылытып отырған көмір елестейді. «Өндірістік аймақ» деп айдар тағып қойғалы қай заман?! Мейманды реті келіп жатса, шахталарға апарады. Кеншілердің музейлері де бар. Сол музейде көмір өндірісінің ғана емес, тұтас шаһардың тарихы жатыр. Меймандарды белгілі бір басқарма, немесе, ұйымдар арнайы бағдарлама бойынша кен орындарына, сондағы музейлерге апармаса, жұмыс жүйеленбеген. Қонақтар шахталарды көруге асығады екен, неге осы артықшылықты пайдаланбасқа? Қарағанды – Қазақстан ғана емес, алып құрлықта ең ірі көмір өндіретін шахталары бар аймақ. Мәселен, Жапонияда наурыз айынан бастап, мамырға дейін сакура ағашы гүлдейді. Сакураның гүлдегенін көру үшін әлемнің түпкір-түпкірінен турист ағылады. Самурайлардың мәдениетімен танысқысы келетіндерде де есеп жоқ. Міне, қазба байлығы жоқ алақандай ғана аралдағы жапон халқы экономикасына осылайша қосымша кіріс кіргізіп отыр.

Долинка кентіндегі ҚарЛаг саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейіне де барамыз. ҚарЛаг – Арқаның ғана емес, тіпті, қазақтың ғана емес, адамзаттың қасіреті. Отандастарымыздан бөлек, шетелдерден де туристер, ата-бабасының ізін іздеген зерттеушілер ағылып жатады. Өкінішке қарай, бұл бағытқа да тиісті жағдай жасалмаған. Қарағанды қайда, Долинка қайда? Шырмауықтай шырмалған жолдар. Қарағандының жолдарын білмейтін турист іргеде жатқан Долинканы өз бетімен таба қоймас.

Қарап отырсақ, Қарағанды тек өндірісмен мақтана алады. Сосын, ҚарЛаг-қа барып қасіретімізді айтамыз. Бар дүниемізді жарытып көрсете де алмай отырмыз. Осы екеуіне келушілердің қатары қалың екені белгілі. Сол себепті де меймандарға жағдай жасаған абзал.

Қарағанды – ірі мегаполис­тердің қатарына енудің аз-ақ алдында тұр. Сонымен қатар, мұнда жоғары оқу орындары мен колледждер көп. Яғни, шаһарымыз бара-бара жастар қаласына айналуда. Ал, қалада жастар баратын көрнекі орындар жоқ. Олар қаланың Оңтүстік-Шығысындағы екі және орталықтағы саябаққа ғана бара алады. Көрнекі орындар жасалса, бұлар да қаланың ажарына ажар, деміне дем қосары анық.

Осы мәселеге қатысты облыс­тық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ноян Жүнісовке сауал жолдаған едік. Басшының орынбасары алдағы уақытта Қарағандыда көрнекі орын құрылысын бастау жоспарда жоқ екенін мәлімдеді. Урбанистика орталығының мамандары да бұған қатысты әкімдікке ешқандай да ұсыныс жасалмағанын айтты.

Қарағандының аумағы уақыт өткен сайын кеңейіп келеді. Тиісінше халық саны да артуда. Әсіресе, жастардың үлесі көп. Түрлі ойын-сауық орталықтары мен дәмханалар, клубтар жетерлік. Бірақ, бұл нысандарды қаланың мәдени келбеті деп айтуға мүлде келмейді. Кез келген шаһарда тұрғындарға эстетикалық рахат сыйлайтын көрнекті орын болуы тиіс деп есептейміз.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button